Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы БАҚ өкілдеріне Сыр өңірінің тынысын баяндады

10.06.2023, 11:24 287

Қызылорда облысының әкімі  алғаш рет Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәселихатын өткізді.  Астанда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Қызылода облысы еліміздегі барлық аудан орталықтары Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолы мен республикалық теміржолды бойлай орналасқан жалғыз облыс.   Қазіргі кезде Сыр өңірінде  837 мың халық тұрса, оның 340 мыңы Қызылорда қаласында тұрады.  

Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, облыс 2023 жылдың 4 айының қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізген.

 – Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6 пайызға, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,9 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,4, сауда көлемі 2,5, инвестициялар тарту 42,1 және құрылыс жұмыстарының көлемі 44 пайызға артты. Бүгінде Қызылорда облысының бюджеті 593 млрд теңге. Бұл 2022 жылғы бюджетпен салыстырғанда 205 млрд. 700 млн теңгеге, яғни 53 пайызға артық. Бюджеттің 64 пайызы немесе 378,6 млрд. теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған. Тартылған инвестиция көлемі – 409,5 млрд теңге. Шыны зауыты жыл басынан бергі 4 айда 305 млн текше метр шыны өндірді– деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімі Оңтүстік Корея мемлекетіне барған сапарындағы қол жеткізген нәтижелерін де тілге тиек етті. Атап айтсақ, 1 млрд теңгеге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жасанды интеллект мектебін құру, күріш өсірудегі иновациялық әдістер мен технологияларды қолдану, суды үнемдеу мен мониторингілеудің озық тәжірибелерін енгізу бойынша бірлесіп жұмыс істеу туралы келісім жасалған.  

Орталық коммуникациялар қызметінде облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында ондаған әлеуметтік нысанның салынатындығы баяндалды. Алдағы уақытта 27 денсаулық сақтау нысаны,  онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана, 200 орындық  перинаталдық орталық,  құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Сондай-ақ, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты мен Сырдарияның сол жағасында  көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Бұлардан бөлек, биылдың өзінде пайдалануға берілетін нысандар – құны 1,6 млрд. теңгелік «Неке сарайы» тамыз айында, құны 3,7 млрд  теңгелік  1000 орындық «Өнер орталығы» желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Ал сол жағалауда құны 2,7 млрд. теңгелік «Қан орталығы» 2024 жылы іске қосылады.

Сыр бойы жанкүйерлерінің қуанышына орай, биыл «Қайсар» футбол командасының 7 мың адамға арналған жаңа стадионы бой көтереді.

 – Қазір стадион жобасы мемлекеттік сараптамаға тапсырылған. Ол оң шешімін шығарса, конкурс жарияланады. Заң бойынша мен стадион салу жұмысына араласа алмаймын. Бірақ стадион салуды кім жеңіп алса да, оның сапасын қадағалаймыз. Ол өте сапалы әрі елге ұзақ жыл қызмет етуі керек, – деп атап өтті Нәлібаев.

Баспасөз мәселихатында Қызылорда облысында туған азаматтардың туған жерін түлетіп, көркейтуге бар күш-жігерлерін салып жатқандығы айтылды. Мысалы, Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 млрд теңгеге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы, Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд. теңгелік  «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүргізілуде. Асқар Әубәкіровтің қолдауымен 1,5 млрд теңгеге орталық алаң жаңғыртылатын болады. «Қазгермұнай» ұлттық компаниясымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады.

Балалар жылында аймақ демеушілері 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салып, балдырғандардың игілігіне пайдалануға берген. Сәуір айында Қызылорданың Түркістан облысымен шектесетін тұсынан демеушілер есебінен құны 230 млн теңге болатын облыстың кіреберіс қақпасы ашылған.

 – Мамыр айынан  бері демеушілердің қолдауымен 1 млрд. 100 млн. теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеті заманауи панелдермен қапталуда. Сондай-ақ, демеушілер 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыруда, яғни заманауи спорт алаңдары, тротуарлар, жарық бағаналары жаңартылуда. «Аймақ халқы атынан осы игі бастамаларға қолдау білдірген демеушілерге алғысымыз шексіз!», – деді Қызылорда облысының әкімі.

Жасұлан Наурызәлі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: