Сыр өңірінде республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автожолының бойында ауқымды тазалық акциясы өтті. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «ҚАЖСервис» ЖШС облыстық филиалдарының қызметкерлері, өндірістік бөлімше жұмысшылары жаппай күре жолдың бойын қоқыстан тазалау жұмыстарын жүргізді. Бүгінде автобанмен күнделікті 15 мыңға жуық көлік әрі-бері қатынайды. Өкінішке орай, көлік жүргізушілері мен жолаушылар жол жиегіне бей-берекет қоқыс тастап, тазалық мәдениетін сақтай бермейді. Тазалық акциясы аясында облыс аумағында жалпы ұзындығы 812 шақырымды құрайтын «Самара-Шымкент» автожолынан 4 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
«Бұл бір реттік науқан болып қалмайды. Біз алдағы уақытта да тазалық жұмыстарын жүргізіп, жол бойын қоқыстан арылтуға білек сыбана кірісетін боламыз. Сондай-ақ, жол бойындағы аялдамаларда, паркингтерде қоқыс жәшіктерін көбейтпекпіз. Жүргізушілерге де түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тазалық сақтауға шақыруымыз керек. Өйткені, сана тазармай, жолымыз да тазармайды. Сондықтан, құзырлы органдармен рейдтер жүргізіп, қоқыс тастаған адамдарға айыппұл салуға дейін шара көретін боламыз», – деді «ҚАЖСервис» ЖШС Қызылорда облыстық филиалының директоры Нұрбол Абызбаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!