HALYQLINE.KZ Жылдағы дәстүр бойынша Қазақстан Журналистер одағы жаңа лекпен толықты. Одақтың облыстық филиалы төрағасы Аманжол Оңғарбаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні 18 адамға мүшелік билет табыстады. Шарада филиал төрағасы жастарға үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.
– Журналистер одағына мүше болу – үлкен сенім. Қазіргідей уақытта сол сенімге, жалпы қаламгерлер атына кір келтірмей абыройлы қызмет ету – парыз. Сіздерді осы сенім үдесінен шығады деп білемін. Қалам ұстап, қасиетті мамандықтың бел ортасында жүрген жандарды мүшелікке қабылдау биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Еңбектеріңіз еленіп, қашанда абырой биігінен көріне беріңіздер, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Журналистер одағына қабылданғандардың дені – жастар. Олардың қатарында әріптестеріміз, фототілші Нұрболат Нұржаубай, «Халық» газетінің тілшісі, Halyqline.kz сайтының редакторы Рыскелді Жахман, «Ақмешіт ақшамы» газетінен Айдана Алиарыстан, Дамир Амангелді, «Ұстаз мәртебесі» газетінің тілшісі Айдар Сайлауов, «Қоғам ТВ» арнасынан Мадина Ералиева, Айдана Әмірхан, Назгүл Қажытаева, «Қармақшы таңы» газетінің тілшілері Айнұр Әли, Ардақ Сүлейменова және Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің басшысы Мұхит Қонаров, облыстық басқарманың дін мәселелерін зерттеу орталығының «Интернет және БАҚ-пен жұмыс» бөлімінің басшысы Нұрлан Тәшімов бар.
Сонымен қатар, қарымды қалам иелеріне «Отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін және ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін» Қазақстан Журналистер Одағының құрмет грамоталары тапсырылды.
Айсәуле Қарапаева,
«Сыр бойы»
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!