Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақорданың сайлауалды манипуляциялары

12.09.2022, 15:00 293

HALYQLINE.KZ

№1 манипуляция: Қ.Тоқаев «Ескі Қазақстанның» элитасына реваншизмге дайындалуға мүмкіндік бермес үшін кезектен тыс президент сайлауын өткізейін деп отыр.

Осы манипуляцияға елді сендіру үшін режимшіл «эксперттер», «журналистер», «инфлюенсерлер» Н.Нығматулин, А.Мамин және Ә.Жақсыбековтің фотосын дәлел ретінде көрсеткісі келеді. Бұл – легитимдігі төмен әрі харизмасы жоқ Тоқаевтың билігін сайлау арқылы ұзарту үшін оны елге тартымды етіп көрсетудің амалы ғана. Егер шынымен Н.Нығматулин реваншизмге дайындықты пысықтауға Астанаға келсе, ертесіне ол емін-еркін Астанадан Дубайға ұшып кетпес еді («жаңа қазақстандықтар» таратқан фотоларға және олардың тәпсіріне қарасақ). Егер шынымен аталған үшеу реваншизмге дайындықты пысықтаса, біз «жаңа қазақстандықтар» жарыса таратқан Астанадағы итальян ресторанында түсірілген суретті көрмес те едік.

Ең бастысы, егер шынымен Қ.Тоқаев «ескі қазақстандықтарға» реваншизмге дайындалуға мүмкіндік бергісі келмесе, кезектен тыс президент сайлауын өткізуге әлек болмай, оппоненттерінің мал-мүлкін антикор мен «КНБ» арқылы кәмпіскелеп, оларды қудалауға әлдеқашан кірісер еді.

№2 манипуляция: Қ.Тоқаев Н.Назарбаев пен оның кланына реваншизмге дайындалуға мүмкіндік бермей, соққы жасау үшін Астананың атын қайта өзгертейін деп отыр.

Егер Тоқаев Н.Назарбаев пен оның кланына соққы жасағысы келсе, Астананың атын қайта өзгертуді қыркүйекке дейін (сайлауға дейін) сүрлеп сақтап отырмас еді. Мәселен, көп созбай, 6 шілдеге қарай өзгертіп тастар еді. Астананың атын өзгерту – Тоқаевтың сайлауалды популистік тактикаларының бірі. Осы қадам арқылы Ақордағы тигрфандар 2019 жылы Тоқаев Астананы «Нұр-Сұлтан» деп атауды ұсынған кезде оған қарсы шыққан көпшіліктің қолдауына ие болуға болады деген оймен жасап отыр. Яғни, «Тоқаев – Назарбаев емес», «Тоқаев деелбасизацияны аяусыз жасап жатыр» деген пікірді қалыптастыру үшін ойлап табылған сайлауалды манипуляция.

№3 манипуляция: Қаңтарда Назарбаев кланы билікті ала алмай қалғандықтан, ел алдында сүйкімі бар бір-екі адамын сайлауға түсіру арқылы заңды түрде билікті қайта алу пиғылын жүзеге асырмас үшін Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын өткізейін деп отыр.

Тоқаев Қаңтар қырғынынан кейін 25 қаңтарда Н.Абдировті былтыр қыркүйекте өзі қайта тағайындаған Б.Имашевтің орнына Орталық сайлау комиссиясы төрағасы етіп тағайындады. Одан кейін Тоқаев Бас прокуратура, КНБ, Антикор, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі басшыларын ауыстырып тастады. Яғни, Назарбаев кланының кандидаттарын және өзге де ыңғайсыз кандидаттарды сайлауға жолатпас үшін бәрін жасап қойды. Сондықтан кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ақтау үшін ойлап табылған бұл манипуляция ақылға мүлдем сыймайды.

№4 манипуляция: Егер Тоқаевтың сайлауды күзде өткізуі алдын ала жоспарында болғанда, қоғам қарсылығына ұшыраған 7 жыл мәселесін жақында өткен референдумда-ақ өзгертіп алар еді. Бұл президенттің Назарбаев кланының сайлауға қатысты жымысқы жоспарын референдумнан кейін таяуда ғана білгендігінің дәлелі.

Бұл – ең күлкілі әрі әлсіз манипуляция. 5 маусымда өткен референдумды Тоқаев Назарбаевтың атын Назарбаевтың конституциясынан халықтың атын жамылып алып тастап, кейін конституцияны өз қалауынша өзгертуге жол ашу үшін өткізді. Президент мерзімін 5 жылдан 7 жылға созуды сол кезде ұсынғанда Тоқаевты Назарбаевқа қарағанда «демократ» етіп көрсету қиын болып қалар еді. Сондықтан бұл мәселені қуыршақ парламент арқылы шешкелі отыр.

Шалқар  НҰРСЕЙІТОВ,

фейсбуктегі  парақшасынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: