Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Артық салмақ ауру шақырады

06.01.2026, 10:40 66

Әлемдік ахуалға айналған артық салмақ әлі де жаһанды алаңдатарлық күрделі мәселе болып отыр. Олай деуімізге себеп, өмір салтымызда дайын, жартылай дайын, калориясы жоғары тағамдардың  жиі тұтынылуы,  одан бөлек, қала  өмірінің  қарқыны, қозғалыстың  азаюы  және  дайын тағамдарға  тәуелділік  адамдардың денсаулығына  байқалмай  әсер  етіп, бұл  проблеманы  жылдан-жылға  ушықтырып  келеді. Халықаралық  медициналық зерттеулер  артық  салмақтың жүрек-қантамыр  аурулары,  қант диабеті және басқа да созылмалы дерттердің пайда болу қаупін едәуір арттыратынын дәлелдейді. Сондықтан артық салмақты жеке мәселе емес, жаһандық мәселе ретінде қарайтын күн келді. Расын айту керек, артық салмақ деп аһ ұрғанымызбен, сол артық салмақтан арылуға деген әрекеттің аздығы қынжылтады. Бүгінгі  тақырыбымыз да осы мезгіл  мінберіндегі  мәселе  жөнінде  болмақ.

Артық салмақтың пайда болуына ең алды­мен қазіргі өмір салты себеп болып отыр. Күнделікті күйбің тірлік, уақыттың тапшылығы адамдарды тез дайындалатын, калориясы жоғары тағамдарға жиі жүгінуге мәжбүрлейді. Ал қозғалыстың азаюы, компьютер мен смартфон алдында ұзақ отыру энергия шығынын төмендетіп, артық салмақтың жиналуы­на жол ашады. Бұған қоса, стресс пен ұйқының жеткіліксіздігі де ағзадағы зат алмасу  процесіне  кері  әсер  етеді.

Мәселенің қауіптілігі мынада: артық салмақ бірден емес, біртіндеп жиналады. Көп жағдайда адам оның салдарын кеш түсінеді. Жүрек-қантамыр аурулары, қант диабеті, қан қысымының   жоғарылауы және буын ауру­лары – артық  салмақтың ең жиі кездесетін зардабы. Сонымен қатар, бұл жағдай адамның психологиялық күйіне де әсер етіп, өзіне деген сенімнің төмендеуіне әкеледі. Халық­аралық  деңгейде  бұл  мәселенің маңызды­лығы ресми түрде мойын­далған. Атап айтар болсақ, Дүниежүзі­лік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті созылмалы, қайталануға бейім ауру ретінде жіктейді. Ұйымның ұстанымына сәйкес, семіздік – өз  алдына  дербес медициналық  диагноз ғана емес, көптеген қауіпті аурулар­дың  дамуына негіз болатын басты факторлардың бірі. Осы себепті артық салмақты тек сыртқы келбетке қатысты мәселе ретінде қабылдау ғылыми тұрғыдан қате саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының семіздікті ауру ретінде тануы бұл мәселеге деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Енді артық салмақты тек ерік-жігердің  әлсізді­гі немесе дұрыс тамақтанбаудың  салдары  деп қарас­тыру жеткіліксіз. Ол – ұзақмерзімді бақы­лауды,  медицина­лық  және  әлеуметтік қолдауды қажет ететін күрделі  дерт. Мұндай көзқарас қоғамда артық салмағы бар адамдарға деген түсіністік пен  жауапкершілікті  арт­тыруға  жол  ашатыны  сөзсіз.

Сонымен қатар, артық салмақтың таралуы елдердің экономикалық дамуына да әсер етеді. Созылмалы аурулардың көбеюі ден­саулық сақтау шығындарын арттырып, еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеледі. Көптеген мемлекет бұл проблеманы ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық денсаулық сақтау деңгейінде қарасты­ра бастады. Салауатты тамақтану бағдарламалары, бұқаралық спортты дамыту және алдын алу шаралары – осының айқын дәлелі.

Осы ретте артық салмақтың салдары мен оның  алдын  алу  жұмыстары  жөнінде дие­толог маман Мөлдір Мұстафаевамен тіл­дескен едік. оның айтуынша, артық салмақ – бір уақытта емес, бірнеше уақытта жиналған май түзіндісі.

– Артық салмақ бір күнде қалыптаспайды, керісінше, ұзақ уақыт бойы жинақталған өмір салтының, тамақтану әдеттерінің және физиоло­гиялық өзгерістердің нәтижесі. Диетолог маман ретінде айтарым, семіздіктің негізгі себептерінің қатарында теңгерімсіз тамақ­тану, қозғалыс белсенділігінің төмендігі, гормоналдық өзгерістер, созылмалы стресс пен ұйқы режимінің бұзылуы ерекше болады. Көп жағдайда адам ағзасына қажетті энергия мен жұмса­латын энергия арасындағы тепе-теңдік бұзылып, артық калория май түрінде жинала бастайды. Сондай-ақ, артық салмақтың салдары тек сыртқы келбетпен шектелмейді. Ол ең алдымен ағзаның ішкі жүйелеріне ауыр салмақ түсіреді. Жүрек-қантамыр жүйесіне түсетін жүктеме артып, қан қысымы жоғарылайды, холестерин деңгейі көтеріледі. Сонымен қатар, артық салмақ 2-типті қант диабетінің, бауыр­дың майлануының, тірек-қимыл жүйесі ауруларының және гормоналдық бұзылыстардың даму қаупін едәуір арттырады. Бұл аурулардың көпшілігі уақыт өте келе созылмалы сипат алып, адамның өмір сапасын төмендетеді, — дейді  диетолог.

Енді артық салмақтан арылу жолдарына көшейік. Қазіргі уақытта түрлі диета, спорттық жаттығу осы артық салмақтан арылтудың алғышартында тұр. Олай деуімізге себеп, қысқамерзімді ашығу курсының көптігі және осы курсқа қатысып, келбетімді келісті етемін дегендердің қарасының көптігі. Мұндай курс­тардың да пайдасы жоқ емес, әрине бар. Десе де, арнайы сертификатталған, медицицналық білімі бар маманың ғана көмегіне жүгінген жөн. Себебін келесідей маман кеңесінен көре аласыздар.

– Артық  салмақтан   арылу   барысында  ең  бастысы – қысқамерзімді диеталарға емес, жүйелі әрі ғылыми негізделген тәсілге жүгіну. Бұл үдеріс тамақтану тәртібін түзетуден басталады: калория мөлшерін жеке қажеттілікке сай реттеу, ақуыз, пайдалы майлар мен күрделі көмірсулардың тепе-теңдігін сақтау маңызды. Сонымен қатар, физикалық белсенділік күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы тиіс. Жаяу жүру, жеңіл спорт түрлері мен бұлшық етті күшейтетін жаттығулар салмақты қауіпсіз түрде азайтуға көмектеседі. Мәселен, мен де арнайы бағдарлама тағайындаумен жұмыс істеймін. Яғни, әр пациенттің денсаулық жағдайын ескеріп, оларға сай дәрумендік тағамдарды ұсынамын, арнаулы тамақтану ережелерін тағайындаймын. Диетолог ретінде артық  салмақ  мәселесі  мен  одан  арылу  жол­дарын зерттегеніме 22 жылдан аса уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында жиған-терген білімімді бір арнаға тоғыстырып, қазір де міне, осы мәселенің маңайында біршама маңызды ақпаратты ашық айта аламын. Сондықтан да артық салмақтан арыламын, денсаулығым­ды дұрыстаймын деген адам алдымен осы біз секілді мамандардың тексерісінен өткені жөн деп ойлай­мын.

Диетологтың бақылауымен жүргізілген салмақ төмендету бағдарламасы ағзаның ерекшеліктерін, жасты, жынысты және қатар жүретін ауруларды ескере отырып құрастырылады. Бұл – нәтижені ұзақ уақыт сақтаудың және денсаулыққа зиян келтірмеудің басты шарты. Сонымен бірге, психологиялық қолдау да маңызды, себебі тамақтану әдеттері көбіне эмоциялық  күймен  тікелей  байланысты.

Жеке деңгейде әр адам өз денсаулығына жауап­ты екенін түсінуі тиіс. Дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, қозғалысты күнделікті әдетке айналдыру және денсаулыққа бейжай қарамау – артық салмақтың алдын алудағы ең тиімді қадамдар. Ал қоғам мен мемлекет тарапынан бұл бағыттағы бастамалар тұрақты түрде қолдау табуы қажет, — дейді диетолог  Мөлдір  Мұстафаева.

Расын айту керек, қазіргі қоғамда артық салмақ – тек сыртқы көріністі ғана емес, жоғарыда атап өткеніміздей, жүрек-қан тамыр­лары, қант диабеті, бауыр және буын аурулары сияқты ауыр патологиялардың дамуы­на әкелетін  маңызды мәселе. Сондықтан оны бақылауда ұстау қажеттілігі күннен-­күнге  артып келеді. Осыған байланысты,  кейбір  адамдар салмақты азайту үшін арнайы  дәрі-дәрмектерге жүгінеді. Алайда, бұл  әдістің  тиімділігін, тиісінше, қауіп­тілігін де  білу  аса  маңызды.

Анығырақ айтар болсақ, артық салмаққа қарсы дәрілік препараттар әртүрлі механизм бойынша  әрекет етеді. Бір топ препарат, тағамнан сіңетін майлардың бір бөлігін организм­ге сіңірмеуге бағытталса, басқа топ дәрілер тәбетті басып, тою сезімін күшейтеді, ал үшінші топ метаболизмді ынталандырып, калория жағуды жеделдетуге тырысады. Бір қарағанда бұл әдіс жылдам нәтиже беретіндей көрінеді.

Алайда, дәрі-дәрмекке сенім артқан кезде бірнеше қауіп туындайды. Атап айтқанда, ас қорыту жүйесіне әсер ететін препараттар іштің кебуі, диарея немесе құсу сияқты жанама әсерлер тудыруы мүмкін. Ал, тәбетті басатын дәрілер жүйке  жүйесіне әсер етіп, ұйқының бұзылуына немесе көңіл күйдің өзгеруіне әкелуі ықтимал. Сонымен қатар, ұзақ қолдану кезінде организм дәріге үйреніп, салмақты өздігінен реттеу мүмкіндігі төмендеуі мүмкін. Осы ретте ағылшын тілінен енген термин сөзге анықтама беріп өтейік, «yo-yo effect» – салмақты қысқа мерзімде тез азайту, көбіне диета немесе дәрі-дәрмек арқылы, сосын қайтадан сол немесе одан да көп салмақ қосуы. Дәрі-дәрмектің әсері тоқтатылған соң «йо-йо» эффектісі пайда болып, салмақ қайта қалпына келеді.  Жүрек,  бауыр,  бүйрек сияқты ағзаларға қосымша стресс түсіруі де – ықтимал  қауіптің  бірі.

Мамандар артық салмақтан арылудың ең қауіпсіз және ұзақмерзімді жолы ретінде өмір салтын өзгерту мен теңгерімді тамақтануды ұсынады. «Күнделікті қозғалыс белсенділігін арттыру, спортпен айналысу, көмірсулар мен майларды шектеу, ақуыз және талшықты тағамдарды жеткілікті тұтыну – басты қадам­дар. Сондай-ақ ұйқы режимін сақтау және стресс деңгейін басқару да салмаққа әсер етеді» дейді интегративті дәрігер, нутрициолог Айфара  Көпболсынқызы.

– Артық салмаққа қарсы дәрі-дәрмекті пайдала­ну  әдісін  мүлдем  құптамаймын.  Бұл әдіс­тің өзіндік пайдасы болғанымен, зияны екі есе.  Ағзаны  жеңіл  үрдіске үйретемін  деп, керісінше бірнеше  қауіпке душар етіп алады. Әрине, арнау­лы ағзаға жетіспеушілігі бар, биологиялық активті  дәрумендерді  өз  ретімен  қолдана білсе, бұл да арықтау барысын жылдамдататын жол. Неге десеңіз, адам ағзасына қандай да бір витамин жетіспесе, оны БАД арқылы толық­тыруға болады. Бұл процесс дәстүрлі тамақ­тану тәсілінен екі есе жылдам, әрі тиімдірек. Яғни, арықтаймын деген әрбір адамға дәрігер-­нутрициолог ретінде берер кеңесім, алдымен денсаулығыңыздың жай-жапсарын біліп алыңыз, яғни, ағзаға қатысты қан талдауларын тап­сырып, ағзаның ең қажетті деген дәрумендерін толықтыруға кірісіңіз. Нәтижесінде, сізді мазала­ған қандай да бір сырқаттың симптомдары, одан бөлек, осы артық салмақ мәселесі ретке келе­ді. Жоғарыда айтып кеткенімдей, аздыратын дәрілік препараттар мен БАД өнімдерін ажырата білу маңызды. Арнайы аздыратын эффектісі бар дәрілер – химиялық концентрациясы басым, бағытталған жұмыс­ты жеделдететін құрал. Ал, БАД өнімдері – ағзаның негізгі қызметін қолдайтын қосымша құрал. Майлардың метаболизмін жақсартатын, талшыққа бай, витаминдер мен минералдарға толы өнімдер ағзаның қорғанысын күшейтіп, салмақты тұрақты басқаруға көмектеседі. Олар тәуелділік тудырмайды және денсаулыққа қосым­ша  қолдау  көрсетеді. Дегенмен, БАД өнімдерін де дұрыс таңдау және күнделікті рацио­нға үйлесімді  енгізу  маңызды.

Артық салмақпен күресте ең тиімді және қауіп­сіз  жол – өмір  салтын  өзгерту,  теңгерімді  тамақтану және физикалық белсенді­лікті арттыру. Дәрі-дәрмектер тек қосымша әдіс ретінде, ал БАД өнімдері рационды қолдайтын құрал ретінде қолданылуы тиіс. Сол кезде ғана ағзаға зиян келтірмей, салмақты тұрақты түрде  басқаруға   болады, — дейді  дәрігер.

Бүгін де осы мәселенің маңыздылығын әлеуметтік желіден де жиі байқаймыз. Оған дәлел, бірнеше жыл бұрын басталған Айтым Жакуповтың «JanaMen» жобасы. Толығырақ тоқталып өтсек, Айтым есімді азамат – спорт саласының маманы, жаттықтырушы. Осыдан бірнеше жыл бұрын арнаулы бағдарлама жасап шығарады, яғни, бұл жобаға семіздіктің 2-ші, 3-ші стадиясындағы сырқаттар ғана қатыса алады.  Нәтижесі  көзіміз көріп жүргендей, 250-300 келі салмақтағы қатысушылар Айтым­ның  қатаң  бақылауымен 5-8 ай көлемінде өте жоғары нәтиже көрсетіп жатыр. Бұл ретте, жоба жетекшісінің мақсаты – тек арықтатып ғана қоймай, саламатты өмір салтын ұстануға үйрету. Ол осы турасында өзінің әлеуметтік желідегі  парақшасында:

– Семіздік – тек тамақтану  мәселесі  емес, оның түп-төркіні көбіне терең психологиялық себептерде жатады. Мәселен, балалық шақтағы психологиялық  жарақаттар,  буллинг, өзіне деген сенімсіздік және отбасындағы қақты­ғыстар. Сондықтан да, әр қатысушыға біз осы олқылықтардың орнын толтыруда көмектесеміз. Жобаға келген сәттен бастап, міндетті түрде арнайы медициналық тексеріс­тен өткіземіз, денсаулығындағы жарақаттар мен ақауларды ретке келтіреміз, бұл ретте операцияға да жүгінуге тура келетін сәттер болады. Әр қатысуға қатаң  талап  міндетті. Сонымен қатар, күнделікті бақылаумен тамақ­тану және жүйелі жаттығу жұмыстары, — дейді  Айтым  Жакупов.

Бұл   жобаның  жетістігін  де атап өткен жөн. Бір емес, бірнеше қатысушының мақсатына жетіп, қуанышты сәтін халықпен бөлісуі де – үлкен  еңбектің  көрінісі. Ер-азамат­тардың  арықтаудағы  жобалар  легі  осындай.

Ал енді әлемдік мәселеге айналған артық салмақ әйелдерді де айналып өтпейтіні анық. Бұл  ретте  әлемдік  көзқараспен қарау мәдение­ті шетте қалатыны да бар. Неге десеңіз, «әйел заты мінсіз болуы керек» деген қағиданың кей тұсының тым шектен тыс кетуі. Бұл жөнінде гендерлік экономика зерттеушісі, заңгер, фембике Айгерім Құсайынқызының мына  пікірі  ойландырарлық.

– Қоғамда әйелдерге қарсы жүргізілетін кемсітуш­іліктің  бір  түрі «Fat shaming» деп аталады. Яғни, fat – толықтық, shaming – ұялту. Сұлулықтың стандарттары біздің өзімізді сүюімізге кедергі болмауы керек. Қазір қоғамда салмаққа қатысты стандартты көзқарас қалыптас­қан, яғни ол – дене бітімінің арнаулы жүйедегі «s,m,l» деген өлшемдеріне сай болуы. Бұл өз кезегінде, боди позитивті көзқарасты анық айқындайды. Осы сұлулық стандартының кесірінен қаншама нәзікжанды өзінің денсаулығын  құрбан  етеді, біршама  тәуекелге  барады, — дейді  заңгер.

Расымен де, артық салмақ мәселесін біржақты көзқараспен қараған қате. Денсаулықтың да қадірін дұрыс біліп, саламатты өмір салтына мән беріп, жауапкершілікпен қарау аса маңызды. Бейжайлықтың арты үлкен дертке, одан қалды өкінішке айналмас үшін жан саулығы – ұлт саулығын алдыңғы орынға қоя білген абзал.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: