Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемдік гуманизм шектен шықты ма?

01.10.2020, 10:45 576

Қазір әлемде феминизм мен қара нәсілділердің құқығын қорғау мәселесі үлкен резонанс тудыруда. Біздің елімізде мұндай қозғалыстар легі аса қатты білінбесе де, әлемнің дамыған елдеріндегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Әрине, барша адамзаттың құқығы бірдей болуы өте орынды. Дегенмен, соңғы уақытта жоғарыда аталған қозғалыстардың талаптары шектен асып кеткендей көрінеді. Тіпті, олар өзара шу шығарып та жүр. Мысалға, ESPN басылымының журналисі Рэйчел Николс Ұлттық Баскетбол Қауымдастығының (ҰБҚ) ойындарында АҚШ-тың Жоғарғы соты болған, ақ нәсілді Рут Бейдер Гинзбургтің қайтыс болуына орай ресми көңіл айтылмады деп кінә тақты. 18 қыркүйек күні қайтыс болған сот әйелдер құқығын қорғауда белсенді күрескер болып еді. Журналистің айтуынша, ойыншылар мен клубтар жеке өз парақшаларында көңіл айтқанымен, ҰБҚ үнсіз қалған. Николс осының алдында қауымдастықтың қара нәсілді конгресмен Джона Льюис бен тамыз айында актер Чедвик Боузман қайтыс болғанда бір минуттық үнсіздік жариялап, құрметтегенін айтады. Ал, Гинзбургке келгенде лига мән бермеуді дұрыс деп есептеген. «Рут Бейдер Гинзбургке неге ҰБҚ тарапынан құрмет көрсетілмеді? Өзінің басты құндылықтары теңдік екенін айтып жүрген лигада неге тек ер адамдардың құқығын қорғағандар ғана құрметтеледі?», – деп жазды өзінің твиттер парақшасында. Николс өзінің әрекетімен қара нәсілділерге деген назардың көптігін де меңзеп кетті.
Бұл екі қозғалыс арасындағы жанжал бұнымен тоқтаған жоқ. OutKick порталының журналисі, қара нәсілді Джейсон Уитклок өз сайтында ESPN тележүргізушісі Кэти Ноланның барлық жетістіктері тек қана оның әйел адам болғаны мен сұлулығында ғана деп жариялады. «Сұлулықтың, әсіресе телеарналарда басқа сындарды басып кететін өзіндік ерекшелігі бар. Онымен басшылықты масайратып, блогерлер мен халықтың көзін алдауға болады. Осылайша, сенің барлық кемшіліктерің ұмытылып кетеді. Сұлулық Кэти Ноланды бармендіктен миллионер, «Эмми» премиясының лауреаты және көрермен көзайымы етті. Барлығы оның қызықсыз әзілдері мен тікелей эфирді жүргізу қабілетсіздігіне көз жұма қарайды. Кэти Нолан – ақ нәсілділердің үстемдігінің бір белгісі. Ол өзін қара нәсілділердің қорғаушысы ретінде көрсеткісі келеді. Бірақ, ақ нәсілділерді қолдайтын жүйемен өмір сүреді. Ол жүйені қолдайды, ал халықтың алдында өтірік қарсылық білдіреді», – деп жазды. Бұл мақала «Black Lives Matter» қозғалысының белсенділерінің назарын аударды. Бұған Нолан өз твиттерінде «Сіз шынымен әйел адамдардан жақсы нәтижені емес, сұлулықты ғана күтеді деп айтқыңыз келеді. Дегенмен, шындыққа тура қарағандағы бейне өзгеше. Осы қуатыңызды біздің келесі кездескенімізге дейін сақтап қалыңыз», – деп жауап қайтарды. Бұл өз тарапында бейтарап халықтың ашу-ызасына тиді. Әлеуметтік желілерде екі қозғалыстың мүшелері шектен шығып бара жатқаны жайлы пікірлер көбейіп, енді біреулер бұны «үшінші дүниежүзілік соғыс» деп әзілдеп жатты.
Шынында, «BLM» қозғалысының көтерген мәселелері орынды. Себебі, мамандардың айтуынша, АҚШ-та қара нәсілділердің жалақысы ақ нәсілділерге қарағанда екі есе азырақ. Тіпті, басшылық қызметте отырған афроамерикандықтың да үлесі басқаларға қарағанда аздау болады екен. Жалпы, «Black Lives Matter» қозғалысының құрамында қара нәсілділер ғана емес, ақ нәсілділер де бар. Олардың көбісі – жастар. Дегенмен, белсенділер санының күрт артуының әсерінен бұл қозғалыс өзінің кері әсерін де тигізіп жатыр. Мыңдаған адаммен ұйымдастырылып жатқан митингтердің арты тәртіп бұзушылыққа ұласып жатыр. Тіпті, кейде жеке адамдардың мүлкіне зиян тигізіп, ұрлыққа барып жатқандар да бар. Тиісінше, бұл қозғалысты сынап жатқандар да аз емес. Жалпы, «Black Lives Matter» сөзі «қара нәсілділердің өмірі маңызды» болып аударылады. Осыған орай, «All Lives Matter» қозғалысы құрылды. Ол ағылшын тілінен аударылғанда «Барлық өмір маңызды» дегенді білдіреді. Бұл қозғалыстың мақсаты – нәсілдік, діндік, ұлттық және жыныстық мәселелерде бейтараптықты сақтау. Яғни, бір нәсілдікті қолдау әсіреленіп, қалған адамдар көлеңкеде қалып қоймауын қадағалау. Жалпы, нәсілдік дискриминация тақырыбы әлемде әлі біраз жылдар бойына өзекті болары анық. Және өзіне ерекше аса қатты құрмет танытқанын қалайтын бұл қозғалыс мүшелері шектен шықпауын қадағалаған жөн. Себебі, бұның арты болашақта үлкен дауларға ұласып кетуі әбден мүмкін.
Одан бөлек, Оскар сыйлығын алу үшін енді фильмнің басты рөлдерінің бірінде міндетті түрде қара нәсілді адам болуы керек. Бұл көркем шығарма авторларына жасалған қастандық емес пе? Осы секілді болашақта көптеген өзгерістер болмақ. Шахматтағы фигуралардың түсі өзгертілуі де мүмкін. Оған себеп, ақ түсті фигуралардың ойынды бірінші бастауы. Осы қозғалыстардың әсерінен көптеген мәдени ұйымдар мен орталықтар жабылып қалуда. Әрине, адамдар арасындағы теңдіктің болуы орынды. Дегенмен, кез келген нәрсенің шегі болады. Енді сол шектен асып кетпей, барлығына тура көзқараспен қараған жөн.

Бекзат АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: