Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылқылар қырылып жатыр. Шаруалар көмек сұрауда

12.02.2026, 10:25 67

Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында мал шығыны күрт өсіп, ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар алаңдаушылық білдіруде. Әсіресе Қазталовка мен Жәнібек аудандарында қысқы жағдайдың қолайсыздығынан жылқы жаппай қырыла бастағаны хабарланып отыр.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, былтырғы қуаңшылықтан кейін әлсіреген мал биылғы қалың қар мен көк мұзға тап болып, тебіндеп жайылуға мүмкіндіксіз қалған. Соның салдарынан жылқылар азық таба алмай, әбден арықтап, шығын көбейген. Мәселен, Киров ауылындағы бір шаруашылықта екі күннің ішінде сегіз жылқы өлгені белгілі болды.

Шаруалар мемлекеттен өтемақы талап етпейтінін, ең бастысы – жем-шөп жеткізуге және әлсіреген малды аман алып қалуға жағдай жасалса деген өтініш айтып отыр. Алайда қардың қалыңдығы мен жолдардың жабылуына байланысты көптеген ауылдарға техника жете алмай, көмек көрсету қиындаған.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өңірде жем-шөп қоры жеткілікті екенін мәлімдеп отыр. Ведомство өкілдері кейбір шығындарды малды дұрыс күтпеу және қараусыз қалдырумен байланыстырады.

Дегенмен шаруалар бұл пікірмен келіспейді. Олар табиғи жағдайдың тым күрделі екенін айтып, шұғыл түрде техника жұмылдырып, қар құрсауында қалған елді мекендерге жем-шөп жеткізуді ұйымдастыруды сұрайды.

Қазіргі таңда жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Шаруалар болса, уақыт созбай нақты көмек көрсетілмесе, шығын көлемі одан әрі арта түсуі мүмкін екенін ескертуде.

Фото: Видеодан скрин

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: