Сыр елінің бас қаласы – Қызылорданың екі кең көшесі түйіскен тұста еңселі ескерткіш тұр. Қос қанатты пырақ кейпін көз алдымызға келтіріп, қазанат үстінде маңдайы мұқым жұртына қарап, намыс пен жігердің жарқылындай Жалаңтөс баһадүрдің бейнесі алыстан еріксіз аудартады. Жаратылысы жәй кісі емес, сұлбасынан сұс, тұлғасынан мыс айбаты аңғарылып, батырға тән болмысты байқаймыз. Сұп-суық ызғарымен шағып жіберетіндей шаншыла қараған көзқарасты танимыз.
Бұл – орта ғасырдағы шығыс елдері «баһадүр» атаған, Самарқандтағы Бұхара хандарының қолбасшысы, саясаткері, әрі әмірі Жалаңтөс Сейітқұлұлы.
Бүгінде қаламыздағы ең көрікті тарихи ескерткіштің бірі ретінде батыр баба рухы ұрпаққа батылдық, елжандылық қасиет сыйлайтын қасиетті орынға айналды.
Жалаңтөс би Самарқанда «Шердор» жоғары дәрежедегі оқу орнын салдырған, сондай-ақ Әмір Темір негізін қалап кеткен әлемге әйгілі Регистанды кеңейтіп, көркейтті. Кейбір ақпарат көздері баһадүрді «өзбек әскери қолбасшысы Ялангтуш Бахадур» деп келді. Оның шығу тегінің қазақ екенін алғаш рет ғылыми негізде дәлелдеген Алаш арысы Халел Досмұхамедұлы.
Ол 1576-1656 жылдар аралығында өмір сүрді. Жалаңтөстің денесі өз өсиеті бойынша Самарқандта қойылды. Оның қазасынан кейін Бұхара хандығындағы алшындардың басым бөлігі немере інісі Әйтеке бидің төңірегіне топтасып, қазақ хандығының туы астына өтті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!