Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы басталды

14.06.2022, 16:47 741

Апта басында өңірлік коммуникациялар қызметінде «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» апталық акциясы туралы брифинг өтті. Оған облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы Қаламқас Каримова мен «Самұрық инновациялық идеяларды қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жандос Тұсмағанбетов және Қызылорда қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы Алмара Махмудқызы қатысты. Брифингте облыс бойынша нәзік жандыларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары және республика көлемінде өтілетін акцияның уақыты баяндалды. Аталған акция 13-21 маусым аралығында республикалық «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбы аясында басталды. Негізгі мақсаты – тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оны болдырмауға бағытталған.

– Акция аясында кейбір мәселелердің алдын алу үшін облыс тұрғындарына кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Негізінен отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түп тамыры – адамдардың тәрбиесінен басталады. Сол үшін өңірдегі бірнеше ұйыммен бірлесіп ауқымды жұмыстарды жүргізбекпіз, – деді Қаламқас Арыстанқызы.

2017 жылдан бастап әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау ұйымдарының жұмысы басталған болатын. Ал осы 5 жыл ішінде ұйымдастырылып отырған акция барысында жергілікті полиция қызметкерлері мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау орталығы жоспарланған бағытта түрлі кездесулер мен түсіндірмелер жүргізетін болады.

– Бүгінге дейін аймағымыз бойынша 670-ке жуық азаматша қорғау нұсқамасына алынған. Сонымен қатар, қолайсыз отбасы ретінде 20 шаңырақ есепке алынып отыр. Бұл акция бағытында «Қамқорлық» дағдарыс орталығында, «Достық» үйінде «Тәрбие тал бесіктен басталады» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіледі.  Сондай-ақ, адамдар көп шоғырланатын орталарға барып әңгіме-дүкен, түсіндірме жүргізуді бастадық, – деді Алмара Махмудқызы.

Биыл өңірдегі «Қамқорлық» дағдарыс орталығына 160 азамат көмекке жүгінген. Олардың 116-сы кәмелет жасына толмағандар болса, 44-і – нәзік жандылар. Аталған орталықта зорлық-зомбылықтың зардабын көргендер үшін 8 бағытта көмек көрсетіледі.

– Бес жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтар үшін «Қамқорлық» дағдарыс орталығы қызмет көрсетіп келеді. Біздің орталықта 6 ай мерзімде 8 бағыт бойынша азаматтарға көмек беріледі. Атап айтқанда, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, экономикалық, әлеуметтік-педагогикалық және еңбек бағытында. Отбасында қиындық көргендердің басым бөлігі – күш көрсету және психологиялық қысым көргендер. Олар құқықтық тұрғыда қорғалады, – деді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.

Қазір де әйелдерге қысым көрсету мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Сайып келгенде барлығы адамның мінез-құлқына келіп тіреледі. Расында да, психологиялық қысым көрсетілгенде адамның ызақор болатыны анық. Көптеген қылмыс жасаған жандардың да бойында психологиялық ақау мен өмірінде ауыр қысым көргені анықталып жатады. Сондықтан қолға алынған акция облыс азаматтарына тек тұшымды жағын көрсетсе екен.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: