Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкімдік отырысында 3 мәселе қаралды

23.01.2024, 23:15 439

Бүгін Сырдария ауданы әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің отырысы өтіп, күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.

Бірінші мәселе – 2024 жылы егіс науқаны кезеңінде су тапшылығын жоққа шығарылмауына байланысты суармалы егіс көлемін азайту бағытында атқарылатын жұмыстар жөнінде болды.

Аудан басшысы өткен жылы егінге қажетті суды жеткізуде Үкімет тарапынан зор қолдау болғанын атап өтті.

– Өздеріңізге белгілі, 2023 жылы өңірде су тапшылығы қатты сезілді. Бұған қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп, тиісті көлемде су бөлінуіне жағдай жасалды. Үкімет резервінен 3,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, каналдар тазаланып, гидротехникалық нысандар жөндеуден өткізілді. Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен егінге қажетті су қоры жеткізілді. Дегенмен, биылғы судың деңгейі қандай болары белгісіз және су мөлшері былтырғыдан төмен болатыны анық. Сондықтан егіс көлемі азайтылып, суды аз қажет ететін дақылдар егуге басымдық беріледі, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Бұл мәселеге байланысты аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Нұрсейіт хабарлама жасады. Бөлім басшысы 2024 жылға ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға 794 млн текше метр болжамды су лимиті бөлінгенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 81 млн текше метрге аз екенін атап көрсетті. Осыған байланысты егістік көлемі де қысқартылатынын жеткізді.

Аудан басшысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, аудан бойынша егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін бекітілген кестеге сәйкес орналасуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, шаруашылықтардың ротация тәртібін сақтауды және суға қатысты қордаланған қарыздарының толық өтелуін назарда ұстауды ескертті.

Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудандағы эпидемиологиялық ахуал туралы аудандық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау басқармасының басшысы С.Өмірбаев баяндады.

2023 жылы аудан бойынша эпидахуал тұрақты болып қалыптасты. Десе де 11 ауру түрлері тіркеліп, ем-шара жұмыстары жүргізілген. Өткен жылы қызылша ауруы бойынша республика көлемінде эпидахуал күрделі болып қалыптасса, ауданда 12 жағдай тіркелген. Бүгінгі күнге аудан бойынша тиісті екпе жұмыстарымен 3008 адам қамтылған.

Аудан әкімі ауданның эпидахуалын қалыпты жағдайда ұстап, екпе жұмыстарын жүйелі жүргізуді қатаң бақылауда ұстауды жүктеді.

Үшінші мәселе мәдениет үйлері мен клубтарына 2023 жылы бекітілген ақылы қызметтің орындалуы және 2024 жылға жоспарланған қызмет мөлшері туралы болып, аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Төрәлиев ақпарат берді.

2023 жылы ақылы қызметтің жоспары 14,7 млн теңгеге бекітіліп, 91,1 пайызға орындалған. Ақылы қызмет қаржысы мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға, іссапар шығындарына, көгалдандыру жұмыстарына жұмсалған.

Аудан басшысы аудандағы мәдениет үйлерінің жұмысын сынға алып, мәдениет үйлері мен клубтары директорларының мәселесін қарап, нақты ұсыныс енгізуді жүктеді.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімі хаттамалық тапсырмалар берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: