Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылап көрдіңіз бе?

13.02.2025, 9:20 93

– Сымбат, сен  үнемі  күліп  жүресің,  соның  қандай себебі бар? Қашан көрсең де көңілдісің. Өмірге жеңіл қарайтын қыз емес сияқты­сың?

– Анамның айтуынша, мен өзгелер секілді жылап туылмаппын. Керісінше жай жымиып жатыппын. Мен өмірге күліп келдім, күліп  кетемін…

Иә, бұл – екі құрбы арасындағы әңгіме ауаны. Адам өмірге жылап келеді, жылатып кетеді. Жылаудың өмірде түрлі себебі болады. Біреу тағдырдан теперіш көріп жылайды. Енді бірі қатты толқып, тебіренгенде көз жасына ерік беріп жатады. Мұны ел аузын­да «қуа­ныштың көз жасы» деп атайды. Жылау алғаш қайдан, қалай пайда болды? Ол – адамзат баласымен бірге таныл­ған мінездің табиғи құбылысы. Жақын адамдарымыз қайтып жатқанда жер тырналап, айқайлап жылап жатқандарға үлкендердің «Сабыр етіңдер қарақ­тарым, Алланың ісіне шара жоқ. Көп жыласаңдар, көрдің іші суға толып кетеді. Оны да ойлаңдар» деп айтып жатқандарын бала кезден жиі еститінбіз. Соны  естіп тәубесі­не  түсіп  жататын  еді.

Жә, сонымен Жаратқан жазмышына мойынсұнып сабыр еткен­дерді  Алла  тағала  қайырлы  қуанышымен  сүйіншілейді деген  тәмсіл  бар. Ал  адамның  адамды  жылатуы – бұл терең тақырып, өзекті  ой.

Кімді қалай жылатсаң, о дүниеде өзің содан он есе артық өкініп жылайды екенсің. Бірақ, бүгінде арғы дүние түгілі, арғы күнді ойлай­тындар ойлантады. Жылаудың да мәдениеті болады дегенді естігенім бар. Сонда қалай дейсіз бе? Кәдімгідей ішкі күйзелі­сіңді, жүрек тебірентер қиналысыңызды сыртқа сездірмей. Ондай адамдарды құдайы жолыдан көп кездестіреміз. Барған жерде бажай­лап, бақылап қарасаңыз, барлығын байқайсыз. Бұл енді әркім­нің санасына байланысты тәрізді. Жұрт көзінше күліп жүріп, оңашада ішкі шерін тарқатып алатындарды естіп, көріп жүрміз. Мұндайлар өзіне сенімді, мақсатына бекем тұратын қажырлы келеді. Бақдәулет Арыстан есімді ақынның «Көз жасың­ды көрсетпеші, көрсетпе… Бізді бәрі бақытты деп ойласын» деп келетін ән мәтінін тыңдап отырып, содан өзіне қуат алып, көңіліне медеу тұтынғандарды  талай  мәрте  көргеніміз  бар.

Алқымға тығылған ащы өксікті ырқына жіберіп, жан дауысыңды шығара шырқырап жылап алған сәт кімнің де болса басы­нан өткен болар. Бұл, бәлкім, ауырып тұрған жүректі сәлде болса жеңілдетер. Мүмкін сені төзімділікке тәрбиелер. Қалай дегенде де бұл – ішкі дүниеңнің сыртқа шыққан демі. Оны қымтап қалу­ға әсте болмайды. Дегенмен, жылап жүргеннен күліп жүргеннің денсаулыққа  пайдасы  зор  екенін ғалымдар жиі айтады. Онсыз да қарғаның  қадымындай  қысқа  ғұмырда бір-бірімізге  мейірім  төгіп, жылатпай  жүрейік. Және  солай  боларын  тілейік.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: