Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмыспен қамту жүйесі: Нақты нәтиже мен жоспар

06.02.2026, 21:49 35

Қызылорда облысында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы облыс әкімі бекіткен «2025 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» аясында жоспарланған көрсеткіштер толық орындалып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

Аталған мәселе Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында кеңінен баяндалды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде 46 560 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, іс жүзінде 46 603 адам жұмысқа орналастырылған. Осылайша, жоспар 100,3 пайызға орындалып, оның 68,5 пайызы тұрақты жұмыс орындарының үлесіне тиесілі болды.

– Өңірлік жол картасының әрбір бағыты бойынша бекітілген жоспар артығымен орындалды. Жыл басынан бері 118 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 6 429 бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 2 041 адам тұрақты, 1 123 адам уақытша жұмысқа орналасты, ал 4 533 азаматқа кеңес берілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы аясында өңірде 13 512 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жоспар 26,8 пайызға артығымен орындалды. Бұл көрсеткіштер аймақтағы еңбек нарығының оң серпін алғанын көрсетеді – деді басқарма басшысы.

Жұмыссыздық деңгейі де төмендеген. Өңірде жалпы жұмыссыздық көрсеткіші 4,6 пайызға дейін қысқарып, республикалық деңгеймен теңесті. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4 пайыз шамасында тұрақтады.
Брифинг барысында әлеуметтік қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ.

  • Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен әлеуметтік қолдауды қажет ететін 10 157 адамға тиісті төлемдер жасалып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 36 779 мүгедектігі бар азамат 35 454 техникалық оңалту құралдары және қызметтерімен толық қамтамасыз етілді. Биылғы жылы да әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласында бірқатар нақты міндеттер айқындалды. Өңірлік жол картасы шеңберінде 26 234 жаңа жұмыс орнын құру, жалпы жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыз, жастар арасындағы көрсеткішті 3,4 пайыз деңгейінде ұстап тұру көзделіп отыр. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың оңалту бағдарламаларын орындау үлесін кемінде 90 пайызға жеткізу, 360 инфрақұрылым нысанын бейімдеу және әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж жандарға бағыттау жоспарланған, – деді Ғабит Жұмабекұлы.

Айта кету керек, әлеуметтік төлемдердің уақытылы берілуін қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне толық көшіру де алдағы кезеңнің басым бағыттарының бірі болып қала бермек. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірде алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: