Қалам ұстап жүрген соң елмен жақын араласып, түрлі кәсіп иесімен, қилы тағдырлы жандармен жолығып, тілдесуге тура келеді. Көпшіліктің арасында кімдер кездеспейді дейсіз? Жасыратын несі бар, кейде сұхбаттасқан адамың шамыңа тиіп жататын тұстар да болады. Ондайда бойыңды кернеген ашуыңды тежеп, өзіңді сабырға шақырасың. Қалайда бастаған әңгімеңді ақырына дейін жеткізіп, оқырманға қажетті мағлұмат ұсынуға, редакция тапсырмасын орындауға ұмтыласың.
Бірде мынадай оқиғаны бастан кешірдім. Менің тұрғыластарым кезінде сүйсіне шырқаған, сонау 70-жылдары жастар арасында кеңінен танылған әннің авторы өзім сырттай танитын, қазалылық азамат екенін «Сыр бойы» газетіне «Қазалыдағы композитор-кочегар» атты тақырыппен шағын хбар түрінде жазып жіберген болатынмын. Жазбам жарияланған күні мезгілсіз уақытта үй телефонына қоңырау соғылды. Тұтқаның арғы жағындағы бастығым, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы марқұм Жақсылық Рахматулла ағамыз «бүгінгі жазған шағын хабарға сол кездегі облыс әкімі Икрам Адырбековтің ерекше мән бергенін айтып, түске дейін сазгер жігіт туралы көлемді мақала жазып, ертеңгі номерге беруімді» тапсырды. Түнімен уайымдап шықтым. Арасында «Американы ашқандай болып нем бар еді?» деп өзімді жазғырып та қоямын.
Жұмыс уақыты басталар тұста сырттай таныс әлгі сазгер жылу қазандығының операторы (мен кочегар деп жазған едім) болып жұмыс істейтін мекемеге бардым. Басшысына жолығып, мән-жайды түсіндірдім. Мекеме басшысы жақсы сыйласатын ағамыз (ол да марқұм болып кетті) еді. Тілге келген жоқ. Сазгерді сұхбат бергенше жұмыстан босатып, кабинетін босатып берді. Алайда кочегар мен жылу қазандығы операторының аралығындағы кәсіби айырмашылықты сыпайы түрде ескертіп өткенде маңдайымнан шып-шып тер шықты. Бұл әрекет маған әрнәрсені өзінің есімімен атау қажеттігін нұсқаған өмір сабағы болды.
Бойына соншалықты керемет өнер дарыған сазгерім мақтану дегеннен мүлде ада, артық-ауыс сөзге жоқ азамат екен. Шынымды айтсам, әрбір сөзді тәптіштеп сұрап алуға тура келді. Десе де, көлемді сұхбат өмірге келді. Бастығым менің тарапыма жылы лебіз білдіргенде марқайып қалдым. Кейін сазгер жігітпен бауырымдай сыйласып кеттім. Алланың бұйрығы шығар, көп ұзамай қызметі жоғарылады. Ал екеуміздің арамызда жақсы сыйластық, шығармашылық байланыс орнады. Менің бірнеше өлеңіме ән жазды.
Мұнан он шақты жыл бұрын болған төмендегі оқиғаны да айта кетсем. Сол тұста аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген азамат маған жоғарыдан келген тележурналистермен бірге шалғай ауылға барып, бір шараға қатысып қайтуымды сұрады. Қуана келістім. Бірақ… кейін сол сапардағы келеңсіз жайтты көпке дейін есімнен кетіре алмадым. Орынбасардың күйлі көлігімен шалғай ауылға қарай жүйткіп келеміз. Кенет жанымда отырған жоғарыдан келген журналист қыз аудан әкімінің орынбасарына «ағай, бізге пойызға қайтар жолға билет алып қойсаңыз, ақшамыз жоқ еді» демесі бар ма? Әкімнің орынбасары шарт ете түсті. «Немене, сендерге іссапарға ақша қаралмай ма? Қаншама жерден келгенде қалай қайтамын деп неге ойламағансыңдар? Әлде ауданда ақша арықпен су болып ағып жатыр деп естідіңдер ме?» деген сарында сөзді жаудырып жатыр. Ана журналист қызда үн жоқ. Қызды-қыздымен аудан әкімінің орынбасары «журналистердің бәрі солай, келген-кеткенінің бәрі – міндет» деп салғаны… Осы жерде менің де шыдамым сыр берді. «Аға, айтуыңыз орынды. Дегенмен, көпке топырақ шашу жарамайды. «Тық десең, тауыққа тиеді» деген бар. Барша журналистер дегеніңіз артық емес пе?» дедім. Ал журналист қарындасыма «қызым, шынымен де қайтар ақшаң болмаса, маған неге айтпадың? Аңдамай сөйлеп, бір хабар беру үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, зыр жүгіріп жүрген қаншама әріптестерге сөз келтірдің» деген ренішімді де жасырмадым. Аудан әкімінің орынбасары болса өзінің қызбалыққа салынғанын аңғарғандай менен кешірім сұрады. «Айтқан сөз – атылған оқ». Қалай дегенмен де көңілде ізі қалды. Арада қаншама жыл өтсе де, сол оқиға есіме түссе әріптестерімнің оғаш әрекетінен бетімнен отым шығардай қатты қысыламын.
Ешкімнен сөз естімегенге, кәсіби мамандығыңа сөз келтірмегенге не жетсін.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!