Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналистикадан – билікке

26.06.2025, 10:00 120

Журналист дегенде көптің есіне тек ақпарат таратушы  түседі. Алайда, бұл – қате ұғым. Журналист – ол қоғамның тамырын дөп басып, халықтың үнін билікке жеткізуші. Сондықтан да бұл мамандықты жиі «төртінші билік» деп атауы тегін емес. Уақыт өте келе микрофон мен қалам ұстап, қоғамның шындығын іздеген талай журналист саясат сахнасына қадам басып, биліктің белді өкіліне айналды. Бұл құбылыс әлемде де, Қазақстанда  да  кең  таралған.

Борис Джонсон (Ұлыбритания): журналистен – премьер-министрге

Борис Джонсон журналистік жолын The Times және The Daily Telegraph газеттерінде бастаған. Әсіресе, Брюссельдегі ЕО тілшісі кезінде жазған сын мақалалары арқылы танылған. Ол кейін The Spectator журналының бас редакторы болды. Осы платформаларда өз саяси бағытын қалыптастырған Джонсон біртіндеп Консерватив партиясының бетке ұстар тұлғасына айналды. 2019-2022 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі қызметін атқарды. Джонсонның стилі – өткір, эмоциялы, образды.

Вацлав Гавел (Чехия): жа­зушы-драматург, диссидент, кейін  президент

Гавел – негізі журна­лист емес, бірақ сөз адам­дары арасынан шыққан ең биік тұлғалардың бірі. Ол социалистік жүйеде еркін ой үшін күрескен диссидент ретінде танылды. Оның публи­цистикалық эсселері мен ашық хаттары ке­йін Чехиядағы «Қараша революциясының» рухани тірегіне айналды. Гавел 1989 жылы Чехословакияның, ал 1993 жылы Чехия­ның  алғашқы президенті  болды.

Лула да Силва (Бразилия):  кәсіподақ журналынан – халық  трибунасына

Луис Инасиу Лула да Силва 2023 жылы қайтадан Бразилия президенті болды. Ол алғашқыда металлургия зауытында жұмыс істеген қарапайым азамат еді. Бірақ кәсіподақ қозғалысында көзге түсіп, «Металлургия дауысы» атты кәсіподақ журналына жиі мақалалар жазып отырды, кейін басылым жетекшісіне дейін көтерілді. Қоғамдық белсенділігі мен ақпараттық ықпалы оны саяси алаңға әкелді. Ол  алғаш  рет  2003  жылы  президент  атанды.

Абдолла Гүл (Түркия): экономист әрі журналист

Түркияның 11-ші президенті Абдолла Гүл саясат сахнасына шықпай тұрып, бірнеше жыл бойы «Milli Gazete» және «Zaman» басылымдарында тілші әрі сарапшы ретінде жұмыс істеген. Ол ке­йін саясат­қа бет бұрып, премьер-министр, сырт­қ­ы істер министрі, одан соң Президент болды. Қыс­қасын айтқанда, Абдолла Гүлдің медиадағы тәжірибесі оны сыртқы саясаттағы диалогқа бейім, ұстанымы  дәйекті қайраткер етті.

Франсиско Франко (Испания): медиа пропагандадан – авторитар  билікке

Франко классикалық журналист болмаса да, 30-жылдары «Arriba» атты фашистік бағыттағы басылымды басқарды. Бұл басылым оның саяси бейнесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарды. Ол ақпарат құралын идеологиялық құрал ретінде пайдала­нып, Испанияда ұзақ жылдар бойы билікті қолына ұстап тұрды. Бұл – сөз арқылы саяси империя орнатудың тарихи  мысалы.

Владимир  Зеленский  (Украина):   медиа  тұлғадан –   мемлекет  басшысына

Зеленский – классикалық журналист емес, бірақ медиа саласының тікелей өкілі. «Квартал 95» студиясын басқарып, телевизия, сатира және кино­да ұлттық символға айналды. Оның «Халық қызметшісі» сериалы халық арасында қатты резонанс тудырып, соның аясында құрылған партия мен президенттік кампания жеңіске жетті.

Арсений Яценюк (Украина): жүргізушіден – саясаткерге

Яценюк алғашқы мансабында «Интер» теле­арнасында сараптамалық бағдарламаларға қатысып, талдау мен коммуникация саласында көзге түсті. Ол кейінгі жылдары сыртқы істер министрі, Украина премьер-министрі қызметтерін атқарды. Ақпараттық стиль мен көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі  оның саяси имиджін қалыптастыруда үлкен  рөл  атқарды.

Саясатқа келген

қазақстандық журналистер

Ермұхамет Ертісбаев: сыннан – стратегияға

90-жылдардың басында Ермұхамет Қабиденұлы жұртқа публицист, саясаттанушы ретінде танылды. Қаламының жүзі өткір, тілі саясатқа бейім Ертіс­баев аз уақытта журналистикадан кең ауқымды сараптамалық пікірталастар алаңына өтті. Бірақ ол тек сырттай бақылаушы болып қалған жоқ. Бір­неше жыл бойы Президенттің кеңесшісі болды, кейін Мәдениет және ақпарат министрі қызметін атқарды. Ол – журналистикадан шыққан тұлғалардың билікке араласуының айқын мысалы. Ертіс­баевтың кейінгі сұхбаттары мен саяси пікірлері әлі күнге  ел  ішінде  қызығушылық тудырып келеді.

Берік Уәли: эфирден – әкімге  дейін

Берік Уәли – телеарна тілшісі, жүргізуші, ақпарат бөлімінің жетекшісі ретінде танымал болды. «Хабар», «Қазақстан» телеарналарындағы ең маңызды эфирлердің жүзінде жүрген ол кейін ақпараттық саясат саласына ауысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы ретінде тағайындалуын ақпарат саласындағы ұзақ жылғы тәжірибенің нәтижесі деуге болады. Уәлидің бұл лауазымдағы кезеңі мемлекет басшысының ашықтығын, қоғаммен байланысын күшейтуге сеп болды. Бүгінде ол – Абай облысының әкімі. Сөзден  билікке, микрофоннан мінберге өтудің жарқын көрінісі – осы.

Айдос Үкібай: тілшіден – Президенттің медиа  бейнесіне  дейін

«Қазақстан» телеарнасынан басталған жол. Кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы, одан әрі «Елбасы» медиа жобасының жетекшісі. Айдос Үкібайдың саяси-идеологиялық кеңістікке ауысуы журналистиканың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігін бойына сіңірген адам үшін заңды жалғас секілді. Ол тек Президенттің ақпаратын таратып қана қойған жоқ, мемлекеттің ішкі және сыртқы аудиториямен байланысын үйлес­тірді. БАҚ-тан шыққан адамның медиа-саяси кеңістіктегі рөлінің қаншалықты маңызды екенін дәлелдей  білді.

Аида Балаева: ақпараттан – аппаратқа

Қызметтік жолын педагогикадан бастағанымен, кейіннен журналистика саласында да тәжірибесі бар Аида Ғалымқызы Ақпарат және қоғамдық даму министрі, одан кейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Оның ерекшелігі – БАҚ-пен жұмыс тәжірибесі мен мемлекеттік идеологияны үйлестіре алуы. Балае­ва журналистиканың этикасы мен мемлекетшіл көзқарастың тоғысар тұсын жақсы меңгерген тұлға  ретінде  жоғары бағаланады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: