Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласына арналған мәжілісте өзекті мәселелер талқыланып, алдағы міндеттер белгіленді.
Аймақ басшысы ел Президентінің тапсырмаларын орындау үшін жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі уақытылы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Халықтың әлеуметтік көмекпен қамтылуы, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Өздеріңізге белгілі, өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында Нағи Ілиясов ауылындағы «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен жүздесіп, пікір алмасты. «Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын» деп ерекше ықыласын білдірді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Кодекстің негізінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жанынан «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылды. Қазір Қызылорда қаласы және барлық аудандарда филиалдары («Мансап» орталығы) қызмет көрсетуде. Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында «Отбасын қолдау орталықтары» ашылды. Сырдария ауданы мен Байқоңыр қаласында осындай орталық биыл ашылмақ. Президент қолдауымен отбасының цифрлық картасы, 100 мың жасты жұмысқа орналастыру, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беру жұмыстары жүргізілуде», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі еңбек адамының беделін көтеру мақсатында биыл Еңбек форумы өткізілетінін хабарлап, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, жыл қорытындысымен салада барлық көрсеткіштердің артығымен орындалғанын, бөлінген қаржы толық игерілгенін жеткізді.
Мәжіліс қорытындысымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жылдық өсімі 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген шағын несиенің 2024 жылға бөлінген қаржысын мерзімінен бұрын толық игеріп, қосымша қаржы тартуды үйлестіру тапсырмасы берілді. Мұнан бөлек, «Қызылорда облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарындағы» салаға қатысты индикаторлар толық орындалуы тиіс. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарға көмек көрсету, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіп көзінің санын арттыру, «Отбасының әлеуметтік картасы» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді өзектендіру туралы нақты тапсырмалар берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!