Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әрбір жобаға жауапкершілікпен қарау керек

07.08.2024, 10:50 337

Кеше Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов шаһарда құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты.

Шаһар басшысы әуелі оңтүстік өңірден қалаға кірер айналма көпір мен аспалы көпірдің арасын жалғайтын жолдың жаңғырту жобасының жай – жапсарын бақылады. Екі ортадағы 4 жолаққа негізделген бұл жолдың ұзындығы 8 434 метрді құрайды. Жоба құны – 3 млрд. 62 млн. теңге. Ауқымды шаруаны аяқтау мерзімі 6 айға жоспарланған.

Қарқын алған жұмысты көрген қала әкімі Нұржан Сәбитұлы: «Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысының қолдауымен қалаға кіреберіс жолдар жаңғыртылуда. Бұл – облыс орталығының жол-көлік инфрақұрылымын дамытудың негізі. Соның бірі – өздеріңіз қолға алған жаңғырту жобасы. Сондықтан басталған істі жауапкершілікпен атқарып, сапаға ерекше мән беруілеріңіз керек,» – деді мердігер мекеменің өкілдеріне.
Жол салуда мол тәжірибесі бар «УАД» ЖШС-гі ауқымды жобаға жауапты мекеме. Серіктестіктің мамандары жол құрылысы талапқа сай жүргізілетіндігін жеткізді.

Мұнан кейін қала әкімі «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылының Тасбөгет плотинасымен түйісетін тұсындағы Қызылжарма каналы арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысына тоқтады. Көпір құрылысын «СЕРВИС НС» ЖШС-гі жүргізуде. Мекеме басшысы баяндағандай, жоба 6 ай мерзімде аяқталады. Көпір құрылысымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы мен жарық шамдары орнатылады.

– Әрине, уақыт жылдам. Жұмыс салғырттықты көтермейді. Қазан айы да таяп қалады. Сондықтан бірнеше ауысыммен жұмыс жүргені керек. Сапа қатаң сұралатын болады, – деді қала әкімі Нұржан Сәбитұлы.

Айту кету керек, көпірдің ұзындығы – 47 метр, жүріс бөлігінің ені – 7 метр және ол 2 жолақты болады. Оған қаралған қаржы – 428 млн теңге.

Шаһар басшысының нысандарды аралауы Абай даңғылына жаяу жүргіншілер жолдарын салу жұмыстарын танысумен жалғасты. Мұнда мердігер мекеме – «Ақнұр-Авто» серіктестігінің құрылысқа барынша маңыз қойғаны байқалады. Десек те, ұзындығы 6 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы қыркүйек айында ел игілігіне берілуі керек.

– Жобаның жеңімпазы ретінде құрылыс жұмыстарын сапалы атқаруға міндеттісіздер. Біз барынша құрылыс жұмыстарына талапты күшейттік. Олай болмаса, кем-кетік көп. Енді ондай олқылыққа жол берілмейді, – деді шаһар басшысы.

Қала әкімі жүзеге асып жатқан жобалардың сапалы жүргізілуі мен белгіленген мерзімде аяқталуын қадағалауға алуды жауапты орынбасары мен бөлім басшыларына тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: