Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралда биыл балықшылар слеті өтеді

04.08.2022, 14:45 507

Арал ауданының жыл басынан бері атқарылған жұмыстары мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденциялар қалыптасып келеді. Айта кететін болсақ, биыл 17,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарға алынып, өнеркәсіп орындарының жалпы өсімі 31,8 пайызға жетсе, алты ай мерзімінің ішінде аудан бойынша барлығы 361,8 мың тонна тұз, 2121 тонна балық, 156 тонна ет, 640 тонна нан және ұннан жасалатын өнімдер өндірілген. Арал ауданында шағын және орта бизнесті дамыту саласы да өркен жайып, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 17,4 пайыз артып отыр. Ал жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субьектілері 4344-ті құрап, оның 91,1 пайызы жұмыс істеуде. Сондай-ақ, үш жылдан бері тойланбаған балықшылар слеті биыл күзде Арал ауданының орталық алаңында аталып өтіледі. Осы тұрғыда, өңірлік коммуникациялар қызметінде Арал ауданының әкімі жыл басынан бері атқарылған және алдағы міндеттер барысын баяндады.

Ауданымыз агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында қарқынды жұмыс істеп келеді. Агроөнеркәсіп саласын дамытудың «Жол картасы» бекітіліп, аталған жоба аясында 3 бағыт бойынша 30 жоба іске асырылып, одан 200-ге жуық аудан тұрғыны жаңа жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұл үш бағыттағы жоба – мал шаруашылығын жандандыру, егін шаруашылығын көбейту және балық өнімдерін ұлғайту. Сондай-ақ, мал шаруашылығынан алынатын өнім саны жыл санап артып келеді. Ал егін шаруашылығын 3000 гектарға дейін жеткізу жоспарда бар. Сонымен қатар, биыл балық өнімдері былтырғы жылдан көп ауланып, 1600 тонна балық өнімдерін өңделуде. Өткен жылы болған қуаңшылық ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласына келтірген зияны орасан зор болды. Биылғы жылы осы шаралардың алдын алу мақсатында су шаруашылығына тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, егін шаруашылығын тиімды тәсілмен суаруды ұйғарып, қазір тамшылату және жаңбырлату әдісімен егінімізді баптап отырмыз, – деді аудан әкімі Серік Сермағамбетов.

Брифингте Арал ауданының басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына күнделікті мониторинг жүргізілетінін айта кетті.

Қазіргі таңда, ауданда 1 әлеуметтік дүкен мен 6 әлеуметтік бұрыш халық игілігі үшін жұмыс істеп, қант бағасы 550 теңгеден және 80-90 теңгеден нан өнімдері сатылуда. Бұдан бөлек, ауданымызда жыл басынан бері 3 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілген.

– Алдағы уақытта бюджет қаражатына деген тәуелділікті төмендету мақсатында тартылатын инвестицияның 75%-нан астамы жеке сектор қаражатын құрайтын болады. Ал индустриялық-инновациялық даму мемлекетік бағдарламасының ІІІ бесжылдығы аясында 7 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар іске қосылса, 1500-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Атап айтсақ, «Балық қалдықтарын қайта өңдеу цехын салу», «Қамыс шатыр», «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау зауытын салу» , «Титан өндіру бойынша кен байыту комбинаты», «Балық және құс өсіру» жобалары мен «Тауарлы балықты өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту» жобасы. Аталған жоболардың жұмыстары бойынша тиісті шаралар жүргізілуде. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауданда 200-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтитын 60 жоба қамтылған, – деді Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов.

Сондай-ақ, Арал қаласынан – 677, кент және ауылдық жерлерде – 88 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл орындардың барлығына жұмыссыз тұрғындар орналасып, қамтылмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: