Жыл сайын жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде өзгерістер болады. Мәселен, 2025 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемі 3 932 теңгеге өсті. АЕК-тің өсуі тек әлеуметтік төлемдерге емес, әкімшілік айыппұлдарға да әсер етеді. Осыған орай, биыл болатын негізгі өзгерістерге шолу жасадық.
ЖАЛАҚЫ, ЗЕЙНЕТАҚЫ, ЖӘРДЕМАҚЫЛАР ӨСЕДІ
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 43 407 теңгеден 46 228 теңгеге өсті. Еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері былтырғы 85000 теңге көлемінде өзгеріссіз қалды. 1 қаңтардан бастап зейнетақы 8,5 пайызға, ал әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 6,5 пайызға индекстелді. Осылайша, мемлекеттік базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 32360 теңге (2024 жылы – 28 215 теңге), ең жоғары мөлшері 50851 теңге (2024 жылы – 45578 теңге) болды. Жасы бойынша зейнетақының ең төмен мөлшері – 62771 теңге (2024 жылы – 57853 теңге), ең жоғары сомасы – 162195 теңге (152295 теңге). Базалық және жасы бойынша зейнетақының ең төмен мөлшері 95 131 теңге, ең жоғары сомасы 213 046 теңге болып белгіленді. 2025 жылы зейнет жасы өзгермейді: ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас.
Жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 74428 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы былай өзгереді: I топ — 101702 теңге, II топ — 84598 теңге, III топ — 74 428 теңге.
Биыл босанған анаға берілетін бірреттік жәрдемақы — сүйіншіпұл бар. Биыл бірінші, екінші және үшінші балаға 149416 теңге (38 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға 247716 теңге (63 АЕК) сүйіншіпұл төленеді. Көпбалалы отбасына отбасылық кірісіне қарамастан сараланған жәрдемақы беріледі: төрт балаға — 63030 теңге (2024 жылы — 59183 теңге); бес балаға — 78798 теңге (2024 жылы — 73988 теңге); алты балаға — 94565 теңге (2024 жылы — 88973 теңге); жеті балаға — 110332 теңге (2024 жылы — 103 598 теңге); сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға — әр балаға 15728 теңгеден (4 АЕК) қосылады (2024 жылы — 14768 теңгеден).
2025 жылы ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 17 пайызға артады. Білім беру ұйымдарының әкімшілік және қосалқы персонал қызметкерлерінің жалақысы 2024 жылы 71 пайызға өсті. Аталған санаттағы қызметкерлердің жалақысын 2025 жылы 100 пайызға арттыру жоспарланған.
БАСПАНА КЕЗЕГІН КІМ ЖҮРГІЗЕДІ?
Биылдан бастап Отбасы банк ұлттық даму институты ретінде қызмет көрсетуге кірісті. Банк баспана кезегін жүргізіп қана қоймай, тұрғын үймен қамтамасыз ету іс-шараларын жүзеге асырады. Ол үшін қаржы институты негізінде тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылып, оған баспана кезегі, яғни бірыңғай республикалық электронды база беріледі. Отбасы банкі жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруді жалғастырады. Отбасы банкі тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескереді. Мұндай өзгеріс ең алдымен, тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрған адамдарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Отбасы банкі жүргізетін «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, бағдарламаға қатысушы салымшының есепшотында кем дегенде 1 млн теңге емес, 2 млн теңге болуы шарт. Осылайша, минималды жинақтың сомасы екі есеге артып отыр. Бұған дейін банк басшысы осы өзгерістің себебін түсіндірген болатын. Баспана порталында дайын пәтерлерді ипотекаға рәсімдеуге мүмкіндік болады. Ал алғашқы жарна пәтер бағасының 10 пайызын құрайды.
«7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ШАРТТАРЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?
2025 жылы бұл бағдарламаны қаржыландырудың жылдық көлемі 100 миллиард теңгеге дейін артады. Одан бөлек 1 қаңтардан бастап әрбір отбасы мүшесіне пайдалы ауданы 15 шаршы метрден кем жатақханалардағы бөлмелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апат жағдайында деп танылған тұрғын үйлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 18 ай ішінде қарыз алушының (және жұбайының/зайыбының) меншік құқығында тұрғын үй болмауы туралы талапты енгізу көзделеді.
2025 жылы салық заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Атап айтқанда, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың есебінен төленетін салықтардың мөлшері артады. Олар: әлеуметтік аударымдар – 5 пайыз (2024 жылы 3,5 пайыз болған); әлеуметтік салық – 11 пайыз (2024 жылы 9,5 пайыз болған); жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы аударымдары – 2,5 пайыз (2024 жылы 1,5 пайыз болған); жұмысшылардың міндетті зейнетақы аударымдары – 10,5 пайыз (2024 жылы 10 пайыз болған).
«КЕЛЕШЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Жаңа жылдан бастап Қазақстанда «Келешек» ерікті жинақтау бағдарламасы іске қосылады. Соның аясында балалардың оқуына ақша жинауға мүмкіндік болады. Оған қоса екі жақтан сыйақы төленеді.
Бағдарлама шарттары мынадай: бала 5 жасқа келгенде мемлекеттен бірреттік бастапқы капитал – 60 АЕК (2025 жылы 230 920 теңге) түседі; ата-ананың міндетті салымдары – ай сайын 1-3 АЕК (2025 жылы 3932 – 11 796 теңге); мемлекеттің 7 пайызға дейінгі сыйақысы; банктердің сыйақысы; бала 18 жасқа толғанда Ұлттық қордан түсетін ақша. «Келешекпен» жоғары білімге, колледж немесе магистратураға ақша жинауға болады. Ал бала грантқа түскен жағдайда оқуды бітіргеннен кейін дипломды көрсетіп, барлық ақшаны сыйақысымен бірге алып кете алады.
1 қаңтардан бастап онлайн несие алу үшін биометриялық верификациядан өту міндеті енгізіледі. Ал қарыз алу туралы келісімшартқа электронды-цифрлық қолтаңба қою қажет. Онсыз онлайн несие берілмейді. Бұған дейін жеке тұлғаларға жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салынған болатын. Бұдан бөлек, әрбір қазақстандық «Электрондық үкіметтің» веб-порталында және «eGov Mobile» мобильді қосымшасында өз атына несие рәсімдеуге тыйым сала алады.
ЖОЛ ЕРЕЖЕСІНДЕ НЕ ӨЗГЕРЕДІ?
Президент жол қозғалысы ережесіне қатысты тиісті заңға қол қойды. 2025 жылы сәуір айынан бастап бірқатар шектеу күшіне енеді. Соның бірі – орташа жылдамдықты есептеу. Орташа жылдамдықты есептеу тәртібі мынадай: тасжолдың басында және аяқ жағында бейнекамералар бар, бірінші камера көліктің жолға шыққанын тіркесе, екіншісі келген уақытын тіркейді, екі камераның уақытымен автоматты түрде көліктің трассамен жүрген орташа жылдамдығы есептеледі, көлік жүргізушісі орташа жылдамдықты асырып жіберсе, айыппұл салынады. Жылдамдық тәртібін сағатына 60 шақырымға және одан артық асырғаны үшін 40 АЕК (2024 жылда – 147 680 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал осы құқықбұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың мөлшері 60 АЕК-ке (2024 жылда – 221 520 теңгеге) өседі. Қазір республикалық маңызы бар жолдарда белгіленген жылдамдық сағатына 140 шақырымды құрайды.
Бұдан былай мопедтер ғана емес, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар және оның ең жоғарғы конструкторлық жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын барлық көлік құралы тіркеуге жатады. Мемлекеттік нөмір беріледі. Мопедті басқару үшін «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажет. «А» және «В» санаттары болса да, мопедті басқару құқығын растау міндеті бар. 2025 жылы 4 сәуірден бастап барлық мопедтің нөмірі, ал иесінде «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігі болуы шарт. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Яндекс.Такси» мен Indriver өз платформаларында рулі оң жақтағы көліктерді алып тастайды.
АЙЫППҰЛДАР ҚАНШАҒА ӨСЕДІ?
Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті. 2025 жылдан бастап 1 АЕК 3 932 теңге, демек 3 000 АЕК 11 796 000 теңге болады.
Пәтерге кіреберістегі есігінің қасына қоқыс салынған дорбаны қалдырғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес «Абаттандыру қағидаларын бұзғаны» үшін 20 АЕК айыппұл салынады. Ал бұл әрекетті азамат бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 20 АЕК 78 640 теңгеге тең болса, 30 АЕК – 117960 теңге. Елімізде заң бойынша кешкі сағат 22:00-ден 9:00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге), бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынады.
Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға бірінші рет 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады. Ал азамат осы әрекетін қайталаса, онда 10 АЕК, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпағаны және көлік жүргізіп бара жатқанда телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл – 2025 жылы 19 660 теңге. Жүргізу құқығы жоқ жүргізушінің көлікті басқаруы 20 АЕК, яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, оларға 50 АЕК, яғни 196 600 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады. Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлемегендерге 2 АЕК, яғни 7 864 теңге айыппұл салынады. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл арқалайды.
Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22:00-ден 6:00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса, олардың ата-анасына 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23:00-ден 6:00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, онда заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, онда баланың заңды өкілдеріне 27 524 теңге (7 АЕК) айыппұл салынады. Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (39 320 және 393 200 теңге) айыппұл салу көзделген. Жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін (қате жерден өту және т.б.) 2 АЕК (7 864 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін айыппұл 10 АЕК-ке (39320 теңге) дейін өседі. 2023 жылғы наурыз айынан бастап заңға қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 20 АЕК, яғни бұл 78 640 теңге немесе 30 тәулікке қамауға алынады. ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша отбасында және тұрмыста балағат сөз айтқаны үшін ескерту немесе 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал мұғалімді немесе дәрігерді балағаттаса, онда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
ҚАНША АДАМ ТҮРМЕДЕН ШЫҒАДЫ?
2025 жылы есірткі жасырғаны үшін сотталған мыңнан астам адам мерзімінен бұрын бостандыққа өтініш бере алады. Себебі жаңадан қабылданған заңда есірткі жасырушылардың жазасы жеңілдетілді. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, 1000-нан астам сотталған адамның мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға құқығы бар. Бірақ әрбір адамның ісі жеке қаралады. Республика бойынша есірткі қылмыстары бойынша 4 мыңға жуық адам сотталды. Олардың ішінде 1 200-ден астамы есірткі жасырғаны үшін түрмеге қамалды.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫ ӨТЕДІ
Қазақстан үкіметі 2023 жылдың 29 желтоқсанында қабылдаған қаулыға сәйкес, елімізде 2025 жылдың 1 тамызы – 20 қазаны аралығында ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Санақты жүргізген кезде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру арнайы құрылған комиссияға жүктеледі. Қазақстанда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бір рет – 2006-2007 жылдары өткізілген.
Дайындаған
Төлен ТІЛЕУБАЙ
Фото: Ашық дереккөз негізінде дайындаған А.Құрманқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!