Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы Сенат депутаттарымен кездесті

15.08.2024, 13:50 197

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі, Руслан Рүстемов және Наурызбай Байқадамовпен кездесті.

Кездесуде мәдениет пен руханият саласында атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар талқыланды.

«Алаш арыстарын ортамызға оралтып, тарихтың ақтаңдақ беттерін қайта қалпына келтіру, жас ұрпақтың санасында олар туралы дұрыс түсінік қалыптастыру тәуелсіз ел болашағы үшін аса маңызды.

Қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанында Мұстафа Шоқай ғылыми орталығы жұмыс жасайды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қайраткерге арналған экспозициялық бұрыш жасақталып, қола бюсті орнатылған. Облыста 2 мектепке, 14 көшеге тұлғаның есімі берілген, 2 ескерткіші, 2 бюсті бар (Қызылорда қаласында, Шиелі ауданында).

Алаш зиялыларының есімін ұлықтаумен қатар, соңғы жылдары аймақтың мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар, тың жобалар жүзеге асырылуда. Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында биыл аймағымызда «Руханият жылы» жарияланды.

Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді. Бұл тұтас Орта Азияда рухани, мәдени кемелденген өңір екенімізді көрсеткен жоғары баға деп білеміз. Руханият саласындағы ілкімді жобаларымыз алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Н.Нәлібаев.

«Руханият жылы» шеңберінде облыстағы 171 мәдениет үйі мен клубтар «Адал адам» тұжырымдамасы аясында жұмысын қайта жаңғыртуда.

Қызылорда қаласында ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді жан-жақты насихаттау үшін заманауи үлгімен салынған «Анаға тағзым», «Өнер орталығы», «Отбасы орталығы», «Жыраулар үйі» халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетуде.

Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа облыстық тарихи-мәдени мұра орталығы (облыстық музей), барлық ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынуда.

Теміржол вокзалы маңындағы «Ақмешіт» музейі қайта жаңғыртудан өткізілуде. Ішкі экспозициясының тұжырымдамасы жасалып, Алаш мұраларына арналған «Алаш әдебиеті» музейі болып қайта жасақталуда.

«Алаш әдебиеті» музейінде Алаш зиялыларына, Сыр өңірінің ақын-жазушыларына, халық ауыз әдебиеті өкілдеріне қатысты тарихи деректер зерттеліп, ғылыми айналымға қосылады. Алаш зиялылары мен әдебиет өкілдеріне қатысты архив жәдігерлері жан-жақты насихатталады.

Сыр еліне жұмыс сапарымен келген сенаторлар атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, бастамаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: