Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкімге әркімнің-ақ бар таласы…

26.10.2023, 12:00 383

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дейді ұлы Абай. Әлбетте, талас бар жерде талғам да қатар жүруге тиіс. Бұл, әсіресе бүгінгі ән өнері мен оның орындаушыларына қатысты. Ал, осы ұлы хәкімнің әлгі сөзін «Әкімге әркімнің-ақ бар таласы» деп өзгертіп, соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылған ауыл әкімдерін, енді қанатқақты режімде аудан әкімдерін сайлауға қатысты қолдансақ, шын жүйрікті шабанынан айырып, қадіріне жетер күнге келдік пе? Өйткені, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады».

Хош. Елімізде 5 қараша күні 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімдері сайлауы өтеді. Бұған дейін ауыл, кент әкімдерін жергілікті тұрғындардың өзі сайласа, енді «Сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау алғаш рет мәслихат бекітіп берген жерлерде жоба ретінде жүзеге асқалы отыр. Сонымен, саяси реформалар аясында қолға алынған еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру жұмысы қандай нәтиже бермек? Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев соңғы жолдауларында демократиялық үрдіске қадам басу керектігін қадап айтты. Ендігі кезек аудан әкімдерін сайлауға да келді. Айта кету керек, президент 2021 жылғы 25 мамырда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойып, нәтижесінде ауыл әкімдерін жергілікті тұрғындар дауыс беру арқылы сайлау құқығына ие болу мүмкіндігі туды. Тіпті, әкім болғысы келген азамат өзін-өзі ұсына алады.

Оларға қандай талап қойылады? Біріншіден, үміткердің жасы 25 жастан жоғары болуы тиіс. Екіншіден, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі міндеттелмейді. Демек, кез келген салада кемінде 2 жыл бойы елу адамнан тұратын ұжымды басқарған азамат өз кандидатурасын ұсына алады. Нақтылай кетсек, үміткерлерді ұсыну саяси партиялар арқылы және өзін-өзі ұсыну арқылы жүзеге асады.

Қазірдің өзінде еліміз бойынша  17  облыстың мәслихаты сайлау өткізетін аудан мен облыстық маңызы бар қалаларының тізімін бекітті. Бүгінде  15 қыркүйектен үміткерлерді тіркеу жұмысы басталып, 10 қазанда аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының 6 қазан күні өткізген жиынынан белгілі болғанындай, барлығы  249 үміткер анықталған, оның  64 пайызы – өзін-өзі  ұсынғандар. Ең  үлкен   бәсекелестік – бір орынға тоғыз үміткер. Ал, ең төменгісі – бір орынға үш кандидат. Үміткерлердің орташа жасы – 47, жасы егде кандидат 62-де болса, ең жасы – 27-де. Әлгі 249 үміткердің тек 13-і – әйел.

Қазіргі таңда тіркелген азаматтар 24 күнге жалғасатын сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал сайлауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмаған. Есесіне, жергілікті бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінетіні айтылды.

Пилоттық жоба Қызылорда облысында да бола­ды. Бұл жолы Сырдария мен Шиелі аудандарының әкімін сайлау өтеді. Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, аталған екі ауданға тиесілі сайлау жұмыстары реттілігімен орындалуда. Бүгінде аудандардағы аумақтық сайлау комиссиялары үміткерлер тарапынан ұсыныл­ған құжаттардың дұрыс не бұрыстығына зер салып болған соң, тіркеу процесі жүргізілді. Ол үшін Сыр­дария ауданында 18, Шие­лі ауданында 40 учас­келік комиссия  жұмыс істеді. Оларда 388 комиссия мүше­сі қызмет атқаратын болады. Айта кетер жайт, осы сайлау жүйесіне қатысты қандай да бір сауал тұрғынды мазалаған жағдайда 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласу мүмкіндігі қарас­тырылған. Одан өзге сайлау күні дауыс беруге негізделген қосымша ақпараттарды «Өзіңді сайлау­шылар  тізімінен  тексер»  сервисі арқылы біле алады. Аталған жүйе арқылы өз учаскесін, мекенжайын, комиссия құрамын анықтай алады. Саяси нау­қанда белсенділік таныту­ға ниетті тұрғындар саны Шие­лі ауда­нында  көш бастап тұрғанын да айт­пай кетуге болмас. Қыркүйектегі жағдай бо­йынша  Сырдария  ауданында – 22101, Шиелі ауданында – 50402 сайлаушы тіркелген. Сондай-ақ екі ауданда 859 (Шие­лі – 560, Сырдария – 299) мүгедектігі  бар сайлау­шының  дауыс  беру­ге  құқығы  бар.

Бәрінен де жұртты аталған екі ауданға әкім болу­ға кімнің «таласып» жатқаны толғандыратыны анық. Қолдағы мәліметтерге сенсек, әдепкіде әкім болуға 7 үміткер кандида­турасын ұсынған болатын, оның 6-ауы тіркелеп, 1-еуі өз өтініші негі­зінде кандидаттықтан алынып тас­талды. Жеме-­жемге келгенде «қалыс» қалған азаматтың кім екенін облыс­тық әкімдіктің порталындағы мәліметтен білдік. Ол «Азамат­тарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Қызылорда облысы бойын­ша филиалы коммерция­лық сервис басқармасының басшысы Арман Бимағанбетов екен. Оны Шие­лі ауданы­ның әкіміне үміткерлікке «Қазақ­станның  «Ақ жол» демокра­тиялық партиясы» ҚБ-нен ұсын­ған. Ал, ұсынылған кандидаттардың орта­ша  жасы – 47, ең жасы – 39-да, ең үлкені – 60 жаста. Үміткер­лердің ішінде әйел азаматшалар жоқ. Кандидаттардың 4-еуі – мемлекеттік қызметкер, 2-еуі – қазіргі әкімдер және 1-еуі – бюджеттік сала қызметке­рі, мамандығына келсек, 5-еуі – эконо­мист, 1-еуі – заңгер, 1-еуі – құрылысшы.

Сонымен, қанатқақты режім бо­йынша таңдап алынған екі ауданның әкімі болуға үш-үштен үміткер  бар. Олар кім дегенге келсек, Сырдария ауданы  әкіміне  кандидаттар:

Бакиров Ерлан Амирханович – 1984 жылы туған, ұлты қазақ. Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысының орынбасары. Қазақ гуманитарлық заң университеті мен «Болашақ» университетін заңгер, экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004-2005 жылдары «Раим» ЖШС-де заңгер болып бастаған. 2005-2006 жылдар аралығында Қызылорда облысының табиғи монополиялардың қызметін реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің жетекші маманы, 2006-2016 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының мемлекет­тік-құқықтық  жұмыс­тар бөлімінің жетекші мама­ны, бас инспекторы, кадр жұмысы бөлімінің басшысы болған. 2016-2020 жылдары Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары, 2020 жылғы маусым айы­нан бастап Жала­ғаш ауданы әкімінің орын­басары қызметін атқарды. Қызыл­орда  қаласында  тұрады.  Өзін-өзі  ұсынған.

Қарсақбаев Бауыржан Бақытбекұлы – 1978 жылы туған, ұлты қазақ. Қазақстан Республикасының Сауда және интег­рация министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бо­йынша департаменті РММ басшысы-Қызыл­орда облысының мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы. Қызылорда облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік және «Болашақ» университеттерін бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы «С.Сейфуллин» ЖШС-де механик болып бастаған. 2002-2004 жылдары Қызылорда облыстық медицина орталығында инженер оператор болып қызмет атқарған. 2004-2008 жылдар аралығында Қызыл­орда қаласы әкімі аппаратында маман, жетекші маман, бас маман, қалалық кәсіпкерлік бөлімінде бас маман, Қызыл­орда облы­сының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авария­лар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жою­ды ұйымдастыру басқар­масының әкімшілік бөлімінің басты­ғы болған. 2008-2011 жылдары Қызыл­орда облысы әкімі аппаратында бас инспектор, облыс әкімі орын­басарының көмекшісі, Қызыл­орда қала­сы әкімі аппаратының экономика және қала инфрақұрылымын дамы­ту бөлімінің бастығы, энергетика  және  коммуналдық шаруа­шылықты  дамыту бөлімінің бастығы, қала әкімі орынбасарының көмекшісі-бас инспекторы болып қызмет атқарған. 2011-2013 жылдары «Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ бас­тығы, Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басты­ғының орынбасары болды. 2013-2020 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығы» КММ басшысының  орынбасары, басшысы, Сырдария ауданы  әкімі  аппаратының басшысы лауазым­дарын атқарған. 2020 жылдың 8 қазанынан бастап, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызыл­орда облысы бойынша депар­таментінің басшысы-Қызыл­орда облысының мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы. Қызылорда  қаласында  тұрады.  Өзін-өзі  ұсынған.

Сарменбаев Берик Абдугаппарович – 1963 жылы туған, ұлты қазақ. Сырдария ауданының  әкімі. Алматы архитектура-құрылыс институтын «өнеркәсіптік  және  азаматтық  құрылыс»  мамандығы  бо­йынша  бітірген. Еңбек жолын 1985 жылы «Казторгстрой» тресінің тас қалаушысы болып бастаған. Әр жылдары мемлекеттік және жеке секторда қара­пайым маманнан басшылық лауазымға дейінгі қызмет­тер атқарды. 2005-2010 жылдары Қызылорда қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы және Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болды. 2010-2011 жылдары «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі, 2011-2019 жылдары Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Шие­лі ауданы әкімінің орынбасары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары салаларында жауапты лауазымдар атқарды. 2021-2022 жылдары Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы басқармасы басшысының орынбасары, 2022 жылдың мамыр айы­нан бастап Сырдария ауданы әкімінің орынбасары болды. Тереңөзек кентінде тұрады, «AMANAT» партиясы  қоғамдық  бірлестігінен  ұсынған.

Ал, Шиелі ауданы әкіміне кандидат кімдер?

Ахатов Нуржан Сабитович – 1978 жылы туған, ұлты қазақ. Шиелі ауданының әкімі. Ол Шиелі ауданында дүние­ге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Бухгалтер­лік есеп және аудит», Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Қызылорда облысының статистика жөніндегі есептеу орталығында бастаған. Кейін Шиелі ауданы әкімі аппаратының ұйымдас­тыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерінде болды. Қызылорда облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, Қызылорда облысының кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары ретінде жауапты қызметтер атқарған. «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС директоры лауазымында қызмет етіп, өндіріс саласында мол тәжірибе жинақтады, «Байқоңыр» ӘКК мекемесін басқарды. Қызылорда қалалық мәслихаты депутаты ретінде де қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қос­ты. Шиелі кентінде тұрады. «AMANAT» партиясы қоғамдық  бірлестігінен  ұсынған.

Есмаханов Алмасбек Абилкасимович – 1982 жы­лы туған, ұлты қазақ. Қызылорда облыстық қо­ғам­дық даму басқармасының басшысы. 2005 жылы Қызыл­орда гуманитарлық университетінің қаржы және несие, 2009 жылы Қазтұтыну­одағының Қараған­ды экономикалық университетінің заңтану мамандықтары бойынша бітірген. 2013 жылы Қазақ­стан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі және АҚШ-тың Каролина штатының ДЮК университетінің «Саясаттану» маман­дығы бойынша әлеуметтік білім магистрі академия­лық  дәрежесі  берілген. Еңбек  жолын 2006 жылы  қалалық экономика және бюджеттік жос­парлау  бөлімінің маманы болып бастаған. 2007-2008 жылдары облыс­тық жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар департаментінің жетекші, бас маманы, 2008-2012 жылдары қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары, бөлім басшысы, 2012-2014 жылдары Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі, 2014-2015 жылдары облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-­инспекторлық жұмыс  және  аймақтық  даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім басшысы, 2015-2018 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Қызылорда қаласы әкімдігінің аппарат басшысы, 2019-2020 жылдары қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазым­дарында қызмет атқарған. Қы­зыл­орда  қала­сында  тұрады.  Өзін-өзі  ұсынған.

Қордабай Нұрғали Рахымшаұлы – 1976 жылы туған, ұлты қазақ. Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының  мүшесі. Қызылорда  поли­техникалық  институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетін «Құқық» мамандықтары бо­йынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы «Дәне­кер» АҚ бухгалтері ретінде бастаған. 1999-2015 жылдары Қызылорда облысының салық органда­рында жауапты басшылық қызметтер атқарған. 2015-2016 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің кеңесшісі, 2016-2018 жылдары облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап экономика және қаржы басқармасының басшы­сы  қызметін  атқарып келді. Қызылорда қаласын­да  тұрады.  Өзін-өзі ұсынған.

Тізімдегі алтау да қаражаяу емес, төрт үміткер – өзін-өзі ұсынғанымен, мемлекеттік қызметте жүрген­дер. Алайда, сая­си  бағамдасақ, «AMANAT» жетелеген қазіргі іс жүзіндегі екі әкімнің қадамы алға шығып тұр. Айта кетейік, үміткерлер үгіт жұмыстары үшін қалталарынан қаржы шығармайды. Бұқаралық ақпарат құралдарынан бағдарламаларын жеткізуге және сайлаушылармен кездесуге бағытталған жүріс үшін тиісті көлік шығынына әр үміткерге 420 мың теңге  белгілен­ді.

Айтпақшы, сайланатын әкімнің өкілеттік мер­зімі – 4 жыл. Бір адам қатарынан екі реттен артық аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі болып сайлана алмайды. Сонымен қатар аудан және облыстық маңызы бар қала мәслихаттарына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге өз міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарау жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Бұл жағдайда мәслихат депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысы­мен әкімге сенімсіздік білдіруге және жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметтен босату  туралы  мәселе  қоюға  құқылы.

Жалпы, әкім қандай болу керек? Шаруаның адамы ма, әлде саясаткер ме? Бастысы, қай деңгейдегі әкім болса да, қоғамның талап-тілегіне сергек қарап, жекелеген адамдардың мұң-мұқтажына ортақ­таса білуі керек. Мұндай жағдайда ол әрі шаруагер, әрі саясаткер міндетін қатар атқарады. Бұл ретте кезінде облыс басқарып, шетелде елші де, Үкіметте вице-премьер де болған марқұм Балташ Тұрсын­баев aq-qara.kz ақпарат агенттігіне бұдан алты жылдай бұрын берген пікірінде: «Әдетте көпшілік шаруагер әкімді «завхоз» ретінде көргісі келеді. Бұл дұрыс емес. Әкімнің бойында өзіне сеніп тапсырылған облыста, ауданда, ауылда ішкі саясаттың негізгі қағидаларын ұтымды жүзеге асыра алатындай қабі­лет болғаны жөн. Алайда бұл сұлу-сыпайы, құрғақ сөзден тау тұрғызу дегенді білдірмейді. Өйткені шаруа­шылыққа қатыс­ты ең маңызды түйткілдердің түйінін тарқатпай, идеология­ға кірісу қиын. Өз кезе­гінде саяси жұмысты жүргізу үшін де тиянақты білім, ептілік қажет. Аталмыш қасиеттер әкімнің бойынан табылмаған жағдайда ол расында да қолында өзі басқаратын аймақтың бір уыс кілті бар, қоймалардың есігін ашып-жауып жүруден әріге қау­қары жетпейтін «завхозға» айналып шыға келе­ді»  депті.

Саясаткер әрі сарапшының осы пікірінен ұққанымыз, нағыз толыққанды әкім атану үшін шаруа­шылықтың тілін біліп, саясатты ұршықша иіре біл­ген абзал. Міне, осынау тепе-теңдік сақталғанда ғана облыс пен аудан, ауылдың дамуына жол ашыла­ды. Жасыратыны жоқ, шаруашылықтың бабын білу, түсіну былай тұрсын, ішкі саясатты «қақпайтын» атқамінерлер де жиі кездеседі. Соның кесірінен экономика кері кетіп, құлдырау бола бастайды, ал бұл бірінші кезекте әлеуметтік наразылықтың туын­дауына түрткі болады. Ендеше, оншақты күннен кейін Сырдария мен Шиелі ауданында кім әкім болып сайланса да, өз ісіне жауапты, білімді, жергілікті жердің қыры мен сырын жетік білетін, ауыл-аймақ­тың мәселесіне қанық болғаны жөн. Бір сөзбен айтқан­да,  әкім – халықтың  құлы  болуы  керек.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Сіз  не дейсіз?

Мақсат  ЖАҚАУ,

саясаттанушы

ӘКІМДЕРДІҢ  САЙЛАУЫНАН  ХАЛЫҚ  ҰТАДЫ

Әкімдер сайлауы 2019 жылы Президент Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың баста­масымен қайта жанданды. Бұл демок­ратиялық төменнен жоғары қарай даму үрдісі 2021 жылдың 21 шілдесінде жанданып, міне, араға екі жыл салып, аудан мен қала  әкімдерінің  сайлауына  да  ұласуда.

Алғашқы мәліметтерге сенсек, әкімдіктен дәмелі 249 үміткер ұсынылған екен. 45 аумақ­тың басшылығына ұсынылған кандидаттың бұл саны сәл аздау. Оның да себебі бар, егер кешегі көктемде өткен Мәжіліс сайлауында бір сайлау округінен Қазақстан бойынша ең көбі 70-77 кандидат ұсынылса, оның айналысар қызметтік жауап­керші­лігімен байланысты деп ұғынған жөн. Өйт­кені, әкімге қарағанда, депутаттың айналы­сар шаруасы анау айтқандай көп емес. Ал әкім болу дегеніміз, тек басқару емес, атқару­шылық қызметтерді де қатар алады. Яғни, менеджерлік, қаржылық, шаруа­шылықтық, құқықтық, әлеуметтік жауапкершіліктері жетіп артылады. Міне, осыдан болар, көп  азамат  әкім болуға  өз  кандидатурасын  ұсынуға  асықпайды.

Осы сайлауда еліміздің барлық тіркелген жеті саяси партиясы («Ақ жол» ҚДП, AMANAT, «Ауыл» ХДПП, Байтақ, ЖСДП, ҚХП, Respub­lica) белсенділігін көрсетті. Көп саяси ұйымның адрестік деңгейде ұсыныстары қоғам тарапынан қолдау табатын болды. Және жергілікті өзекті мәселелердің ерекшелігіне қарай, қолданыстағы сайлауалды бағдарламалары да іс жүзінде жүзеге асуына мүмкіндік туады. Мәселе, тек Парламентте көтеріліп, Үкіметті тоқпақтай беру деген әдет, бұл міндетті емес. Осы ретте саяси партиялардың қаншалықты белсенділігі жергілікті деңгейде атқарып жатқан жұмыстарынан байқалады. Егер партиялардың филиалдары, жергілікті партиялық өкілеттіктерінің жұмысы сапалы деңгейде жүрсе, сөзсіз ондай саяси ұйымның сайлау­дағы мүмкіндігі жоғарылайды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, партия арқылы сайлауға түсетін кандидаттардың сайлаудағы нәтижелі  шығуына  тәуекелдігі  молдау  болмақ.

Жалпы, әкімдердің сайлауы саяси пар­тия­лардың жұмысын ғана ілгерілетеді деу­ге болмайды. Өйткені, жаңа өзгерістер енген конституция­лық заңнаманың өзінде тек сая­си партияның ғана емес, өзін-өзі ұсыну­шы жеке кандидаттардың да сайлану­ға толық құқығы анықталған. Сондықтан, алда­ғы 5 қарашадағы әкімдер сайлауында 160-тан астам кандидат өзін-өзі ұсыну­шы ретінде түскен. Осыған байланысты, әлбетте сөзден гөрі іске жақын кандидаттар әкім болған күннің өзінде сайлауда берген уәделерін орындай алу қабілеттері керек. Әйт­песе, тағы  да  жаңа өзгерістердің  арқасында, бар малын шығындап, уәдесін төгіп, бірақ  сөзінде тұрмай, «әкім болдым, мінеки» деп, өзі сайлаған халықтан қашып жүрсе, алғашқы жылынан кейін, сайлаған сайлау­шының  бестен бірінің ғана арызымен әкімдерді  орнынан  алып тастау құқықтарын қол­дануға болатынын ұмытпаған абзал. Бұл да саяси демократиялық жаңғыру аясында енген әділ  өзгерістердің  нышаны  деп  қабыл­даймыз.

Сонымен, еліміз жаңа саяси реформалар­дың шымылдығын ашты. Алдағы 2025 жыл­ға дейін елімізде жаппай жергілікті әкімдер сайлауына үлкен дайындығымен кірісті. Сол кезде жүзден астам аудан мен жиырмаға жуық облыстық деңгей­дегі қалалардың әкімдері сайланады, әрине оған дейін халқымыздың саяси демократиялық  мәдениеті  де  жетілуі  тиіс.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: