Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының құрылыс нысандарындағы жұмыс барысын бақылады.
Алдымен Тәуелсіздік даңғылындағы жөндеу жұмыстарын көрді.
Еске салсақ, өткен жылы өңірде 38 млрд теңгеге 671 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 87,5 пайызға жеткен еді. Осы жылдың қорытындысымен бұл көрсеткішті 92 пайызға жеткізу жоспарлануда. Жергілікті жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ұсынылған 61 млрд теңге бюджеттік өтінімнің 30 млрд теңгесі қолдау тапты, 215 шақырым автомобиль жолдары, көпір өткелдері және көшелер жөнделмек. Жыл соңына дейін қаржыландыру көлемі тағы да ұлғайтылады. Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттерге 28,3 млрд теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, оның 12 млрд теңгесі қолдау тапты. Айта кету керек, өткен жылы Қызылорда қаласында 11 млрд теңгеге 82 шақырым болатын 267 көше жөндеуден өтті.
Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы «Жан-Арай» өндірістік кешеніндегі жеміс-жидек сақтау қоймасының құрылысын көрді.
Кешенде күріш жармасы халықаралық стандарттарға сай өңделіп, түйіршіктелген құрама жем өндіріледі. Қазіргі таңда зауытта 1500 тонна жеміс сақтау қоймасы салынуда, оның тоңазытқышының сыйымдылығы – 1120 тонна. Жобаның құны – 1 млрд. теңге.
Қоймаға температуралық режимді қамтамасыз ететін тоңазытқыш агрегаттарының 8 жиынтығы орнатылған. Жабдық өндіруші түріктің «Gantek» компаниясы.
Қызылордадағы заманауи үлгідегі жаңа жылу-электр орталығы қуат тапшылығын азайтуға мүмкіндік беретін жоба екені белгілі. Жоспарға сәйкес 2025 жылы ел игілігіне беріледі. Қазіргі уақытта жұмыс қарқынды жүруде.
Орталықтан кейін облыс әкімі сол жағалаудағы жайлы мектеп құрылысын да көрді. Өткен жылы басталған білім ошағы биыл пайдалануға беріледі.
«Білімді қолдау қоры» есебінен қолға алынған физика-математика мектеп-интернаты да аймақ басшысының назарынан тыс қалған жоқ.
Мұнан бөлек, сол жағалаудағы жеті қабатты үйлердің құрылыс алаңына да аялдады.
Өткен жылы тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында өңірімізде алғаш рет жеті қабатты 6 тұрғын үй салына бастаған болатын. Бүгінгі күні абаттандыру, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Өңірде соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Биыл тұрғын үй құрылысына және дайын пәтерлер сатып алуға 34,1 млрд теңге бөлінген. Бұл арқылы 2,5 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беруге мүмкіндік жасалмақ.
Облыс орталығының құрылыс нысандарын аралап шыққан аймақ басшысы жұмыс сапасын күнделікті бақылауды тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!