Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылу беру маусымына дайындық қалай?

02.09.2025, 16:15 213

Әне-міне дегенше күз мезгілі де келіп жетті. Қараша халық қыс қамын қамдап, жылудың жайын жүйелеуге кіріскен. «Қыстың қамын жаз ойла» деп байырғы бабаларымыз әлімсақтан айтып кетті емес пе?! Ендеше жылы күздің басында қамданбасаң, қыс ортасы келгенде бүрсеңдеп, әр есікті жағалап, табалдырық тоздыруың әбден мүмкін.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен аптада «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның қайта жаңғыртылған және жаңартылған жұмыстарымен танысу мақсатында  баспасөз туры өтті.

Мамандар не дейді?

Баспасөз турына мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестік және БАҚ өкілдері қатысты.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыс орталығында тозу дәрежесін төмендету және жылумен жабдықтау сапасын арттыру мақсатында «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК өткен жылға арналған жалпы сомасы 6111,7 млн теңгеге, ал биылғы жылға 2725,7 млн теңгеге инвестициялық бағдарлама бекітілген болатын. Қазіргі уақытта жылу желілерінің тозуы  42,3%-ды құрайды. Осыған орай, тозығы жеткен құрылғыларды ауыстыру жұмыстары реттілігімен іске асырылуда.

  «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның 2024 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы бойынша кәсіпорын мынадай іс-шаралар жүргізуде. Мәселен, кәсіпорын қаражаты есебінен 109,3 млн теңгеге негізгі және қосалқы жабдықтарға жөндеу жұмыстары  және  жалпы ұзындығы 2,7 шақырымды құрайтын 57 мм-ден 325 мм-ге дейінгі әртүрлі диаметрлі кварталаралық жылу желілерін жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Сонымен қатар, бюджет қаражаты есебінен 5858,3 млн теңгеге жалпы ұзындығы 9,3 шақырым магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп отыр.  

Өткен жылдың қорытындысы бойынша бекітілген инвестициялық іс-шаралардың орындалуы 100%-ды құрап, ҚҚС-сыз жалпы 6 111 724,3 мың теңгеге жетті.  

Баспасөз туры барысында алдымен Астана ықшам ауданындағы №8 АБМҚ қазандығының күрделі жөндеу жұмыстары таныстырылды. Бұл мекенжайға осы аумаққа қарасты барлық көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар қарайды.

Тозығы жеткен құбырлар…

«Қызылордажылуэлектрорталығы» бас инженері Наурыз Асанқанұлының айтуынша, жылу қазандықтары жылу беру маусымына тас түйін дайын тұр. Алдағы қыс мезгілінде толыққанды жұмыс атқарады деп күтілуде.

– Бүгінде жылу беру орталығының дайындығымен танысып шықтық. Аралау барысында өткен жылғы жоспарлардың орындалу барысын тексеріп, биылғы жылға жоспарланған жұмыстардың жай-жапсарын көрдік. Инвестициялық бағдарламалардың жалпы орындалу барысы жоғары деңгейде. Бағдарламаның әр жылына 114-120 млн теңге көлемінде мекеме қаражаты қаралып, тиісті деңгейде тиянақты орындалуда. Тозығы жеткен құбырлар кезектілігіне сәйкес ауыстырылып отырады. Биылғы жылға жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі аяқталып отыр. №8 АБМҚ 5-ші қазандығында болдық. Алдағы уақытта оңтүстік қазандықтың қажетті заттары толық ауысы қажет. Бүгінде қазандықтың біреуі келіп орнатылды. Қалған екі қазандық он тәуліктің ішінде орналастырылмақ деп жоспарланып отыр. Бұдан да басқа жұмыстар талапқа сәйкес толығымен бітіп тұр. Қалған қосалқы жұмыстарды жылу беру маусымы басталғанша аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Ыстық су беру бойынша да жұмыстар тұрақты жалғасып жатыр, – деді «Қызылордажылуэлектрорталығы» бас инженері Наурыз Сатқанов бізбен әңгімесінде.  

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ақпаратына сүйенсек, «ҚЖЭО» МКК-ның инвестициялық бағдарламасы тарифте ескерілген меншікті және бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, «ҚЖЭО» МКК-мен 2025 жылға 17 іс-шараны жалпы сомасы ҚҚС-сыз 2,7 млрд теңгеге іске асыру жоспарланған.

Межелі мерзімде жылу беріледі

Аралау барысында қалалық мәслихат депутаттары да қаланың жылу беру қазандықтарының жұмысымен танысты.

Осы орайда, халық қалаулыларының да пікірін білген болатынбыз.

– Қызылорда қаласында жылу беру маусымына дайындық барысын қадағалау жұмыстарымен шығып отырмыз. Бу қазандықтардың жұмыс істеу жарамдылығы, тұрғындардың қолайлы өмір сүруге жағдай жасалуы пысықталды. Біз келіп отырған оңтүстік жылу беру қазандығынан қаланың 216 көпқабатты тұрғын үйіне жылу беріледі екен. Соның ішінде 63-іне ыстық су берілуде. Мұндағы басты мақсатымыз – 15 қазанға дейінгі дайындықтарын көріп жатырмыз. Мамандардың айтуынша, ешқандай кедергі жоқ. Межелі мерзімде жылу берілмек. Бұл облыс орталығы тұрғындары үшін үлкен қуаныш деуге болады, – деді қалалық мәслихат депутаты, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мейрамбек Есжанов.

Жылу беру маусымына дайындық  іс-шаралары өз деңгейінде атқарылып, халыққа алаңдауына еш негіз жоқ. Қысы қытымыр, аязы арагідік шымшып алатын біздің өңір үшін анау айтқандай жылуда еш мәселе жоқ. Дегенмен, «сақтансаң, сақтармын» дегенді де ұмытпаған жөн.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: