Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал ауданында макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім қалыптасты

30.01.2026, 18:25 15

Өткен жылы Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалып, негізгі 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім қамтамасыз етілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, 2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 53,1 млрд теңгені құрап, жоспар 37,3 пайызға артығымен орындалған. Инвестиция көлемінің артуы аудан экономикасының нақты секторында жаңа жобалардың іске асуына серпін берген.

– Өткен жылы аудан көлемінде өнеркәсіп саласында 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал биыл осы бағытта тағы 3 жобаны кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жобалар өндіріс көлемін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Сонымен қатар құрылыс саласында да жүйелі жұмыстар атқарылған. Өткен жылы ауданда 39,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасып, жыл басында 150 пәтерге тұрғындар қоныстанса, қазіргі таңда 2 пәтерлі 30 тұрғын үй өз иелеріне табысталып отыр.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту да аудан басшылығының басым бағыттарының бірі болып отыр. Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы 4 жоба аясында жалпы ұзындығы 318 шақырымды құрайтын ауыз су желілері тартылған.

– Нәтижесінде Ақбасты, Тоқабай, Ерімбетжаға және Тастүбек елді мекендері толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Қазіргі таңда Абай елді мекенін ауыз сумен қамту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр, – деді аудан әкімі.

Бұдан бөлек, «Арал – Сарыбұлақ» топтық су құбырының бірінші желісінің тозу деңгейі 80 пайыздан асқан. Осыған байланысты өткен жылы екінші желіні тарту жұмыстары басталған. Жобаның жалпы құны 43,7 млрд теңгені құрайды.

Аудан орталығында аймақ басшысының қолдауымен салынған «Руханият» орталығы бүгінде өңірдің рухани-мәдени өміріндегі маңызды нысанға айналып отыр.

Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарға арнайы тоқталды.

– Экономиканың күре тамыры саналатын теміржол саласы – аудан үшін аса маңызды. Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі ескі вокзал ғимараттары тозығы жетіп, күрделі жөндеуге жарамсыз деп танылған еді. Қазіргі таңда олардың орнына заманауи талаптарға сай жаңа вокзалдар салынуда. Бұл жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өңірдің келбетін де жақсарта түседі, – деді Аманжол Оңғарбаев.

Аудан әкімінің айтуынша, макроэкономикалық көрсеткіштердегі оң өсім алдағы жылдары да сақталып, әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын күшейтуге негіз болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: