Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналистің мәртебесін кім көтереді?

29.01.2020, 8:16 1336

Біразының басында баспанасы жоқ, сөйте тұра баспанасыз қазақтың қамын күйттеп жүреді өздері. Сонау бір жылдары «Мемлекеттік қызметкерлерге жеңілдікпен баспана беріледі» дегенді естігенде, журналистер құр қалды. Өйткені мысалы, «Хабар» мен «QAZAQSTAN» акционерлік қоғам екен. «Бюджет қызметкерлері дәрігерлер мен мұғалімдерге де жеңілдікпен үй беріледі. Банк пайызы төмендеу болады» дегенде, оларға қуанды, өздері үшін қуанбады. Себебі сол – акционерлік қоғам. Мемлекеттік те, бюджеттік те емес. Бірақ мемлекеттің күйін күйттеп жүреді байқұстар. Қызық. Қызық емес-ау, обал! Полицейдің, уачастковыйдың жалақысы пәлен пайызға көтерілгенін қуана жазып жүр журналистер. «Мұғалімдердің мәртебесі көтеріледі екен!» деп сүйіншілейтін де журналистер. Бірақ осы журналистердің жағдайы қалай екен деп біреуі көңіл үшін де сұрай салмайды ғой.

«Журналистер одағы» деген бар. Басшысы – Сейітқазы Матаев. Өзім мүшесі емеспін. Мүшесі болмағаныма өкінбеймін. Өйткені басшысының басына бұлт үйірілгенде, «Одаққа мүше болдым!» деп, куәлігінің суретін әл. желіге салып жар салғандарды Матаевтың қасынан байқамадым. Матаевтың да журналистер (әсіресе қазақтілділер) үшін жаны күйіп жүргенін көрмеппін. «Алматыны Алма–Ата қылайық!» деп одақ басшысының ұрандаған кезін ұмыта алмайды екенмін.

«АСТАНА» телеарнасын басқарған Бибигуль Жексенбай ханымның «Бас редакторлар клубы» дегені болып еді. Не істеп, не қойып жүргендерін бір өздері ғана біледі. Қазір ол ұйымның бар-жоғы беймәлім. Бас редакторлар жай редакторларды түсіне ме екен?!

Айтпақшы, «АСТАНА» телеарнасын қазір Qurmanbek Jumagali деген жас жігіт басқарып отыр. Қазақ радиолары ЖШС-де де Ернур Бурахан деген жас жігіт. Аспаннан түспеген, редакторлықтан бастап көтерілген азаматтар. «АЛМАТЫ» телеарнасын осы салада талай жыл қызмет істеген Нуржан Жалаукызы басқарғанына біраз болды. «31-арнада» Болат Мүрсәлім деген білімді де мықты менеджердің отырғанына он жыл. «QAZAQSTAN» телеарнасы төрайымының орынбасары Ержанар Әшейхан да қарапайым редакторлықтан бастаған. Осы корпорациядағы кәсіподақ ұйымын басқарып жүрді. Бұл кісілердің аты-жөнін неге тізіп шықты дейсіздер ме? Осы аты аталған менеджер басшылар неге журналистердің қамын ойлайтын, журналистерге әкіреңдегендерден қорғайтын, құқын қорғап қана қоймай, беделін көтеретін, әлеуметтік жағдайына жаны ашитындай бір ұйым құрмайды? Неге жалақысының жартысын «Местная бабуляға» пәтерақыға беріп жүрген баспанасыздарға жаны ашымайды? Неге ауырып-сырқаған журналистерді Сарыағашқа, Алакөлдің Барлық арасанында емделуіне көмектеспейді? Олардың теміржолдағы жолсеріктерден, зауыт жұмысшыларынан қай жері кем? Өзімізді өзіміз ойламасақ, бізді ешкім де ойламайды. «Журналистердің кәсіподақ ұйымы», әлде «Журналистер ұйымы» ма, аты маңызды емес, маңыздысы журналистерді қолдайтын бір ұйым құратын кез келді.

Әріптестер, Сіздер не дейсіздер?

(Айдос Жұқанұлының ФБ парақшасынан алынды.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: