Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Актив отырысы өтті

09.09.2025, 17:23 254

Бүгін актив отырысында Жалағаш аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғани Сүлейменов төтенше жағдайлардың алдын алуда елеулі еңбек сіңірген сала басшысы Назарқұлов Еркін Есетұлын Құрметті еңбек демалысына шығарып салды.

Еркін Есетұлы өз еңбек жолын 2005 жылы Қармақшы аудандық №3 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып бастаған. 2006-2011 жылдар аралығында аталмыш бөлімде маман, қарауыл бастығы болып қызмет атқарды. 2011-2023 жылдары Қармақшы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, кейін бас маманы қызметтерін атқарды. 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Жалағаш аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы лауазымын абыроймен атқарып келді.

«Сіз төтенше жағдайлар саласында көп жылдық тәжірибе мен жоғары кәсіби шеберлік танытып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында табанды еңбек еттіңіз. Қауіп-қатерге толы салада бірнеше жыл бойы жоғары жауапкершілікпен қызмет атқарып, талай жанның амандығына себепкер болдыңыз. Сіздің кәсіби біліктілігіңіз, табандылығыңыз бен ерлігіңіз – өскелең ұрпаққа үлгі. Еңбегіңіз еленіп, ел құрметіне бөленіп отырсыз. Сізді төтенше жағдайлар саласындағы абыройлы қызмет жолыңызды аяқтап, зейнеткерлік демалысқа шығуыңызбен тағы да шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта адалдықпен атқарған ісіңіздің зейнетін көріп, абырой биігінен көріне беруіңізге тілектеспін!» – деді Ғани Сүлейменов.

Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов сөз сөйлеп, Еркін Есетұлының ауданда атқарған еңбегін және саланың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.

Актив отырысында Еркін Назарқұловқа Жалағаш ауданының ең жоғарғы наградасы «Жалағаш ауданының Құрмет Грамотасы» табысталды.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: