Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зүлфияның көз жасы…

12.06.2023, 11:20 658

HALYQLINE.KZ

Семейдің орманы өртеніп жатыр. Әзірге 60 мың гектар орман өртенген. Егер сөндіре алмаса, бұдан да ұлғая түсері сөзсіз. Тілсіз жаумен алысам деп 14 адам адам қаза тапты. Имандары саламат болсын.

Президент өткізген төтенше жиында Экология министрі жылап тұрды.

Бұл көз жас – шарасыздықтың көз жасы.

Бұл көз жас – биліктің жемқор екенін айта алмай қыстығып, іштен тынған жас шендініің көз жасы.

Бұл көз жас – еліміздің кадр саясатының тығырыққа тірелгенінің көз жасы.

Бұл көз жас – асқынған бюрократияны, шенеуніктердің қамсыздығын, қайратсыздығын үнсіз айыптаған көз жас.

Бұл көз жас – парақор, тоқ ұлықтардың арасында өзін артық сезіну көз жасы.

Бұл көз жас – өрт түгілі өмірді білмейтін, ел ішінде өспеген, жұрттың мұң-мұқтажын білмейтін, қарапайым халықтан тым алыс, жас шенеуніктің бірден министр болғанына өкінген көз жасы.

Бұл көз жас – өзін министрлікке өмір көрсетпей, қызмет баспалдақтарымен сатылап, сонау төменнен өсірмей, кәсіби тұрғыдан жетілдірмей, бірден министр қоя салған «жебеушілеріне» лағнет айтқан көз жасы.

Бұл көз жас – біліксіз кадрдың көз жасы.

Бұл көз жас – сөз жүзінде бар «Жаңа Қазақстанның» іс жүзінде жоқ екенін білдірген көз жас…

Бұл көз жаста бәрі бар: жемқорлықтың жойылмайтыны, ел мен жерге жаны ашымайтын жемқор шенеуніктердің бұдан әрі де ел басқара беретіндігі;

Ақ Орданың өтірік статистикамен өмір сүретіндігі;

Көзбояушылықпен айналысу – биліктің ең сүйікті ісі екендігі;

Шенеуніктік корпустың ештеңеден сабақ алмайтындығы;

Шенеуніктердің мемлекет мүддесі үшін емес, қарақан қара басының қамы үшін, момын елді талау, мемлекет дәулетін аяусыз талан-таражға салу үшін биліке баратындығы;

Отанға жасаған опасыздығы, халыққа жасаған қиянаты үшін еш жазаланбайтыны, әрі кетсе сөгіспен құтыла алатынына сенімділігі;

Тарих пен ұрпақ алдында еш жауап бермейтіндігіне кәміл сенетіні, т.б.

Зүлфия – отыз жылғы Тәуелсіздік кезеңінде шын жылаған тұңғыш министр. Отыз жылда халықты аяусыз қанап келген, әлі де қанай беретін мына безбүйрек үкіметтен қыстығып жылайтын бір министр шықты-ау ақыры.

Зүлфия, сенің көз жасың мына дүлей өртті сөндіре алмас, бірақ жылай түс. Президенттің қабылдауына барып, Үкіметте болып жатқан масқараларды айтып жыла, қауқарсыз премьер-министрді отставкаға жіберіңіз деп жыла,

«Ескі Қазақстанның» күллі кадрын халықшыл, мемлекетшіл азаматтармен алмастырыңыз деп, жыла,

Билікті жайлаған жемқорлыққа тез арада төтенше шара қолданыңыз, әйтпесе Тәуелсіздіктен айырыламыз деп жыла,

Үкімет отырысында да жыла,

Мемлекетке жемқорлық салдарынан қауіп төнді, сендер неғып отырсыңдар деп жыла,

19 миллион халықты тақыр кедей қылған кілең бетсіз, өңшең ұятсыздар деп жыла,

Шалбар киген сорлылар, еркек емессіңдер деп жыла.

Өздеріңде ар бар ма, ождан бар ма, мынандай жағдайды көріп отырып, министр, әкім болмақ түгілі қалай жер басып жүрсіңдер деп жыла,

Намыстарың бар ма өзі деп жыла,

Бір сілкініп, мемлекет үшін, халық үшін жаннан кешіп, адал іс қылатын кездерің келді ғой деп жыла,

Отанымды осыншама жегендерің үшін ұрпақтарың жауап береді, өлген соң көрлеріңде тыныш жатпайсыңдар деп жыла,

Алдарыңда ар соты, ұрпақ соты, тарих соты тұр деп жыла.

Бәрін айтып жыла, елдің зарын айтып жыла.

«Еститін үкімет» халықтың жанайқайын естімейді ғой, бәлкім өз ішінен шыққан жалғыз шенеуніктің көз жасын көрер, зарын естір…

Ерлан  ТӨЛЕУТАЙ.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

 

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер:
  • Ерлан жазбаңды оқып, халықтың іштегі күйігін сыртқа шығарып, керемет жеткізген екенсің, қоғамның дертіне қажетті витаминді қабылдайтыны бар, оны қабылдамай ауруын асқындыратын көкіректер бар. Осындай сөз қоғамдық пікір қалыптастырады. Қаламың талмасын!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: