HALYQLINE.KZ Сол жағалаудың төрінде тағы қоныстой. 6 шілде – Елорда күніне және ұлттық домбыра күніне орай жаңа қаладан 160 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспана кілті «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыларға табысталды.
– Құрметті қызылордалықтар! Сіздерді Елорда күнімен құттықтаймын. 1997 жылы Ақмола қаласына көшіп келгенде көз алдымызда провициалды қала тұрған еді. Қазір 22 жыл уақыт өтті. Бас қаламыз – Нұр-Сұлтан қаласы қарқынды дамып, ажары айшықталған әсем шаһарға айналды. 300 мыңға жетер-жетпес қала халқы бүгінде миллионнан асып, үш есеге өсті. Көптеген аудандар, мекемелер бой түзеді. Халықаралық деңгейдегі жиындардың төріне айналды. Мұның барлығы – Елбасы Н.Назарбаевтың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Өзіміздің туған өлкеміз Қызылорда да осыдан отыз жыл бұрын мүлде басқа сипатқа ие еді. Қазір өздеріңіз куә болғандай биік дәрежеге жетті, халқының саны да артты. Жыл санап әлеуметтік нысандар, келбетті ғимараттар салынуда. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына 45 млрд теңге бөлініп, 5 мыңнан астам тұрғынға пәтер кілті табысталды. Жүзден астам тұрғын үй салынып, үлкен мөлтек аудан пайда болды. Жақында ғана 180 пәтер кілтін иелеріне табыстаған едік, бүгін де 160 көпбалалы отбасыға қуаныш сыйлағалы тұрмыз, – дей келе, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар отбасыға жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Бірнеше жыл бойы баспана кезегінде тұрған тұрғындардың да қуанышында шек жоқ. Бірі көпбалалы ана болса, бірі – ата-анасынан ерте айырылған жандар. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Мемлекеттік бағдарлама аясында табысталып жатқан пәтер кілтін алатындар қатары алдағы уақытта да көбейеді деген сенім бар.
– Мен 2003 жылдан бері жетімдер үйінде тұрып келдім. Тұрғын үй кезегіне тұрғаннан бастап өз отбасым болса, өз баспанам болса деп армандадым. Сол ұзақ жылға арманыма бүгін, Елорда күні қарсаңында жетіп, екі бөлмелі пәтер беріп жатыр. Өте қуаныштымын, – дейді баспана кілтін қолына алған тұрғын Айгерім Төремұрат.
Ал бұған дейін пәтерде, туыстарының үйінде тұрып келген көпбалалы ана Жауқазынның қуанышы еселеніп, шаттанып тұрғаны бал-бұл жанған жүзінен көрініп тұр. Сөзге тартып көрдік.
– Мен Абай ауылының тұрғынымын, көпбалалы анамын. Алланың берген сегіз баласын өсіп-жетілдірдік. Отағасым өмірден озған. Бас қаланың мерекесі қарсаңында 11 жыл күткен баспана кезегім келіп, үш бөлмелі үйге қол жеткіздім. Аллаға шүкір деймін. Халқыма тыныштық, жақсылық тілеймін, – дейді Жауқазын Сүюпова.
Шара соңында тұрғын үй құрылысының сапалы жүргізіліп, жылдам аяқталуына жұмыла жұмыс істеген «Азия даму ЛТД», «Жабдықтау», «Нұрталап және К» ЖШС өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
– Сол жағалаудағы №47 үй 40 пәтерден тұрады. Тұрғын үй құрылысын жалпы жарты жылда бітіру жоспарланса, біз бас-аяғы бес айда қолдануға ұсынып отырмыз. Шикізатқа негізінен отандық өнімдерді пайдаландық. Сапалы аяқталды, құны 440 млн теңгені құрады, – дейді «Нұрталап және К» ЖШС-нің директоры Қанатбек Керейтбаев.
Соңғы жылдары Қызылорда қаласында 12 жаңа шағын аудан, 7 тұрғын үй кешені бой көтеріп 8,5 мыңға жуық қызылордалық баспаналы болды.
Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада соңғы екі жылда республикалық, облыстық бюджеттерден 620 пәтерлік 13 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 240 пәтерлік 4 көпқабатты несиелік тұрғын үйлердің, сондай-ақ жеке құрылыс салушылардың есебінен 604 пәтерді құрайтын 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Биылғы жылдың соңына дейін 560 пәтерлік арендалық 11 көпқабатты үйдің және 590 пәтерлік несиелік 13 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Сол жағалаудағы қолданысқа берілген тұрғын үйлердің бүгінде инфрақұрылымдық және коммуналдық мәселесі шешілген. Алдағы уақытта құрылысы енді аяқталатын үйлерге қаражаттың қаралуына байланысты жол төселіп, жарық, ауызсу жүргізілетін болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!