Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әрбір тұрғынның талап-тілегі маңызды

29.11.2022, 16:00 217

 HALYQLINE.KZ ​Бүгін шаһар басшысы Асылбек Шаменов қала тұрғындарымен кездесті. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен жиынға келген халыққа атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайы арнайы әзірленген ақпараттық слайдтар арқылы таныстырылды.​Жыл бедерінде ауқымды шаруалар атқарылды. Барлық салада ілгерілеушілік бар, оны экономикалық көрсеткіштердің өсімінен байқауға болады. Әлеуметтің әлеуеті де айтарлықтай артып, тұрмыс-тіршілік түзеле бастады.​

Дегенмен, қала халқын пәтер кезегі мен шет аймақтағы жаяу жүргіншілер жолдарының жай-күйі алаңдатады. Сұрақ-жауап форматындағы кездесуде әңгіме барысы осы бағытта өрбіді.​

Биыл қалада жол құрылысы қарқын алды. Яғни, 3,1 млрд теңгеге 51 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Жаяу жүргіншілер жолдары мен жарықтандыру қатар жүріп, тұрғындардың талап-тілектері орындалды. ​Облыс әкімінің тікелей қолдауымен үлкен сыйымдылықтағы жаңа 150 дана автобустың қазір 82-сі келіп, қалаішілік бағыттарға қосылды. Осылайша қоғамдық көлік қатынасы жақсара бастады. Жоспар бойынша қалған автобустар жыл соңына дейін облыс орталығына жеткізіледі.​Қала халқын көгілдір отынмен қамтуда маңызды шаралар қолға алынды.

Атап айтар болсақ, Ақсуат ауылдық округіне жыл соңына дейін көгілдір отын беріледі. Басталған жобадағы жұмыстар бүгінде қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, келер жылы Қосшыңырау елді мекенінде де газдандыру жобасы басталады. Оған республикалық бюджеттен қомақты қаржы қаралып отыр.​

«Балалар жылы» аясында аймақ басшысының бастамасымен, кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен қала көлемінде 50 ойын және спорттық алаңы салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғасын табатын болады.

​Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 285 млн теңгеге 90 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй көпбалалы отбасыларға табысталды. Ал, жыл аяғына дейін сол жағалаудан 50 пәтерлі арендалық 1 тұрғын үй беріліп, СПМК-70 тұрғын ауданынан құны 7 млрд 472 млн теңгеге 50 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.​Келер жылы сол жағалаудан 84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үйдің салынуы жоспарланып отыр. Жобаның құны – 10 млрд теңге. Оған қоса, қазан айынан бастау алған 8 млрд. 510 млн. теңгеге 470 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлер де келер жылы халық игілігіне беріледі.

​«Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында қаладан 8 мектептің құрылысын жүргізу жоспарда бар. Қазіргі таңда, мектептің орындары белгіленіп, тиісті құжаттары рәсімделуде.

​Келер жылы қала және қалаға қарасты елді мекендердің көшелерін жөндеу, ауыз су мен кәріз су жүйелерін жаңғырту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту секілді жұмыстарға республика мен облыстық бюджеттен 5,6 млрд теңгенің жобалары қолдау тапты. ​Бұл кездесуде өзекті мәселелер бүкпесіз ашық айтылды. Барлық ұсыныс хаттамаға енгізілді. Жүздесуден кейін шаһар басшысы Асылбек Шаменов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендердің талап-тілектері тыңдалып, оларға нақты жауаптар берілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: