HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өрт салдарынан нәрестесі қаза болған Текебаевтар отбасына барып, көңіл айтты.
– Болған қайғының орнын толтыру мүмкін емес. Жалпы, Сыр елі үшін бұл ауыр қаза болды. Көзге көрінген балаларымыз аман болсын! Періштенің жаны жәнәттә, топырағы торқа болсын! – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Қорлардың демеушілігімен жиналған қаржыға өрт салдарынан зардап шеккен Текебаевтар отбасына Арай мөлтек ауданынан 6 бөлмелі жаңа жер үй берілді. Аймақ басшысы үй иелерін жаңа баспанамен құттықтап, тұрмысқа қажетті сыйлықтар табыс етті.
Еске салайық, 2021 жылдың 18 ақпанында Әл-Фараби мөлтек ауданы 13 көшесі, 11-ші үйде өрт оқиғасы болды. Аталған мекенжайға шұғыл жеткен өрт сөндіру бөлімінен 3 техника 16 қызметкер жұмылдырып, толық өшірілді.
Өрт салдарынан 2020 жылы туған Төреханқызы Ардақ есімді нәресте қайтыс болды.
Сонымен қатар, анасы 1993 жылы туылған Тоқбергенова Дамира 1- ші дәрежелі көмір қышқыл газына улану және сол жақ білектің және 2 алақанының термиялық күйік шалу нақтамасымен қалалық ауруханаға жатқызылды. Бүгінгі күні жағдайы қалыпты деңгейде.
Зардап шеккен көпбалалы отбасы әкімдік тарапынан, кәсіпкерлердің қолдауымен 1 айға жететін азық-түлік, мектеп құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!