Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмабектің жекпе-жек төбелестері: №1

24.12.2025, 15:20 47

HALYQLINE.KZ

2025 жылдың 22 желтоқсанында «Арал-Қазалы жігіттерінің түріктерді тәртіпке түсірген төбелесі туралы» деген мақаланы «Халық» газетінің электронды сайтына және өзімнің «Айтылмаған ақиқат» атты әлеуметтік парақшама жариялаған соң, 2700-дей адам лүпіл басып, 100 мыңдай оқырман оқып, 500-ден астамы пікір жазды, әлі де пікірлер ілегі толастамай тұр. Алайда, «бес саусақ бірдей емес» дегендей кей оқырман «шын батыр болса, орыстармен төбелеспеді ме?» деп пікір жазғандар да болды.

Жұмабек балуан орыстармен төбелескенде қандай төбелесті десеңші! Сондықтан төбелес тақырыбын жалғастыруды жөн көрдім және ондай төбелестер көп болғандықтан, реттік санмен белгілеуді жөн көрдім. Бүгінгі оқитындарыңыз – №1 төбелес.

Сонымен балуан Жұмабек Құлыбаевты тағы бір таныстырып өтейін. Студент кезінде күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болған. Қазақша күрестен екі рет Қазақстан чемпионы болған, ҚР спорт шебері. Қызылорда облысының төрт мәрте түйе балуан атағын жеңіп алған. Күрестің төрт түрімен айналысып, республикалық додаларда топ жарған. Студент кезінде дзюдодан екі рет республика чемпионы болған.

Жұмабек Алматыдағы физкультура институтының 1-курсын 18 жасында бітіріп жатқан жазғы семестрде 1975 жылдың маусым айында бір үлкен төбелеске баруға тура келді. Алматыдағы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың орыс кафедрасында оқитын бір топ қазақ жігітінен делегация келді. Бәрі де өзінен үлкен жігіттер. Келген бұйымтайын былай жеткізді: «Жұмабек інім, бәріміз де орыс кафедраларында әртүрлі мамандық бойынша оқып жатырмыз. Бәрімізге Сергей Лемешов деген орыс күн көрсетпейтін болды. Көшеде кездесіп қалса, басымыздағы қымбат құлақшын, мойнымыздағы шарфты не қолғабымызды көрсе, өзіне киіп көріп: «Ооо фирма» деп иеленіп кететіні аздай, енді әр стипендия алған сайын ізіне ерген жандайшаптары ақшалай салық салатын болды, қарсылық көрсетсек, сабап кетеді. Физкультура институтындағы өзіміз танитын жігіттерден сұрап көріп едік, өзіңді айтты» деген соң, Жұмабек «жақсы, ертең барамын» деп шығарып салды.

Ертеңіне сенбі күні, ол кезде университет «ҚазМУ-град» деп аталып кеткен жаңа қалашығына көше қоймаған кезі, Никольский базар жанындағы университеттің жатақханасына барар кезде өзімен бір бөлмеде жататын курстастары жамбылдық Серғали Жақсылықбаев пен шымкенттік Әлімхан Бақаевты қасына ертіп барды, екеуі де балуан (фотодағы). Кешегі жігіттер күтіп алып, ауыздағы вахтерші апайға ауылдан келген ініміз деп кіргізіп алып, тура Сергей Лемешовтың бөлмесіне кіріп барды.

Бөлмеде Лемешев болмай шықты, оның есесіне қазақ студенттерінен ақшалай салық жинайтын көмекшісі отыр екен, алдына кешкі асты алып, бір өзі тамақтанып отыр. Майкамен отырғандықтан төсі жүн-жүн, денесі төртбақ жігіт екен. Жұмабек қарынан қысып: «жүр кеттік» деп жуынатын бөлмеге алып кірген бойда жұдырығымен қақ маңдайынан бір ұрып құлатты. Есін жинай алмай есеңгіреп жатқанда, қасындағы ақірет көріп жүрген жігіттерге: «сендерді қалай ұрса, солай ұрыңдар. Мен қарап тұрамын» деді. Қолдарының қышуы басылғанша ұрып болғасын, орыстың шашынан ұстап көтеріп: «Сергей қайда?» деп сұрағанда, дискотекаға кетті деп жауап берді. Бағанадағыдай емес қазақ жігіттері де жиналып қалыпты, соларды ертіп дискотека болып жатқан жерге барды. Сол жерде Сергей Лемешовты көрсетті, еңгезердей бойы екі метрдей болатын орыс екен. Қасына барып «далаға жүр сөйлесеміз» деген соң мысқылдап, нөкерлерімен есіктен шыққанша қатарласып жүрді, себебі Жұмабек оның белінен сәл асып тұр екен, алға түсіп жүрсе, желкемнен ұрып жіберсе, тұра алмай қалуым мүмкін деп сақтанды.

Дискотека болып жатқан жатақхана фоесінен шығып, бұрыштан бұрыла бергенде Жұмабек дзюдо тәсілін қолданып, орысты тобықтан теуіп, кеудесінен жұдырықпен ұрып шалқасынан түсіріп, «жекпе-жек шық» деді. Дискотекадан шыққан 200-дей жігіт шеңбер болып ортаны ашты. Ол кезде Жұмабектің салмағы 68 келі, қарсыласын танымайды, кейінен барып білді, Сергей Лемешев 81 келі салмақтағы боксшы екен. Салмағы да, бойы да зор болса да, тәуекелге барып жұдырықтаса бастады. Жұмабек аса сақтықпен жұдырықтасты, ең бастысы, соққы алып қалмауым  керек деді. Жұдырықтасу шамамен 10 минуттан асып бара жатқанда қолы жағасына жетті-ау, дереу аяқты іштен шалып, иығынан асырып талдар арасындағы мұздақ жерге алып ұрып, үстіне қонжиып алғасын, екі жұдырықпен кезекпе-кезек ұра бастады. Орыстың беті қан-жоса болды, мұрны мен жыртылған қабағынан аққан қан бетін жуып кетті, қазіргі жастардың тілімен айтқанда «фарш» болды. Шарасы тусылған Сергей «здаюсь» деп бар дауысымен бақырып жіберді. Сол кезде қазақ жігіттері Жұмабекті жайғасып алған орыстың үстінен көтеріп алып кетті.

Міне, «күшті болса орыстармен неге төбелеспеді?» дегендерге жауап. Сол кезде осы төбелес Алматы қаласындағы ЖОО-ғы студентер арасында аңыз болып тарап ауыздан-ауызға айтылып, біразға дейін «хит» болды. Жұмабек те кейін ол төбелесті ұмытып та кеткен болатын.

Арада он жылдан астам уақыт өткеннен кейін Жұмабек Құлыбаев Қазалы аудандық білім бөлімінде инспектор болып қызмет істеп жүргенде, оқу жылы аяқталып жатқанда Қызылордаға облыстық білім басқармасынан аттестат алып қайтар кезде балаларына базарлық алу үшін базарға барады. Вокзалға бару үшін ішінде жүргізушісі отырған «Москвич» терезесінен «вокзалға апарасыз ба?» деп сұрайды. «Таксист емеспін, базардан шығатын әйелімді күтіп отырмын» деген соң, бұрылып кетіп бара жатқанда «тоқтай тұрыңыз, Жұмабек емессің бе?» деп сұрайды. «Иә, Жұмабекпін, мені қайдан танисың?» деп сұрауға үлгіре алмады. Әлгі жігіт машинадан шығып, құшақтай алды. Сол кезде Сергей Лемешовпен жекпе-жек төбелескенде қоршап тұрған топтың ішінде болған екен. Сөзге келместен «Шағанда» тұратынын, бірден үйіне қонаққа шақырып, сыбағалы малыңды жеп кетесің деп қинады. Жұмабек қолындағы екі бума аттестат екенін айтып, бара алмайтынын айтқан соң, вокзалға шығарып салады. Аты-жөні мен хабарласатын үй телефонын жазып берген қағазын кейін жоғалтып алды.

Осындай бір кездесу тоқсаныншы жылы тағы да болды. Жақын туысы, мектеп директоры Жетібай Таңманбетов ұзатылған қызының артынан Ақтөбеге құдалыққа баратын болып, мемлекеттік қызметтегі тағы бір туысы Әуез Жалғасбаев, т.б. туыстарымен пойызға келсе, билет жоқ. Сол кезде күрес секциясына қатысқан, теміржолда ревизор болып қызмет істейтін шәкірті Қайрат Мусаевқа «бізді келетін мына өзбектің поезына мінгізіп жібер» деген соң құдалыққа шыққан 30-35 адамды әр вагоннан орын тауып берді. Орналасып болып жатар алдында вагон әжетханасына шыққанда кезекті бір жігіт күтіп тұр екен және Жұмабекке қайта-қайта қарай беріп: «Сіз Жұмабексіз бе?» деп сұрады. Сөйтсе, бұл жігіт те Алматыда студент кезінде Сергей Лемешовпен төбелескенде қоршап тұрған 200-дей жігіттің ішінде болыпты. Сол жерде құшақтасып қайта амандасып, Аралға дейін екі сағатай сөйлесіп отырды, бұл жігіттің аты-жөні – Ордабек Едігеев, қазір жеке дәріханасы бар кәсіпкер жігіт.

Міне, қазақ жігіттеріне қорған болған Жұмабектің бір төбелесінің тарихы осылай.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  Журналистер  және  Халықаралық  Жазушылар  одағының  мүшесі.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: