Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Аралқұм ауылдық округінде болып, ауыл халқымен жүздесті.
Аудан басшысы сапарын жаңадан салынған «Айым-Анам» жеке бөбекжай-бақшасынан бастады. 40 орындық балабақшаны аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты. Нысан бүлдіршіндерді қабылдауға толық дайын.
Мұнан соң, № 61 орта мектебінде тұрғындармен кездесіп, аудандағы оң өзгерістер мен ауқымды жобалардан құлағдар етіп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
«2024 жылы барлық салада өсім болды. Аудан көлемінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асып, тыныдырымды істер атқарылды. Биылғы жылдың басты жаңалығы – Қамыстыбас елді мекенінде автоматты газ тарату стансасының құрылысы басталды. Бұл нысан іске қосылған соң, 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қол жеткізбек. Жол жөндеу жұмыстары да өз кезегімен жүзеге асуда. «Шөміш-Аралқұм» автожолының құрылысы аяқталуға жақын. Жолдың игілігін көрер күн алыс емес. Дәл осындай бірнеше ауыл арасын байланыстыратын жол жөндеу жобалары да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Әлеуметтік салада да елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Арал қаласы, Тоқабай және Ақшатау ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға берілді. Мергенсай ауылдық округінде 2,3 млрд теңгеге жаңа мектеп салу үшін қаржы бөлінді. Сондай-ақ, Сапақ елді мекенінде де жаңа білім ордасын салу жоспарда бар. Мұнымен қоса, биыл орталық аурухана жанынан нейро-инсульт, кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржай салынбақ. Жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимаратының құрылысы да бастау алды. Медицина саласының тағы бір үлкен жаңалығы – аудан орталығында тәулігіне 250 келушіні қабылдайтын жаңа емхананың құрылысы басталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының 2026 жылға дейін халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасынана сәйкес, Ақбасты, Тоқабай, Абай елді мекендеріне ауыз су құбырын тарту жұмыстары жалғасса, Ерімбетжаға, Тастүбек ауылдарында биыл жүзеге асады. Ал, Атанши ауылдық округіне «Fredoom» банкі тарапынан құм көшкінін тоқтату, елді мекенді көгалдандыру, электр энергиясын өндіру, ауыз су тарту жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсетілетін болады»-деді, Аманжол Сақыпұлы.
Аралқұм тұрғындары аудан әкіміне түнгі жарықтандыру, электр желілерін жаңарту және құм көшкінінің алдын алу мәселелерін көтерді. Аудан басшысы өз кезегінде бұл жұмыстардың жоспарға енгізілгенін, электр желілерін жаңартуға өтінім берілгенін және түнгі жарықтандыру биыл жүзеге асатынын айтты. Құм көшкінін тоқтатуға арналға ірі жобалар бар екенін, алдағы уақытта халықаралық қорлар арқылы шешім қарастырылатынын жеткізді. Кездесу соңында ардагерлер мен ауыл азаматтары марапатталып, ақсақалдар бата берді.
Мұнан соң, аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, жауапты сала басшыларына азаматтардың өтінішін аяқсыз қалдырмай, заң аясында шешуде мүмкіндіктерді қарастыруды міндеттеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!