Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айдынды өңірдің ауқымды жобалары

06.02.2020, 9:43 543

Кеше аудандық мәдениет үйінде Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев жергілікті тұрғындар алдында 2019 жылы атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін баяндады. Есепті кездесуге облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, бірқатар облыстық басқарма басшылары мен мамандары, облыстық, аудандық БАҚ өкілдері, аудан активі және аудан тұрғындары қатысты.

Атқарушы билік өкілдері мен жергілікті жұртшылық бас қосқан жиында аудан басшысы өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар легін саралап, алдағы міндеттерді атап өтті. Соның ішінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталып, биылғы Жолдауынан туындап отырған міндеттерді орындау жолдарын тарқатып айтты.

Теңіз төскейіндегі халық үшін тауық жылы табысты өтті. Мұны аудан әкімінің есебінен анық аңғаруға болады. «Арал ауданының экономикасын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасы» бойынша ауданда ауқымды жобалар атқарылған. Мәселен, ауданға жыл басынан бері 28,6 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.

Сонымен қатар, өңірдің нәтижелі жетістіктері, әр сала бойынша қол жеткен толымды табыстарға ерекше тоқталып, оның ішінде аудан жұртшылығының қосқан үлесі мол екендігін жеткізді. Атап айтқанда, былтыр өнеркәсіп орындары 15,3 млрд теңгеден артық өнім өндіріп, салыстырмалы көлем индексі 112,3 пайызды құраған. Аудан өнімдері туралы айтылғанда алдымен ауызға ілігетіні тұз өндірісі екені белгілі. Өткен жылы аудан бойынша барлығы 734,9 мың тонна «ақ алтын» қазылып алынса, 242,4 тонна йодталған тұз өндірілген. Сонымен қатар, 3,5 мың тонна балық, 245 тонна ет, 674 тонна нан және нан өнімдері, 110,8 мың текше метр кварц топырағы халық қазынасына айналды.

Сонымен қатар, өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына ауданнан 1,8 млрд теңгенің 4 жобасыенген. Бұған дейін 3 жоба жұмыс істеп келген болса, 2020 жылы «Қазақстан Аквакультура» ЖШС-нің «Балық қабылдау және өңдеу цехы» жобасы іске қосылатын болады.

Атап өту қажет, Арал ауданының индустриялық аймағында жалпы құны 239,8 млнтеңгені құрайтын 3 жоба іске асырылуда.

Бұдан бөлек, жақын арада өңірлік индустрияландыру картасына және индустриялық аймаққа жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жылдық қуаттылығы 130 мың тонна дайын өнімді өндіретін «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» жобасын енгізу жоспарда бар.

Құрылыс саласына келер болсақ, ауданда жыл басынан 167 жеке тұрғын үй пайдалануға берілсе, барлығы 1,9 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске асырылуда. Соның ішінде, Арал қаласынан қатты тұрмыстық қалдықтарына арналған полигон құрылысы, 250 орындық оқушылар үйінің құрылысы, Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысы 2020 жылға өтпелі болса, Сексеуіл кентіндегі №231 орта мектепке қосымша 100 орындық оқу корпусының, Шижаға елді мекенінен жаңадан бой көтерген мәдениет үйінің құрылысы және Сексеуіл кенті мен Сазды елді мекендеріндегі биотермиялық шұңқырлардың құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген.

Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы Арал қаласынан «Құқықтық қызмет көрсету орталығы», сондай-ақ, Сазды, Шөмішкөл, Қосаман елді мекендерінен медициналық бекеттер салынып, ел игілігіне беріліп отыр. Сондай-ақ, №83 орта мектебінің қосымша құрылысына және №13 орта мектебіне ағымдағы жөндеу жүргізілген.

Жалпы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өндіріс салалары бойынша межеленген жұмыстар қалыпты жүзеге асырылып, жалғасын таппақ.

Осылайша өткен жыл бедерінде атқарылған жұмыстар сараланған ссепті басқосу одан әрі аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне ұласты. Тұрғындарды толғандырған мәселелер негізінен көптен бері шешімін таппай келе жатқан жұмыстар төңірегінде өрбіді. Мәселен, Арал қаласындағы теміржол үстінен аспалы көпір салу, аудандық маңызы бар «Қаратерең-Жаңақұрылыс» бағытындағы автокөлік жолы, Сексеуіл кентін газдандыру сынды бас-аяғы мәселе айтылды. Аудан басшысы әр тұрғынның сауалы мен ұсынысына жеке тоқталып, заңдылығына сәйкес алдағы уақытта жұмыстар істелетінін айтып, тиісінше жауаптарын берді.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: