Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Әділетті Қазақстанды аманат ету – маңызы міндет»

05.09.2024, 12:00 1003

Қасым-Жомарт  ТОҚАЕВ,

ҚР Президенті:

Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаев  әдеттегідей  қыркүйек айы  басталғанда  Қазақстан  халқына жолдауын  жасады. Бұл жолы тақырып «Әділетті  Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық  өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталды. Шыны керек, жолдау болсын, Ұлттық құрылтай болсын, президент естір құлаққа есті сөзді айтып келеді. Нәтиже шығып, орындалып жатқаны да бар. Иә, кемшін тұсын да көпшілік өз қаперіне алып жүр. Сонымен, жолдауда  не  айтылды? Қандай  өзгерістер  болады?

«Өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Парламенттің екінші сессия­сында 102 заң қабылданды. Оның ішінде қо­ғамдық  бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ, ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді» деген мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев кейбір жайттарды ашық айтып, жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді. Тоғыз тақырыпқа тоқталған ол әлі де арқаны  кеңге  салуға  болмайтынын  ескертті.

– Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті  мәселе,  қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан  осы  бағытта арнайы заңдар қабыл­данды.

…Табанды еңбектеріңіз үшін баршаңызға ризашыл­ығымды білдіремін. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Әлі де атқаратын шаруа көп, – деді  президент.

Шынында, Қазақстан халқы қазір жаңа саяси  жағдайда  өмір  сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс бар. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Десе де, жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұрғанын мемлекет басшысы еске салды. Президент­тің пікірінше, оған қарамастан Қазақ­стан  бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып  келе жатыр.

Бұған «Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыс­тырғанда жылдам өсіп жатыр» деген  сөзі  дәлел  бола  алатындай.

Сонымен, мемлекет басшысының жолдауда айтқан тоғыз тақы­рыбына  жеке-жеке  тоқталсақ.

БІРІНШІ. Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті  жою  қажет.

– Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатыс­ты оңтайлы шешімдер ойлас­тыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау  қажет.

Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды  ұстаным, – деді  президент.

Сонымен қатар, Қасым-­Жомарт Тоқаев Банктер туралы жаңа заң қажет екенін, қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданғанын айтып өтті. Жолдауда Ұлттық қордың рөлі де сөз болды. Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізу де тапсырылды.

ЕКІНШІ. Инвестициялық ахуал­ды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында  үздіксіз  жұмыс  істеу  маңызды.

Президент жобалардың сапалы болғанын қалайды. Сондықтан, Үкіметке үлкен  жауапкершілік  жүктеп  отыр.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы инс­титуттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халық­аралық қаржы ұйымдары мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жоба­лар­дың  тізімін  жасауды  тапсырамын.

Мен биыл мамыр айында «Экономиканы ырықтандыру шаралары тура­лы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжатта көрсетілген талаптар мүлтік­сіз  орындалуы  тиіс»  деп  атап өтті ол.

Шыны керек, мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Мұндай ахуал мемлекет басшысының сөзінше, нарықтағы теңдік шарттарын бұзады, жеке бастамаларға тосқауыл болады.

2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 па­йыз­ға жетуі керек. Мұны Үкіметтің алдына қойылған маңызды міндет деуге болады. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыздың о жақ, бұ жағында.

Елімізде кәсіпкерді қолдаудың 100-ден аса түрі бар. Қасым-­Жомарт Тоқаев «Бұдан білікті маман­ның өзі шатасуы мүмкін» деді. Яғни, қолдау бар, тек ол қаншалықты тиімді, кәсіпкерлер оның бәрін біле ме, мәселе сонда. Сондықтан, мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты  тиімді  екенін мұқият тексе­ріп  шығуды  тапсырды.

ҮШІНШІ. Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық  пайдалану үшін жан-жақты  шаралар  қабылдау   қажет.

Үкімет бүгінде 17 ірі жобаның тізімін жасаған. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Мемлекет басшысы жолдауда жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керектігін сөз етті. Оған тіпті мысал  да  келтірді.

Үкіметке Жаңаөзендегі, Қашаған­дағы  және  Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын  тездетуді  де  тапсырды.

– Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндіріс­тер  ашу  маңызды.

Мен  жуырда  Қарағанды облысында болдым. Сол кезде «Qarmet» металлургия комбинатына бардым. Отандық  инвестор  келген соң, ондағы ахуал едәуір тұрақталды. Кәсіп­орын жаңғыртыла бастады. Бұл қадам өндіріле­тін өнім көлемін айтарлықтай  арттыруға  тиіс.

Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елді мекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет.

Жалпы, аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек, – деді  ол.

Елдің автокөлік құрастыру ісінде оң нәтиже бары байқалады. Президент осы қарқынды сақтап, жергілікті өндіріс көлемін ұдайы арттыруды көздейді. Яғни, мемлекеттің автокөлік өнеркәсібіне көрсетіп жатқан жан-жақты қолдауы түптің түбінде толыққанды автокөлік құрас­тыру кластері ретінде елдің игілігіне  айналуы  қажет.

Қазақстан полипропилен және полиэтилен  шығаратын ірі өндіріс­тік жобаларды жүзеге асыра бастады. Бутадиен, карбамид, терефтал қышқылын өндіруге арналған басқа да болашағы зор жобалар қолға алынып  жатыр.

ТӨРТІНШІ. Инфрақұрылымға қатысты өзекті  мәселелерді  шешу  қажет.

«Қазір әлемде энергия тапшы­лығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын» деген Қасым-Жомарт Тоқаев референдумның  нақты  күнін  белгіледі.

– Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңыз­ды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуы тиіс. Атом электр стан­сасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын  қолдаймын.

Атом электр стансасын салу мәселесі­не қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын, – деді  мемлекет  басшысы.

Бүгінде экономикамыздың күн өткен сайын мол энергияны қажет етіп жатқаны шындық. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұрғаны туралы дерек бар.

Көлік-логистика секторын дамыту да – стратегиялық мәні айрықша басымдық.

Елдің Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы – бізге әлемдік бәсекеде беретін артықшылық. Сондық­тан көлік инфрақұрылы­мына салынып жатқан әрбір инвес­тиция  өзін-өзі  ақтайды.

Президенттің «Біз кейінгі ұр­пақ­қа жоғары сапалы авто және темір­жолдарды қалдыруымыз керек» деген сөзі көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ, ол «Қазақстан цифрландыру саласында қол жет­кізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс»  деді.

Әуе хабтарын дамыту – өте маңыз­ды міндет. Жалпы, Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалдайды екен. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады. Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды  жасау  керек.

БЕСІНШІ. Еліміздің кадрлық әлеует­ін біртіндеп  арттыру  өте  маңыз­ды.

– Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет.

Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті маман­дар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды.

Үкімет жоғары білім саласын халықара­лық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жо­ғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады, – деді Қасым-Жомарт  Тоқаев.

Алдағы уақытта еліміз маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты көбейтеді. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындары қолданады.

Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестиция­лық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Осы орайда, президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары  жылы»  деп  жариялады.

«Мен 2025 жылды Жұмысшы маман­дықтары жылы деп жариялай­мын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын наси­хаттаймыз.

Адал әрі табанды еңбегімен табыс­қа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық  сай  келеді»  деді  ол.

Сонымен қатар, ел басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясын­да 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайда­лануға берілетінін, мектептердің жұмы­сын  жақсарту шараларын қолға алғанын, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көп көңіл бөлініп  жатқанын  айтты.

АЛТЫНШЫ. Ұлт саулығын ны­ғайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін  жаңғырту  керек.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жекеменшік медицинаға зор пайдасын тигізіп жатыр. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінген. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатпағанын мем­ле­кет  басшысы  айтты.

– Медициналық сақтандыру жүйесі­не қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды.

Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы  төлеуі  тиіс, – деді  ол.

Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін, ең алды­мен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тара­ту  қажет.

«Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиа­даға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға  тоқталдым.

Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ЖЕТІНШІ. Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек.

Халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет. Бизнес өкілдері табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қараса игі. Бұл салаға озық техноло­гияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыру қажет. Табиғатты лас­тайтын қалдықтарға мониторинг жасай­тын  озық  жүйе  ойдағыдай жұмыс  істеуі  тиіс.

Президент орман мен тоғайды көбейту ісін қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар, тұқымбақтарында көшеттерді көптеп өсіруді жолға қойған  жөн  дегенді  атйтты.

– Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті  шараны  қабылдайды.

Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-­тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқап­тарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен президент болып сайлан­ған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін, – деді ол.

Осы орайда, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған береке­лі бастама. Иә, солай болды да. Осы уақыт аралығында 3 мил­лионға жуық азамат атсалысып, жүздеген мың үйдің ауласы тазартылған. Бастысы, 1 миллион тоннадан астам қоқыс  жиналған.

СЕГІЗІНШІ. Мемлекеттік бас­қару ісінің тиімділігін барынша арт­тыру  керек.

«Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді  жұмыс  істей  бастады.

Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деген мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау жұмысына кеңінен тоқталды.

Айта кетейік, 2021 жылы енгізілген ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі өз жемісін берді дей аламыз. Оған президенттің келтірген деректері дәлел  болады. Яғни, сол уақыттан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланған. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы. Жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген болып шықты. Демек, халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырған.

– Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыс­та 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бо­йынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мем­лекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді, – деді  ол.

ТОҒЫЗЫНШЫ. Қоғамда  заң  мен  тәртіп  идеологиясын  терең  орнықтыру  қажет.

Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куәміз. Сондықтан, қазір қаржы және эконо­мика негіздерін білу, қара­пайым цифрлық  дағдыларды меңгеру аса маңызды  болып  тұр.

Президенттің пікірінше, мектеп­терде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмыс­ты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына  мүмкіндік  береді.

Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл  шаралар  қабылдауы  тиіс.

– Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық.

Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамас­тан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны  кеңге  салуға  болмайды.

Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді, – деді Қасым-­Жомарт  Тоқаев.

Жол апаттары да қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отыр­ғаны рас. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шеккен. Есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес те күн  тәртібінен  түспейді.

Мемлекет басшысы теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушық­тыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келетінін, елімізге орынсыз шүйлігетінін айтып өтті. Бірақ, «Қазақ­станның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды» деп бұл  тақырыпқа  нүкте  қойды.

«Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз  керек».

Бұл – Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзі. Қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруы тиіс. Сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақ­станды  болады.

Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуы тиіс. Әр іс елге деген жанашыр­лық ниетпен жасалуы керек. Мұны да ел басшысы ескертті. Біз еліміздің байлығын үнемдеп пайдалансақ, табанды еңбек етсек, салық төлесек, өз өнімдерімізді сатып алатын болсақ, түрлі жобаларға инвестиция салсақ, мемлекетіміздің қуатын арттыра түсеміз. Демек Отанымызға да, отбасымызға да пайдамыз тиеді деген сөз.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: