Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмабектің  жекпе-жек  төбелестері  №2

13.01.2026, 9:00 35

HALYQLINE.KZ

Бұған дейін балуан Жұмабек Құлыбаевтың №1 төбелесінде С.М.Киров атындағы ҚазГУ-дың студентеріне әлімжеттік қылып жүрген боксшы, орыс Сергей Лемшевті Жұмабек жекпе-жекте жеңіп, қазақ студентеріне араша болғанын жазған болатынмын. Оны оқыған кей таныстарымның  «физкультура институтының бірінші курс студенті Жұмабек Құлыбаевтан көмек сұрайтындай басқа жоғары курстағы жігіттер құрып қалған ба?» деген сөзге  жауабым  мынадай.

Иә, Жұмабектен де үлкен балуан да, боксшы дп жігіттер болды. Бірақ «кім бізді қорғай алады?» деп араша сұрағанда, Жұмабекті көрсетті ғой. Жұмабектен де күшті жігіттер болған да шығар, бірақ Жұмабек ауылдың төбелесінде шыныққан жүректі еді. Төбелесте кім жүректі болса, айқын басымдыққа сол ие болатыны бесенеден белгілі. Ол үшін Жұмабектің мектепте жүрген кезінен бастап, жетекші болып төбелесте топ бастағанын айтуға тура келді. Жұмабек жоғары сыныптарды Арал қаласында оқыды. Себебі, Бекбауылдағы мектеп сегізжылдық еді. Аралдағы №15 мектепте әкесінің туған ағасының қызы Хадишаның үйінде жатып оқыған болатын. Жездесі Баймағамбет фашистермен соғыста бір қолын қан майданда тастап келген соғыс мүгедегі еді. Баймағамбет жездесінің ағасы Шүлембайдың баласы Қаламбай (1946 жылғы), Баймағамбеттің інісі Жармағамбеттің балалары Қуаныш (1954 жылғы), Жұбанышпен (1958 жылғы) бір үйде жатып оқыған оқыған еді. Руы – Майдан, батырдың тұқымы, шеттерінен төбелестің түбінтүсіретін жігіттер. Жұмабекке құда балалар болып келгесін, қастарынан бір елі қалдырмай ертіп жүретін.

Осы жерде Қаламбай ағасы туралы ерекше айтуға болады. «Буденный» крайының атаманы болды, «Жаңа ауылдың» атаманы Ерленмен шекісіп жүретін, Ерлен болса руы Құрманай, екеуі туысқан болып келді, кейінен Қаламбай бүкіл Арал қаласын уысында ұстады. Дунай деген досын өлтіріп кеткенде, қозғалған іс қылмыскер табылмағасын жабылып қалған болатын. Бірақ кім өлтіргенін сезіп те жүрген болуы керек. Бір күні «Арал кеме жөндеу зауытынан» жұмысынан қараңғы түскенде шығып келе жатқанда бір топпен төбелесіп қалады, бәрі жабылып жатқасын қалтасындағы отверткасымен қорғанып жүргенде адамды өлтіріп алады. Сот қорғану шегінен асыра күш қолданды деп, 6 жылды арқалап кетті. Кейін жақсы тәртібі үшін мерзімінен бұрын өтеп, 4 жылдан кейін Аралға келді. Тоқсаныншы жылдардың басында Қаламбай Айсәуле жеңгеміз екеуі Шымкентке қыдырып барады. Орталық көшеде «Волга» автокөлігі жоғары жылдамдықпен келе жатқан кезде, доппен ойнап жүрген төрт жастағы корей қызы шыға келгенде, ойланбастан қызы жерден көтеріп алған кезде, «Волганың» астына өзі түсіп қалып, қабырғалары сынып, ауыр жарақат алып, өлімнен аман қалғанымен, мүгедектікке шығады. Кезінде тентек болса да, адамгершілігі мол Қаламбай ағасы 2025 жылдың қазан айында 79 жасында қайтыс болды. Еліне қорған болған азаматты бүкіл Арал халқы соңғы сапарға шығарып салды, желтоқсан айында 40 күндік садақасы болды. Иманы алдынан жарылқасын, әділдікті ту еткен азамат кезінде басқа ұлт өкілдеріне қазақтың намысын таптатпаған болатын. Кейін Жұмабек Аралға поезбен бара жатқанда Қаламбай ағасымен түрмеде отырған адаммен сапарласболған екен. «Қаламбай ағаңның арқасында түрмеде бірге отырған қазақтар жақсы өмір сүрдік» деген болатын.

Жұмабектің өзі де Бекбауылда төбелестен ешкімнен жеңіліп көрмегенін бұған дейінгі жазбаларымда жазған едім. Төбелес дегенде кілең көшенің бұзықтары деп ойлап қалмаңыздар. Заман сондай болды. Көп нәрсе заңнан тыс төбелеспен шешілетін кездері де болды. Арал портты қала болғасын, одақтың әр жерінен келген көп ұлттыәрі криминалды қала болды. Шектен шыққан автоинспектордың үйін де өртеп жіберген кез болды.

Заман әлсіздікті көтермейтін. Ол кезде кінәлі адам жеңіліп таяқ жесе де арыз жазбайтын, қазір ғой арыз жазып материалдық ақша өндіртіп алатын.

Арал қаласы әр топтың ықпалында болып, өз атаулары болды. Атауларының өзі айғайлап тұратынын тағы бір еске түсірейік: «Ақ шапкі», «Фонтомас», «Буденный», «Шанхай», «Жаңа Арал», «Киров», «Ворошилов». Жұмабек тұрған көше «Городской» деп аталды. «Городскойдың» жетекшісі Қуаныш, Жұбаныш, Жұмабек бастаған 12 жігіт болды, бұлардың ықпалында «Маяк» кинотеатры мен би алаңы болды. Басты мақсаттары төбелес болдыртпау, яғни «бақылаушы» (смотрящий) болды. Кейде би аяқталған кезде басқа крайдың балалары дабырлап сөйлесіп келе жатқанда Жұмабектер  не бәрі 4-5 бала болып алдарынан шыға келгенде тым-тырыс басыла қалып үндемей өтіп кететін.

Барлық топтың жігіттері Қаламбай десе, артық сөз айтуға қорқады. Осы Аралдағы мектепте Жұмабек жақсы оқуымен қатар жақсы төбелесуді де үйренді, төбелесте ең бастысы қорықпаған адам жеңетіні сол кезде есінде мықтап сақталып қалды. Қаламбай ағасы үлкен болғандықтан, Жұмабек өзімен қатар Жұбанышпен жүрді. Бір күні апасы Хадиша Қазалыға кеткен болатын, кешкісін сабағына дайындалып отырғанда Жұбаныш үйге ентігіп келіп: «Кеттік «Маяктағы» би кеші аяқталып қалды «Шанхайдың атаманы Шашлык шығып келе жатып ұстау керек» дегесін еріп арғы беттегі «Шанхай» мен «Жаңа Арал» тобының жүзге жететіндей жігіттері бұлардың көшесіндегі арғы бетке апаратын жалғыз көше қиылысына келіп қалған екен, екеуі алдарына тоқтап қалып, кешкі мектептің 9-сыныбында оқитын Жұбаныш бар дауысымен: «Шашлык, жекпе-жекке ортаға шық. Шашлык, сені котлет қыламын» деп айғайлады. Ортаға 50-жылғы сотталып келген Шашлык шықты. Жұбаныш болса сегіз жас кіші, 1958 жылғы, сол кезде 15 жаста, қасында тұрған Жұмабек 10-сыныпта оқиды. Басы салбырып үндемей тұрған Шашлыкқа Жұбаныш сұқ саусығымен түйреп тұрып: «Шашлык, мына жігіттердің көзінше айт, не істеп жүргеніңді» дейді, Шашлыкта үн жоқ. Сол кезде арғы беттіңбеделді үш-төрт жігіті шығып не болғанын сұрағанда Жұбаныш: «Оны мына Шашлыктың өзі айтсың» дегенде, салы суға кеткендей үндемей тұрған Шашлыкқа араша түскен жігіттердің сөзін жерге тастамаған Жұбаныш: «Шашлык, есінде болсын тағы да сондай жағдайға баратын болсаң, пышақпен бауыздап өлтіремін. Енді кете беріңдер» деп бөгеп тұрған жолдарын босатты. Жұмабек 16-да, Жұбаныш 15-те, екеуі жүзге жуық көше бұзықтарын ұстап тұрып өктемдікпен сөйлесуі жүрек жұтқандық емес пе? Әлде, Арал қаласын ұстап тұрған ағасы Қаламбайдан қаймықты ма екен?

Енді Жұмабектің жүректілігін айта кетейін. Сексенінші жылдардың ортасы, Жұмабек жоғары білімді жас маман, оның үстіне қазақша күрестен Қазақ ССР-нің чемпионы әрі спорт шебері, дзюдодан да республика чемпионы, қатарынан төрт рет облыстың түйе балуаны атанған жұлдызы жанып, атағы дүрілдеп тұрған кезеңінде ауылға келген жігіттерді шығарып салу үшін теміржол вокзалына келеді. Сол жерде сыныптасы Әбіләзім Тұрғанбаев ашу үстінде екен, не болғанын сұрағанда, Қазалыға келген үш шешен жігіті қазақ қыздарымен қыдырған екен. «Қайда?» дегенде «Вокзал ресторанында» дегенді естігесін қасындағы жігіттермен кіріп барса, төрде үш шешенжігіті шалқып отыр екен. «Қайсысың менімен жекпе-жекке шығасың?» дегенде, шешендердің біреуі де орынан тұра алмай қалады. Сол кезде ортасындағы еңгезердей шешенді жағасынан көтеріп алып жағынан тартып жібереді. «Үшеуің де далаға шығыңдар» дейді, сол кезде таныс кезекші милиционер Жұмабекке келіп, «төрде отырғандар Ақтөбе қаласынан бізді тексеруге келген желілік милиция бастығы, сұрау бізден болады» дегесін амалсыз далаға шығып кетті. Шешендерді милиционерлер поезға өздері мінгізіп салды. Перронға шешендер шықса, Жұмабек ұратынын білген  болуы керек.

Екінші шешенмен қақтығыс Өзбекстан поезында болды. Үстінде формасы бар ресейлік милиция капитаны өзбек проводникке ақша ұсынып арақ тауып әкел деп қинап жатыр екен. Араласуға тура келді, капитан формасына сеніп өктемдеу сөйлегесін Жұмабек шыдамай шешенге «жекпе-жекке шығасың ба?» дегенде, капитан сөзге келместен «кеттік» дейді. Тамбурға шыққасын Жұмабектің костюмінің жағасындағы «Мастер спорта» деген төсбелгісін көргесін шешен жігітінің «төбелеске тәбеті» қашып кетіп, жекпе-жекке шықпаймын дейді. Жұмабек сұқ саусағын шешеннің кеудесіне тіреп тұрып: «купеңе барып жат та шықпа, менің көзіме көрінбе!» деп босатып жібереді.

Осындай төбелес студент кезінде де болған еді, жазғы сессиясын тапсырып, Тасбөгет поселкесінде тұратын бокстан спорт шебері, курстас досы Жұмағали Ағатаев екеуі вогон ресторанға түскі ас ішпекші болып кіргенде, алдарында арақ пен бөтелкедегі сыраны араластырып ішіп отырған сегіз орыспен сөзге келіп қалады.Екеуі де республика чемпионы ғой, не тұрады? Сегізін вогонан-вогонға қуалап, теуіп жүріп сабап тастады.

Айтайын деп отырған соңғы төбелес бұдан да сұмдық болды. Жұмабектің келіншегі Айна Шалқар ауданының Бозой аулының қызы болатын. Үйленген алғашқы жылдардың бірінде Шалқардан Бозойға жүретін автобусқа отырды. Бозойда газ айдайтын компресорлық станция болғандықтан, вахталық жұмысқа бара жатқан 15 орыс артқы орындықтардың барлығын алып отыр екен. Барлығының үстерінде қызметтік форма. Автобус жүріп келе жатқанда өздеріне жақын өзара сөйлеп отырған қазақтарға «Молчите. Не говорит на своем баранином языке» деп тиіскеніне шыдамаған Жұмабек «сам молчи» деп қасына жетіп барып, алақанымен орыстың басынан ұрып, талдырып түсіреді. Екінші орыс орнынан атып тұрған кезде екі көздің ортасына жұдырықпен бір ұрғанда ол да талып қалады. Қалған 13 орыс үндемей қалады. Шалқар мен Бозойдың арасына алты сағаттан астам уақыт жүреді, жолдағы асханаға тоқтағанда қазақтың барлығы Жұмабекті қоршап қолынан алып, рақметін жаудырып жатса, үлкендер жағы «қай жақтың баласысың?» дейді. «Мен Қазалыданмын, сіздерге күйеу боламын, Бозойдағы Аманкелдінің қарындасына үйленгенмін» деп айтады. Содан Бозойға жеткенше орыстар асханаға да шыға алмай, қорыққанынан алты сағат бойы үндемей отырыпты.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: