Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Индонезияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мохамад Фаджрул Рахманмен кездесті.
Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде аймаққа инвестиция тарту мәселелері қаралды.
«Қазақстан мен Индонезияны өзара сыйластыққа, бейбітшілікке және ынтымақтастыққа негізделген ортақ құндылықтар біріктіреді. Мемлекет басшыларының қолдауының арқасында екі ел арасындағы қарым-қатынас тұрақты түрде дамуда. Бүгінде әлемде литий-ионды аккумуляторларға сұраныс қарқынды өскен. Осы бағытта бірқатар елдер, соның ішінде Индонезия аккумулятор өндірісін жүйелі түрде дамытып келеді. Арал өңірінде, нақты айтқанда Шығыс және Батыс Арал учаскелерінде, Жақсықылыш тұз кен орнында литий қорын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта қосымша геологиялық барлау жүргізіп, литий өндірудің тиімді әрі экологиялық қауіпсіз тәсілдерін анықтау жоспарлануда. Бұл жоба іске асса өңір экономикасына инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз – табиғи ресурстарды тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану. Сонымен қатар, мәдениет және білім салаларындағы қарым-қатынасты нығайтуға шақырамыз. Білім саласында студенттер, мамандар алмасуға, бірлескен бағдарламалар және техникалық кадрлар даярлауға болады. Қызығушылық білдірген инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, жобаларды кешенді сүйемелдейміз. Сондай-ақ, Қызылорда облысының басым салаларындағы инвестиция қажет ететін 35-тен астам әлеуетті инвестициялық жобаның тизерін ұсынамыз. Жаңа жобаларды орналастыру үшін дайын инфрақұрылымы, 300 гектардан астам жер учаскеcі бар 6 индустриялық аймақ жұмыс жасайды және 550 гектар аумақта «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймақ құрылды. Ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға әрқашан дайын екенімізді жеткіземін! Бүгінгі кездесу жаңа жобалар мен бастамаларға жол ашады деп сенеміз», – деді Н.Нәлібаев.
Өз кезегінде Мохамад Фаджрул Рахман әріптестік қарым-қатынасты дамыту ниетін білдірді.
Бүгінде өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Соңғы үш жылда аймақ экономикасына 2 трлн. теңгеге жуық, өткен жылы 774 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда аймақта 1 трлн. 900 млрд. теңгеге 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 10 мың 308 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 100 млрд. теңгенің 21 жобасын іске қосу жоспарланған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!