Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Автомобиль жолдарын дамыту мәселелері талқыланды

28.10.2021, 12:15 291

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-нің бас директоры Замир Сағыновпен кездесті. Басқосуда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту бойынша мәселелер қозғалды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК облыс бойынша филиалының директоры Ерболат Көштаев, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Сұлтан Мақашов және облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Әбсұлтанов қатысты.

Кездесуде аймақ басшысы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайының индикаторлық көрсеткіші жоспарлы 75 пайызға жеткізілгендігін тілге тиек етті.

Мемлекетіміз жолдар желісін салу, кеңейту және жөндеу жұмыстарына жыл сайын қажетті қаражат бөліп келеді. 2020 жылы облыстың жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жақсартуға республикалық бюджеттен 11,8 млрд теңге қаражат бөлінді. Ал, 2021 жылы төрт мемлекеттік бағдарламалар арқылы республикалық бюджеттен 10,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен соңғы екі жылда 15,7 млрд теңге қаражат бөлініп, ұзындығы 820 шақырым көше және жолдар желісі жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайының индикаторлық көрсеткіші жоспарлы 75 пайызға жеткізілді. Өткен жылы көрсеткіш 70 пайыз болатын, – деді облыс әкімі.

Басқосуда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Замир Сағынов биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту бойынша атқарылған жұмыстарды тізбеледі.

Жиын соңында облыс әкімі жол инфрақұрылымын жақсартуда жоспарланған жұмыстарды бірге атқарып, бұл саланың ерекше бақылауда екенін жеткізді. Сондай-ақ, жол құрылысы сапасына немқұрайлы қарайтын мердігер компанияларды заң жүзінде жауапкершілікке тартуды қатаң ескертті.

Айта кетейік, облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3397 шақырымды құрайды. Оның 1016 км – республикалық, 557 км – облыстық, 1824 км – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: