HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. Жиынға Сыр еліне арнайы келген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров және облыс әкімінің орынбасарлары, департамент пен сала басшылары қатысты. Аймақ басшысы осы кезге дейін Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы қызметін абыроймен атқарып, ротация тәртібімен Жамбыл облысына департамент басшысы лауазымына тағайындалған Марат Егембердиевтің іскер басшы, білікті маман ретіндегі зор еңбегін атап өтті. Актив отырысында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің бұйрығымен Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы болып Күзембаев Ербол Қабаштайұлы таныстырылды.
– Ербол Қабаштайұлы, Сізді жаңа қызметіңізбен құттықтай келе, алдағы уақытта Мемлекет басшысымен қойылған міндеттерді бірлескен түрде тиімді жүзеге асырамыз деп сенеміз. Қызметіңізге сәттілік тілейміз, – деді Н.Нәлібаев.
Ербол Күзембаев тәжірибелі маман, жауапты салаларда қызмет атқарған, әлеуеті жоғары кадр. Ол 1974 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1995 жылы Қызылорда облысы бойынша Кеден басқармасының кедендік сараптау және зерттеу қызметінің инспекторы ретінде бастап, Қызылорда облысы бойынша кедендік бақылау департаментінде әртүрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқарған. Қаржы саласының майталманы ретінде әр жылдары Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда, Түркістан облыстары бойынша департаменті басшысының орынбасары болды.
2022 жылдың ақпан айынан бастап Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді. Жиын барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев денсаулық жағдайына байланысты мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы қызметінен босатылған Талғат Исмағұловқа ілтипат білдіріп, аймақ жұртының атынан Құрмет грамотасын табыстады.
– Талғат Абдулхаисұлының тікелей басшылығымен облыс бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтарды азайту мақсатында бірқатар ұйымдастыру шаралары жүзеге асты.
Есепті кезеңде уәкілетті органмен күші жойылған сатып алулардың саны 165-тен 118-ге, яғни 28 пайызға кеміді. Бұл көрсеткіштің азаюына Талғат Абдулхаисұлының еңбегі зор деп санаймыз. Осы күрделі де жауапты салада атқарған еңбегіне Сыр жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін. Талғат Абдулхаисұлы, Сіздің мемлекет мүддесі жолындағы еңбегіңізге табыс, зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деді өңір басшысы.
Актив отырысында тағы бір сала басшысы таныстырылды. Бірыңғай конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес, облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы қызметіне Шәменов Бауыржан Серікұлы тағайындалды.
– Бауыржан Серікұлы, өздеріңізге жақсы таныс, мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп, сатылап өскен білікті де тәжірибелі маман. Маңызды салаларда басшылық қызмет атқарған, әр істі тиянақты түрде орындайтын жауапкершілігі жоғары азамат.
Бауыржан Серікұлы, өте жауапты саланың тізгінін ұстадыңыз, кәсіби әлеуеті жоғары заңгер ретінде мемлекеттік сатып алу жұмыстарының ашық әрі заң шеңберінде өткізілуін қатаң бақылауға алу – тікелей міндетіңіз. Осы кезге дейін жинақтаған мол тәжірбиесін күрделі де жауапты қызметке арнап, аймақтағы мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын қаржының оңтайлы және тиімді бағытталуын қадағалайды деп сенеміз, – деді өңір басшысы.
Жиын соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Қожбанов сөз алып, жаңа қызмет алған азаматтардың әрқайсысы осы кезге дейін елге адал әрі лайықты деңгейде қызмет атқарғанын тілге тиек етті.
Бауыржан Шәменов 1981 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Еңбек жолын «Рух» заң компаниясының заңгері ретінде бастаған. Әр жылдары облыстық қазынашылық департаменті мен мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша басқармасында жауапты қызметтер атқарған. 2008-2013 жылдары облыс әкімі аппартының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы болған. 2013 жылдан бастап облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары лауазымында, 2019-2022 жылдар аралығында осы басқарманың басшысы қызметінде болды.2022 жылдың мамыр айынан бастап, Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!