HALYQLINE.KZ Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі мүгедектігі бар азаматтармен кездесті. Кездесуге тиісті жауапты тұлғалар қатысты.
2020 жылы өңірімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Жол картасы әзірленіп, бекітілді.
Жол картасы мүгедектігі бар адамдардың профилактикасы, білім беруге, спорттық, мәдени өмірге қолжетімділігі, кедергісіз орта, экономикалық дербестік, сапалы жұмыспен қамту, әлеуметтік оңалту, абилитация тиімділігін арттыру, төтенше жағдайлар кезінде мүгедектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту шараларын қамтиды.
Мүгедектігі бар адамдарды қолдау шаралары әрі қарай да жалғасын табатын болады.
Кездесу барысында Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен аудандардан келген мүгедектігі бар адамдар тарапынан жеке көмекшінің көрсеткен қызметі үшін 8 сағатқа толық ақы төлеу, санаторий-курорттық емделу кезінде ілесіп жүрушіге жол жүру ақысы мен тұруға қаржы қарастыру, бөлмелік кресло-арбаның қолдану мерзімін қысқарту және т.б. мәселелер көтерілді.
Жалпы, облыста 30 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар тіркелген. Оларды әлеуметтік қорғауға бөлінген қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. 2020 жылы бөлінген қаржы өткен жылдармен салыстырғанда 1,5 есеге артып, 1,4 млрд.тенге құрады. Нәтижесінде 15 мыңнан астам жеке оңалту бағдарламалары орындалды.
Мүгедектерге берілетін техникалық оңалту құралдарының тізбесі жылдан-жылға кеңейтіліп келеді. 2020 жылы 55 түрі болса, биылғы жылы енгізілген өзгерістермен оңалту құралдарының түрі 60-қа жеткізілді.
2020 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік оңалтудың іс-шараларын оңтайландыруға бағытталған Әлеуметтік қызметтер порталы қолданысқа енгізілді. 2020 жылы әлеуметтік оңалту шаралары ішінара Портал арқылы алынса, 2021 жылдан бастап толығымен Порталға көшті.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан Порталдағы техникалық кемшіліктерді оңтайландыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Кездесуде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына көтерілген мәселелер бойынша тапсырма беріп, заңдылыққа сәйкес кезең кезеңімен қарастырылатынын айтты.
Сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақоваға белсенді мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуымен арнайы жұмысшы топ құрып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Нәтижесі бойынша наурыз айының соңына дейін есеп беруді жүктеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!