Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал: Теңізді өлкеде тындырымды тірлік байқалады

25.02.2025, 11:45 193

Арал – Қызылорда облысының солтүстігіндегі ең шеткі аудан. Арал десек, есімізге ең алғаш теңіз оралады. Аңқасы кеуіп, адам аярлықтай күйге түскен аумаққа қатысты соңғы жылдары жақсы жаңалықтарды жиі естіп жүрміз. Ресми мәліметтер солай дейді. Иә, Кіші Аралға айтарлықтай су түскен. Теңіз ұлтанына сексеуіл егу жұмыстары да жүйелі жүріп жатыр. Су мәселесі өте күрделі. Бұл бағытта мемлекетаралық келіссөздердің маңызы зор екені де түсінікті жайт. Ең бастысы, теңізді өлкенің жайы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз бақылауында тұр.

Өткен аптада Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевтың қатысуымен брифинг өтті. БАҚ өкілдеріне аудандағы атқарылған жұмыстары мен алдағы жұмыс жоспарын бөліскен ол бірқатар сұраққа да жауап қатты.

– Тоқтаусыз жүріп жатқан жүйрік уақыт тағы бір жылды тарихқа айналдырды. Өткен жыл жалпы Арал ауданы үшін, халқымыз үшін жаман болған жоқ деп есептеймін.

Президент мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу қажеттігіне үнемі бағыт беріп келеді. Осы бағыттағы беталысымызды ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға қарап-ақ бағамдауға негіз бар.

Жыл көлемінде ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім бар. Соңғы 3 жылда ауданға 80 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған болса, былтырғы көрсеткіш 36,7 миллиард теңгені құрады, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Негізі көп жайт тікелей экономикаға байланысты. Сондықтан, статистикалық мәліметтердің арасындағы осы қаржы, экономика бағытына бас мән берген дұрыс саналады. Яғни, екі жыл бұрын аудан бюджеті 10,1 миллиард теңге болған. Ал былтырғы бюджет көлемі 21,9 миллиард теңгеге жетіп отыр. Дәл осы мысалдың өзі аудандағы жұмыс барысын бір айқындап беретін сыңайлы.

«Бұл ауқымды қаражат аудандағы өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.

Жыл көлемінде ауданның кірісі 19,4 млрд теңгеге орындалып, 102,2 пайызға артты. Оның ішінде, өз түсімдеріміз 4,3 млрд теңге болып, 10,9 пайызға артық орындалса, аудан бюджетінің шығысы 21,9 млрд теңге болып, 99,9 пайызды құрады» деп сөзін жалғады аудан әкімі.

Брифинг барысында теңізді өлкеде атқарылып жатқан жұмыстар легі түгел дерлік айтылды. Десе де, оның бәрін бір мақалада қамту мүмкін емес. Осы орайда, ауданның экономикалық көрсеткіштерінен соң, Арал теңізінің жайы бірінші орынға шығады.

– Қазақстан 2024 жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етуде. Осыған орай, өткен жылы ауданға Еуроодаққа мүше 19 мемлекеттің елшісі арнайы іссапармен келіп, Кіші Арал теңізінің жағдайымен танысты. Қонақтар аймақтың климаттық және экологиялық ерекшеліктерін зерттеп, құмды алқаптарға төзімді өсімдіктер отырғызу және құм көшкінін тоқтату бойынша қажетті қолдау шараларын айқындады, – деді Аманжол Оңғарбаев сөз арасында.

Айтқандай, Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, экологиялық жағдайдың жақсаруына және туризмді дамытуға серпін беретін «Geopark Aral» жобасы да жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік сыйлайды. Президент пәрменінен соң теңіздің ғана емес, өлкенің де екінші тынысы ашылатын секілді. Өйткені, Аралдың өз кемеріне келуі тек жергілікті халықтың ғана емес, күллі ел-жұрттың арманы деуге болады.

– Жақында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ресми сапармен Аралға келіп, көп жылдан бері елдің талқысында жүрген Кіші Арал теңізін сақтап қалудың бірнеше кезеңі бойынша нақты байламға келу мәселесінде елдегі теңіз жанашырларымен бірге арнайы жиын өткізді. Арал теңізі мәселесіне шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назарын аудару, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған осындай маңызды жобалар жалғаса беретін болады, – деді аудан әкімі.

Брифинг барысында Аманжол Сақыпұлы ауданды газдандыру бағытындағы жұмыстардың қарқын алып жатқанын жеткізді. Ауданда соңғы үш жылда 228,3 шақырым газ құбыры тартылып, бүгінде тұрғындардың 71,2%-ы табиғи газға қол жеткізген.

– Арал қаласындағы №4, №5, №6 мөлтек аудандары және Сексеуіл кенті мен Шижаға елді мекенінің тұрғындары «көгілдір отынға» қосылды. Сыр беткейдегі тұрғындар үшін маңызды жаңалық – Қамыстыбас елді мекеніне газ жеткізетін автоматты газ тарату стансасының құрылысы басталды. Бұл жоба 18 елді мекеннің 15 мыңға жуық тұрғынын кезең-кезеңімен газбен қамтуға мүмкіндік береді, – деп сүйіншіледі спикер.

Былтыр Аралдағы өнеркәсіп орындары 33,9 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 3,8 пайызға жеткен. Оның 70 пайызы өңдеу саласына тиесілі болып, 23,4 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Бір ғана мысал, 2024 жылы 13,9 млрд теңгенің өнімі өңделіп, өсім 100,6 пайызды құраған. Мал басы артса, егін егу көлемі де өскен.

– Қазіргі таңда ауданда жылдық қуаттылығы 23900 тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты мен жылдық қуаттылығы 4000 тонна болатын 15 балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехы жұмыс істейді. Оның 2 зауыты 2024 жылы пайдалануға берілді. «ARAL SEA FOOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балықты терең өңдеу, балық ұнын және пластикалық қайықтарды өндіру цехын салу жобасы іске асырылуда. Жобаның 2-кезеңі бойынша балық ұнын шығаратын цех өткен жылы іске қосылды.

Ауданда соңғы жылдары балықты қолдан өсіретін тоғандар ашу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда жоспарланған 10 тоғанның 8-і ашылып, балықшылар атакәсіпті жаңа қырынан дамытуда, – деп нақтылай түсті Аманжол Сақыпұлы.

Аралда «Ауыл аманаты» жобасы аясында 38 жоба қолдау тапқан. Өткен жылы облыс орталығындағы «Алтын күз – 2024» салтанатты іс-шарасында Арал ауданы «Балық шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясын иеленген. Сонымен қатар, ерен еңбегімен еленген шаруалар «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, «Озат бақташы», «Озат түйекеш», «Озат асыл тұқымды мал өсіретін үздік репродуктор-шаруашылық» номинациялармен марапатталды.

Брифинте Аманжол Оңғарбаев аудандағы құрылыс, білім, спорт және денсаулық салаларындағы жетістіктерді де атап өтті. Теңізді өлкеде тындырымды тірлік байқалады. Соны серпіннің барына көз жеткіздік.

Рыскелді ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: