Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы журналистерді қабылдады

04.10.2021, 15:25 291

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова республикалық «Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі, «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісінің иегері Миуагүл Байназаровамен кездесті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, ардагер журналист, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Айткүл Шалғынбаева және республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев қатысты.

Басқосуда аймақ басшысы «Жас Алаш» басылымының ақпараттық кеңістіктегі орны ерекше екенін және басылым арқылы көптеген қарымды қаламгерлердің қолтаңбасы қалғанын тілге тиек етіп, газеттің 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, қаламгерге Алғыс хат табыстады.

– Биыл – қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар «Жас Алаш» газеті ғасырлық мерейтойын атап өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 100 жылдық мерейтой аясында «Жас Алаштың» жүз жылдық жолы – төл тарихымыздың жылнамасы, ұлт руханиятының шежіресі» деп атап өткен болатын.

Бұл орайда «Жас Алаш» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі ретінде сіз Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуын басылым арқылы кеңінен насихаттап келесіз. Өзіңізді қаламы қарымды журналист ретінде аймақ халқы жақсы біледі, құрметтейді. Басылымның мерейтойы құтты болсын, шығармашылығыңызға табыс тілеймін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында ардагер журналист Айткүл Шалғынбаева және «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев қарымды қаламгер иесінің еңбек жолынан естеліктер айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Өз кезегінде «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісінің иегері Миуагүл Байназарова «Жас Алаш» газетінің негізгі ұстанымы туралы ой бөлісіп, ақпарат саласын ілгерілету бағытындағы бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Еске салайық, Миуагүл Байназарова 2000-2020 жылдар аралығында «Айқын» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі. 2020 жылдан бастап «Жас Алаш» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі қызметінде.

2016 жылдан бастап республикалық «Тіл мерейі» газетінде директор-бас редактор қызметін қоса атқаруда. «Ең үздік тілші» атағының иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісінің иегері.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: