Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қасымова: «Соңғы қоңырау 45 минуттан аспауы тиіс»

02.06.2020, 12:00 1273

HALYQLINE.KZ Мектеп бітіруші түлектердің аттестат алу рәсімі және Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуі туралы Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың қатысуымен брифинг өтті.

Осы жылы 11-сынып оқушыларының соңғы қоңырау шаралары Атестат алу рәсімімен біріктіріліп өткізіледі. Биылғы оқу жылын 6059 бітіруші мектепті аяқтайды. Бітірушілердің 548-і «Алтын белгі», 363-і «Үздік аттестат» иегері атанды. (2019 жылы – 406 «Алтын белгі», 264 – «Үздік аттестат»).

Бұған дейін атап өткендей, біріктірілген шаралар мектептің сыртқы ауласында ұйымдастырылады. Аттестат тапсыру барысында санитарлық сақтық шаралары қатаң сақталатын болады. Атап айтқанда, шараға қатысушылар арасында әлеуметтік арақашықтықтың сақталуы, оның алдын ала орындарының белгіленуі, маскалық режим және барынша қатысушылар санын шектеу көзделіп отыр. Ертеңгі шарада түлектердің тек ата-анасы немесе заңды өкілінің қатысуы талап етіледі, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Шаралар мектеп бітіруші түлектердің санын ескере отырып белгіленген кесте бойынша өтеді. Онда сынып саны, бітіруші сыныптың саны ескеріледі. Салтанатты шара 45 минуттан аспауы тиіс.

Басты атап өтерлігі, шаралар барынша қарапайым түрде ұйымдастырылуы тиіс. Яғни, түлектердің қоштасу вальсі, мерекелік отшашулар өткізілмейді. Мектеп мұғалімдеріне сыйлық алуға, басқа да шараларға, безендіру, жөндеу жұмыстарына, мектепке естелік сыйлық алуға ата-аналар мен оқушылардан ақша жинауға қатаң тыйым салынды.

Аудандық, қалалық білім бөлімдері, полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мектеп бітірушілердің кортежбен серуендеуіне, кафе-мейрамханаларда тойлауына, кешкі уақытта жалдамалы үйлерде, табиғат аясына серуендеу, өзен-көлдерге суға шомылу тыйым салынады.

Осы мақсатта білім басқармасының арнайы бұйрығы қабылданып, онда білім бөлімінің, мектеп басшыларының қатаң талапты сақтау ескертілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: