Қалам ұстаған, қасиетті ой тербеген журналистер қауымы, ақпарат саласының ақтангерлері, баршаңызды бүгінгі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын! Менің 75 жасқа толуыма, «Уақыт жебесі» атты бестомдығымның тұсаукесеріне қатысты ізгі тілек білдірген барша ағайынға мың алғыс!
Бірақ бүгін мен көптен пісуі жеткен, барша журналистер қауымын толғандырып жүрген басқа тақырыпты қозғамақпын. Ол Қазақстан Журналистер Одағының тағдыры мен мүшкіл халіне байланысты. Осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевпен кездесіп қалдық. Ол соңғы кезде белсенді қызметтен шеттеп, денсаулық жағдайымен күн кешіп жүргені белгілі болды.
Сейітқазы ініміз Қазақстан журналистикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Таудай алғыс! Лауазымды жоғары қызметтерді атқарды. Кейін істі болып, баласы екеуі сотталғаны, БАҚ құралдары олардың жазықсыздығын айтып дауыл тұрғызғаны, соның арқасында біржола ақталып шыққаны бәріміздің есімізде. Сейітқазы биыл 70-ке келіп жатыр. Өмір алға жылжуда.
Одақ сайтының деректеріне қарағанда Сейітқазы 2001 жылы Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы болып сайланған. Осы міндет қазір оның бесінші мерзім мойнында. Оның жеке басына құрметіміз зор. Бүкіл журналистер қауымы ол істі болып жүргенде әріптестік ынтымақтастықпен оған қолдау көрсеттік. Тілектестігімізді білдірдік. Оған деген ыстық ықыласымызды қазір де арнаймыз. Бірақ Қазақстан Журналистер одағы жекеменшік ұйым емес, ол – Қазақстандағы бүкіл журналистер қауымын біріктіретін қоғамдық бірлестік. Сейітқазыға да жанымыз ашысын.
Сайтта Басқарма төрағасы міндетін биыл күзде 75-ке толатын, бұрын «Әділ сөз» қоғамдық қорын басқарған Тамара Калеева деген орыстілді кейуана журналист атқарып жүргені жазылыпты. Оның қазақтілді журналистер қауымымен байланысы жоқтың қасы. Басшылықтағы осындай картина Қазақстан Журналистер одағын шалажансар күйден тірілту, ұйымды түбегейлі реформалау қажеттігін көрсетеді. Онсыз да аймақтарда жас журналистерді ұйымға қабылдау, танылған журналистерді марапаттау, жас журналистерді оқыту, журналистердің әлеуметтік мәселелерін шешу, қамқорлық жасау, кәсіби тұрғыдан жетілдіру, үкіметтік орындарымен байланыс мәселелері табандап тұрып қалды.
Есімде, 1972 жылы Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке өткенім мен үшін орасан зор қуаныш болып еді. Жүрек лүпілдетер қуаныш – қазір де көптеген жас талпкердің арманы. Осы арада одақтың тарихынан азғантай сыр шерте кетейін. Еліміздегі баспасөз құралдары өкілдерінің бастапқы шығармашылық ұйымы 1920 жылдары құрылған. Қазақстан журналистерінің тұңғыш съезінде оның төрағасы болып Тұрар Рысқұлов сайланған. Сол тұста орыс тілінде 16, қазақ тілінде 12 газет шығып тұрыпты. Ал 1959 жылы қараша айында өткен Қазақстан журналистерінің 1-съезінде Қазақстан журналистер одағы дүниеге келген. Қоғамдық бірлестік 2001 жылы сәуірде қайта тіркеліпті. Менің 1969 жылдан бері қазақ баспасөзінде істеп келе жатқаныма биыл 55 жыл болды. Содан бері Қазақстан журналистерінің құрылтайы (сьезі) өтіпті деген есімде жоқ. Шерхан ағам: «Журналистердің көтергені алтын, жегені жантақ» демекші, алға жылжып жатқан шаруа шамалы. Көңілге медеу – әйтеуір ұзақ дау-дамаймен қабылданған «Масс-медиа» туралы Заң.
Биыл Журналистер одағының құрылғанына – 65 жыл. Сонда бұл ұйым қашанғы шалажансар күйде қала береді?
Қазақстанда бүгінде үш мыңдай бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеп тұр. Оларда кемінде бес мыңнан астам журналист қызмет етеді. Олардың толыққанды жұмыс істейтін шығармашылық ұйымға мұқтаждығы орасан. Бұл мәселені Бас редакторлар клубы да қолдайтынына күмән жоқ.
Ендеше бұл сауал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин мырза мен ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева ханымның назарына ұсынылады.
Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы-публицист.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!