2025 жылғы тамызда бүкіл әлемнің назары Аляскаға ауды. Өйткені, дәл осы жерде соңғы жылдардағы ең даулы әрі күтпеген саяси оқиғалардың бірі Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты шешудің бірден-бір қадамы Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың жүзбе-жүз кездесуі өтті. Бұл кездесу символдық тұрғыдан аса маңызды еді. Олай дейтін себебіміз, Украинадағы соғыс жалғасып жатқан шақта, Мәскеудің халықаралық оқшаулануы үдеген тұста, ал Вашингтонның жаңа әкімшілігі өз бағытын айқындай алмай отырған кезеңде-тұғын.
Әлемдік қауымдастықтың күткені – бейбітшілікке бастайтын алғашқы нақты келісім, кем дегенде соғысты уақытша тоқтатудың алғышарты болатын. Алайда көпшілік бұл кездесуге «шикі саммит» деген айдар тақты. Себебі, екі тарап та кездесуді «жемісті» деп сипаттаса да, ешқандай құжатқа не қол қойылмады, түпкілікті шешім қабылданған да жоқ.
Осы мақаламызда біз кездесудің өту барысын, жабық келіссөздер мен брифингтегі мәлімдемелерді, сондай-ақ халықаралық реакция мен кейінгі ықтимал қадамдарды хронологиялық ретпен саралап көреміз.
АЛЯСКАДАҒЫ БІТІМСІЗ КЕЗДЕСУ. ПУТИН УАҚЫТ ҰТТЫ, АЛ ТРАМП ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ЗЕЛЕНСКИЙГЕ ҚАЛДЫРДЫ
Расын айту керек, АҚШ пен Ресей президенттерінің Анкоридж маңындағы Elmendorf базасында өткен үш сағаттық келіссөзі көп күткен нәтижені бермеді. Кездесудің басында аудармашыларсыз жүзбе-жүз өтеді деп хабарланғанымен, соңғы сәтте формат өзгеріп, Трамптың қасында мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен арнайы өкілі Стив Уиткофф отырды, ал Путинге сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен көмекшісі Юрий Ушаков ілесіп, көмектесті. Салтанатты рәсім айрықша әсер қалдырды: Трамп Путинді ұшу-қону жолағында қызыл кілеммен күтіп алды, кейін екеуі Ақ үйдің «Жыртқыш» лимузиніне мініп, ресми келіссөз орнына бірге жетті. Соғыс ашқан елдің басшысына мұндай құрмет көрсетілуі сирек кездесетін жайт екенін айтады сарапшылар. Батыс қоғамы да бұл рәсімді әрқалай қабылдады. Бірі «таңғалатын ештеңе жоқ, дискриминация болмағаны орынды» деп мәлімдесе, енді бірі «агрессор» елдің «диктатор» басшысын осылайша күтіп алуды ерсіге балайды.
Үш сағаттық келіссөзден кейін екі лидер небәрі үш минутқа ғана сахнаға шығып, журналистердің сұрақтарына жауап бермей тарқасты. Путин «конструктивті атмосферада өткенін» айтып, Екінші дүниежүзілік соғыстағы одақтастықты еске салды. Ол «келісімге қол жеткіздік» дегенді бірнеше мәрте қайталады, бірақ оның мәнін аша қойған жоқ. Трамп болса, «өнімді кездесу» деп баға беріп, бірқатар мәселеде ортақ ұстаным табылғанын, бірақ ең негізгі екі тармақта келісе алмағандарын айтты. «Келісім жоқ, бірақ ілгерілеу бар. Ендігі қадам Зеленскийге байланысты» деп тарқатты ол.
Бұл сөздер Киевтің қатысуынсыз Украина мәселесінің талқыланып жатқанына қатысты сындарды күшейтті. Трамп тіпті кейін Fox News-қа берген сұхбатында да «барлығы Зеленскийдің қолында» деп қайталады. Ал Путин Мәскеуде өткен соңғы жылдардағы дәстүрлі ұстанымын қайталап, «бейбітшілікке жету үшін соғыстың себептерін жою қажет» деді. Кремль тілімен айтқанда, бұл Украинаны НАТО-дан алыстату және әскери қуатын шектеу болып саналады.
Кездесудің нақты мазмұны құпия күйінде қалғанымен, сарапшылар пікірінше, символдық жеңіс – әзірге Путин жағында. Гудзон институтының сарапшысы Люк Коффи «Путин санкциялар мен жаңа қысымға ұшырамайтынына сенімді болып шықты. Ол соғысты жалғастыру үшін уақыт ұтты әрі халықаралық легитимділікке ешқандай құрбандықсыз қол жеткізді» дейді.
Ал Сан-Диего университетінің профессоры Михаил Алексеев келіссөздің басты сабақтарының бірі – Ресей талаптарын еш өзгерткен жоқ деген тұжырым жасайды: «Бұл Кремльдің позициясында жылжу болмағанын айқын көрсетеді. Путин өз шарттарын қайта-қайта қайталап отыр, ол көзқарасын жұмсартқан жоқ» деді ол.
Осылайша, Аляскадағы басқосу нақты келісімге жол ашқан жоқ, бірақ саяси тұрғыдан екі президент үшін де өзінше маңызы болды. Путин – әлемдік сахнада қайтадан бедел жинауға тырысқан тұлға ретінде, Трамп – соғысты тоқтатудың тетігін Зеленскийдің қолына тапсырған мәмілегер ретінде көрінді. Өкініштісі сол, қанды қақтығысты тоқтататын шешім бұл кездесуде табылмады.
АҚ ҮЙДЕГІ КЕЛЕСІ ҚАДАМ. ТРАМП пен ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ЖҮЗДЕСУІ
18 тамыз, дүйсенбі күні Ақ үй дәлізінде екінші бір дипломатиялық қозғалыс болды. Алдымен Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді қарсы алып, екеуі оңаша кездесті. Кейінірек оларға Еуропаның жетекші елдерінің басшылары мен НАТО өкілдері қосылды. Күн тәртібінде бір ғана сұрақ: соғысты қалай тоқтатамыз?
Кездесу басында Трамп Зеленскийге жылы қабақ танытып, Украинадағы бейбітшілікке «жақындап келе жатқанын» айтты. Әдеттегідей өзіне тән риторикасымен Ресей президенті Владимир Путинді де «қақтығысты тоқтатуға мүдделі» деп сипаттады. Бірақ қашан, қалай тоқтайтынын ашып айтпады. «Жақсы өтіп жатса, Путинді де осы диалогқа қосамыз» деді. Трамптың бұл сөзіне Зеленский бірден келіскендей болды.
Журналистердің назарын бір сәт Ақ үйдегі сопақ бөлмедегі үстелде жатқан соғыс картасы аударды. Онда Ресей басып алған аймақ қызылмен боялғаны анық көрініп тұр. Бірақ ресми тұлғалар оны түсіндіруге асыққан жоқ. Бірер минуттан кейін тілшілер сыртқа шығарылып, әңгіме жабық есік жағдайында жалғасты.
Осыдан соң келіссөз кеңейтілген форматта өрбіді. Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания секілді Батыс Еуропа мемлекеттерінің басшылары мен НАТО хатшысы, бәрі Ақ үйдің бір бөлмесіне жиналды. Трамп «бейбіт келісімге бір қадам жақындадық» деп мәлімдесе де, басты мәселе болып тұрған атысты тоқтату жайында ортақ пікірге келе алмады. Германия канцлері Фридрих Мерц: «Атысты тоқтатпай кез келген келіссөз бос әңгімеге айналады» деп қадап айтты. Ал Трамп оған қарсы шығып, «келісім атысты тоқтатудың алдында да жасалуы мүмкін» деді. Бұл көзқарас екі тарап арасында айқын қайшылық тудырды.
Зеленский болса, «территория мәселесін» тек Путинмен бетпе-бет кездескенде ғана талқылауға болады деп шегеледі. Мұны Еуропа басшылары қолдағандай сыңай танытты. Бірақ Трамп асығыстық танытып, қазірдің өзінде үшжақты – Ресей, Украина және АҚШ форматындағы саммитке жол ашуға тырысып отыр.
Кідірмей келіссөз аяқталғаннан кейін Трамп Путинге телефон соғып, болған жайды хабарлады. Бұл қоңырауды Кремль де растады. Алайда Мәскеу әдетінше тым тар көлемде түсініктеме берумен шектелді. Дәлірек, «Келіссөздер форматы талқыланды» десті.
Кешке өткен баспасөз мәслихатында Зеленский АҚШ пен Еуропаның Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру жоспарын қолдайтынын айтты. Бірақ бұл кепілдіктің мазмұны да, уақыты да белгісіз күйінде қалып отыр. Тек бір мәлімет назар аудартты: Еуропа елдері АҚШ-тан 90 млрд долларға қару-жарақ сатып алып, кейін оны Украинаға бермек. Өз кезегінде АҚШ украиналық дрондарды сатып алуы мүмкін. Бұл жайт қазірдің өзінде соғыстың ұзаққа созылатынын меңзейтіндей.
Әлеуметтік желілерде пікір сан алуан. Бірі Зеленскийді «тым ымырашыл» деп айыптаса, енді бірі Трампты «бейбітшіліктің делдалы» ретінде қолдап отыр.
Шындығында, Ақ үйдегі «қос қадам» саммиттен гөрі саяси театрға көбірек ұқсап кетті. Әзірге бастысы тараптар бір-бірімен сөйлесуге әзір. Ал нақты келісімге қашан жететіні жұмбақ болып отыр.
ҚОС КЕЛІССӨЗ ҚОРЫТЫНДЫСЫ. БАҚ НЕ ДЕЙДІ?
Аляскадағы Трамп–Путин кездесуінен кейін халықаралық ақпарат құралдары ортақ бір тұжырымға келді: «символ көп, мазмұн аз». Reuters дерегінше, Анкориджде өткен үш сағаттық саммит барысында тараптар «ілгерілеу» туралы айтқанымен, соғысты тоқтатуға қатысты ешқандай нақты құжат қабылданбады. Мәскеу болса өз талаптарын қайта нақтылап, Украинаның НАТО-дан аулақ болуы мен әскери әлеуетін шектеуді алға тартты.
CBS News мәліметінше, кездесуден соң өткен қысқа брифинг те ешқандай келісімсіз аяқталды. Бұл Вашингтондағы сарапшыларға «үлкен мәміле болмады» деген ойды айқын көрсетті.
Келесі күні Ақ үйде Зеленскиймен өткен жоғары деңгейлі жиында, Reuters жазғандай, Трамп «АҚШ Еуропамен бірге Украина қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салады» деп мәлімдеді. Бірақ нақты кепілдіктердің форматы ашық күйінде қалды. Ал Еуропа көшбасшылары кез келген келісімге дейін атысты тоқтатуды басты шарт етіп қойды.
Агенттіктің өзге бір мәліметіне қарағанда, Путин соғысты тоқтатудың жалпы «нобайын» ұсынған: территориялық шекаралар, тіл мәртебесі және қауіпсіздік кепілдіктері туралы тармақтар бар, бірақ Киев, әсіресе, Донецк бағытында шегінуге келіспейді.
New York Post-тың пікір айдарында АҚШ қоғамының саммитке берген реакциясы қақ жарылғаны жазылды. Бір тарап Трамптың Путинге көрсеткен «қызыл кілемі» мен жылы қабағын сынаса, екінші тарап оны «бейбітшілік бастамашысы» деп қолдады. Дегенмен, басым пікір – нақты келісімсіздіктен көңіл толмауы.
Jerusalem Pos Reuters-ке сілтеме жасап, Ақ үйдегі консультациялар кезінде Трамптың Путинге тікелей телефон соғып, үшжақты форматты талқылағанын хабарлады. Бұл келіссөз процесінің жалғасып жатқанын аңғартқанымен, нақты мазмұны құпия қалды.
Ал Ресейдің ұстанымын Reuters келтіргендей, Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Трамптың ниеті конструктивті, ал Еуропа тек доғарылысты ғана талап етуде» деп сипаттап, Батыс ішінде көзқарастар қайшылығын көрсетуге тырысты.
Осы ақпараттар легін қорыта келгенде, қазақстандық публицистикадағы үн де елеулі. Abai.kz сайтында жарияланған саясаткер Әміржан Қосанның мақаласында айтылғандай, бұл процестің тактикалық деңгейде Путинге символдық ұпай бергені рас. Алайда, стратегиялық тұрғыда Зеленский қатыспайынша ештеңе бекімейтіні анық көрінді. Қосанның пайымынша, қысқа брифингтер мен сұрақ-жауаптан қашу – нақты нәтижесіздіктің айғағы. Бұл Трампты ішкі саяси сынға әлсіз қалдырып, енді санкцияны күшейтуге және Украинаға әскери көмекті ұлғайтуға итермелеуі мүмкін.
Жалпылай алғанда, халықаралық медиа қос саммитті екі түрлі реңкте сипаттады: Аляска – протокол мен символикаға толы жиын, ал Вашингтон – нақты позициялар беттескен алаң. Ал келісімнің түйіні атысты тоқтату, қауіпсіздік кепілдіктері мен территория мәселесінде жатыр және ол түптің түбінде Зеленскиймен тікелей келіссөзге тірелмек.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: minval.az
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!