Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атандым Жөнелдіктің Ешниязы…

18.01.2025, 12:05 50

Сыр сүлейлерінің ішінде шоқтығы биік өнер тарланының бірі – Ешнияз Жөңілдікұлы. Қазақ елінде сал атағын алған екі адамның бірі. Сыр шайыры 1834 жылы Қызылдың қиясында қарт Қуаңның бойында дүниеге келген. Көнекөз қариялардың айтуынша, Жөңілдік ақсақал баласының өнерге ықыласын байқап, батасын берген.
Сөз зергері өлең-жырлары арқылы өңір жырауларының көшбасшысы атанады. Ол туралы өз шәкіртерінің бірі, шайыр Омар Шораяқұлы «Ұстаздарым» атты өлеңінде:
Ересім жүйрік Ешнияз,
Есіткен жан тоймайтын
Шекермен сөзі пара-пар, – деп ұстазына баға берсе, Тұрмағамбет ақын «Ел қамын жеген ерлер» атты өлеңінде:
…Өзі түгіл, орнына
Баруға ерлер батпаған,
«Сені ме» деп сырттан қастаған.
Ешнияз сал, Жұбанбай
Жүйрігі еді олардың,
Сылап-сипап наштаған, – деп шайыр өмірін елге дәріптеген.
Оның «Гөй-гөй», «Дүрдараз», «Әуия» мен «Жүрек сазы» және «Желдірмая», «Айтжан-ай» сынды шығармалары ел жүрегінен орын алған әндер болған. Өнер зерттеушісі А.Затаевичтің 1925 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақтың мың әні» атты жинағына Ешнияз салдың алты өлеңі жарияланды.
Ешнияз салды халық тек ақын-әнші және жырау ретінде қабылдаған жоқ. Оны сөз зергері айтыскер ақын ретінде де таныды. Әсіресе Ырысты қыздың 16 ақынға арнаған жұмбақ өлеңінің жауабын шешуге алғашқы болып қатысқан оның жұмбақ шешу өлеңі бүгінгі күнге дейін жетті. Сондай-ақ ақын әрі журналист Мұхамбетжан Серәлінің әкесі Серәлімен, Кенекес ақынмен бір-бірінің елінде болып жатқан оқиғалар мен халқының өмірін суреттеуде айтысқа түскен. Ақынның жырлары мен өлеңдері «Бес ғасыр жырлайды» және «Айтыс» атты жыр жинақтарында жарық көрді.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: