Ресей Украинаға басып кірді. «Үш күнде Киевті аламын» деді. Жоспары іске аспады. Осы бір жыл ішінде әлем қалай өзгерді?
1. Экономика бойынша тасымал жолдары өзгере бастады. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан Еуропа-Ресей-Азия тасымал жолы бұзылды. Агрессор аумағы арқылы көп компания өтуді қаламады (қауіпсіздік). Жаңа жолдар қарастырылуда. Ол Грузия-Әзербайжан-Орталық Азия жолын өзекті етуде.
2. НАТО біртұтас ұйымға айналуда. Еуропа елдерінде соңғы жылдары «НАТО-ға қажеттілік бар ма?» деген сұрақ туған еді. Кезінде әлгі Трамптың «Еуропа елдері НАТО-ға үлес жарнасын төлегісі келмейді» дегені содан шыққан еді. Ал бірақ Ресей өзінің әрекетімен, агрессиясымен НАТО-ны қайта біртұтас, ұйымшыл етті. Енді Еуропа мемлекеттері оның қажеттілігін сезінуде. Сөйтіп Ресей өз жауын өзі өршелендіріп алды.
3. Еуропа Ресей энергиясына тәуелділік деген қауіп барьерінен аттай білді. Иә, ол Еуропа үшін оңайға соқпады. Энергия қымбаттай түсті, бірақ Кремль айтқандай үсіп қалмады. Әлі де Еуропа елдері Ресей газы мен мұнайына балама іздеп біраз жыл сабылады. Алайда бір дүние анық: енді олар Ресей газы мен мұнайына тәуелді болмайды, себебі Ресей мұнайына тәуелді болу оның бопсасына көнумен бірдей. Сондықтан бұл – маңызды шешім. Себебі ЕО 2008 жылы Грузияға Ресей басып кіргенде, 2014 жылы Украинаны отарлай бастағанда осы шешімді қабылдаудан қашқақтаған болатын. Демек, 2022 жылы Еуропа өзі үшін қиын да болса маңызды шешімді қабылдады деген сөз.
4. Мәскеу «НАТО-ны шығысқа жылжытпаймын» дейді. Тіпті «НАТО 1997 жылғы шекарасына дейін шегінсін» деді. Бірақ әдеттегідей артық қыламын деп тыртық қылды. НАТО-ға «ешқашан әскери блокқа кірмеймін» деген Швеция мен Финляндия мүше болады (Түркия рұқсатын береді, күмән болмасын). Сөйтіп экономикалық қуатты екі ел НАТО-ға кіріп, оны тіпті күшті ете түспек. Ал Финляндия – Ресеймен шекаралас ел.
5. Ресейдің Қытайға тәуелділігі артты. Еуропа елдері оның мұнай-газын алуды азайтып, мұнай бағасына шектік құн енгізіп, мұнай өнімін сатуға және теңіз арқылы тасымалдауға санкция салғандықтан, Кремль өнімін Үндістан мен Қытайға сатуға талпынуда. Дели мен Бейжің Ресейдің тығырықта екенін біледі, сондықтан да оның арзан мұнайы мен газына тағы да жеңілдік сұрауда. Жеңілдікті Ресей беріп отыр. Амалы жоқ. Әсіресе Қытайға тәуелділігі артты. Себебі Ресей Қытаймен шекаралас, ең көп мұнай-газын сол бағытта жөнелтуде. Ал Үндістан алыста жатыр, тасымалдау құны қымбат. Сөйтіп «аю» «айдаһардың» қолына қарап қалды. Алда Ресейге несие беретін де тек Қытай болуы мүмкін. Тәуелділік тіпті артады деген сөз.
6. Ресей өз тарихындағы үшінші мобилизацияны жариялады. Бұл оның «арнайы операция» деген соғыстағы сәтсіздікті мойындауы болатын. Бірақ ол кері әсерін береді. Себебі мобилизациядан кейін қабілетті жастардың көбі (кей дерек бойынша 2-5 млн) шетел асты, оның ішінде 100 мың IT маманы бар. Білімді, тіл білетін, өзіне сенімді мамандар кетіп жатыр. Ақылдылар ағыны ғой. Олар Ресейді дамытуға үлес қосар күш еді, енді Мәскеудің агрессиялық шешімінен кейін басқа елдің дамуына үлес қосады. Екінші кері әсері – демография. Ресей – онсызда демографиялық қара құрдымдағы ел. Жастардың шетел асып, 18-30 жас аралығындағылары соғысқа кетуі де алда өзінің кері нәтижесін көрсетеді.
7. Ресей КТК мұнай құбырын жауып, бізді 4 мәрте бопсалады. Бірақ біз жаңа мұнай тасымалдау жолын іздей бастадық. Әрине ол КТК-ны толық алмастыра қоймайды, оған жылдар керек. Бірақ Ресейдің осы әрекеті бізді «комфорт аймағынан» шығуға итермелеген болар. Бұл да дұрыс.
Бір жылда әлем өзгерді деуге болады. Жаппай қарулану басталды, әлем қайта блоктарға бөліну алдында тұр, державалар әлсіз елдерге «сен кіммен біргесің?» сұрағын қоюға әзір, милитаризм саясаты қайта маңызды болуда. 365 күн әлемді өзгертті.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!