Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жоғымызды түгендейтін кез келді…

03.02.2025, 9:05 62

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы ел жастарына үлкен серпін мен сенім беріп отыр. Бұл –жастарға сенім артумен қатар, барлық еңбек адамына деген ерекше құрметтің белгісі.

Жұмысшы мамандықтарын дайындауда бірден-бір күш кәсіптік техникалық білім беру жүйесіне, соның ішінде арнайы білім беретін оқытушыларға түседі. Биыл оқытушыларға өзгеріске тез бейімделуге, жаңашылдыққа бет бұруға, жан-жақты дамуға, жаңа қырынан көрінуге үлкен мүмкіндік туып отыр.

Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі – 80 жылдық тарихы бар, гидротехникалық құрылыс саласында кәсіби мамандар дайындап келе жатқан еліміздегі бірегей білім орны.

Колледжімізде жұмысшы мамандықтарын дайындауда жұмыс берушілер әлеуметтік серіктестірмен бірге ықпалдаса жұмыс атқарып келеді. Білім беру бағдарламаларын да келісілген жүйеде дайындап, бірлесіп жұмыс атқарып жатыр.

Қазір жұмысшы мамандардың алға жылжуына кедергі болып отырған бірден-бір жайт – еңбекақының төмендігі. Еңбекақының аздығы дипломын жаңа қолға алып, мамандығына қызығушылығы артып, жалындап, жанып тұрған талай жастың талпынысын жаншып басып, өз саласынан еріксіз кетуіне әкеп соғып отыр. Еселі еңбектің еленуі – еңбек адамына деген құрметпен қатар, еңбекақының да өсуі деп деп білемін. Алда жастарымызға да қолдау берілер деген сенімдемін.

Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде, кейбір колледжде жұмысшы мамандығын дайындауда зертханалық қондырғылар мен құрал-саймандардың жетіспеуі (немесе тозып істен шығуы, заман талабына сай жаңаланбауы) ұстаздардың да кең көсіліп практикалық сабақтар өтуіне, білімді нақты да, нанымды етіп жеткізуге кедергісін келтіріп отырғаны жасырын емес. Бұл арада жоғарыда атап өткендей, «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп атап қоймай, құр сөзбен орақ ормай, ескіміз жаңарып, жоғымыз түгенделеді деген үмітім бар.

«Болар істің басына жақсы келер қасына» дегендей, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей бастамасымен «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы қордаланып, түйткілі шешілмеген мәселелердің шешімін таба отырып, алға қарай ілгері басуымызғы бағдар-бағытты айқындап берері анық.

«2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарялау аясында Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі ұжымы «Гидротехникалық құрылыс» мамандығын дайындаймыз. Су құрылысы объектілерін салу: көпір құрылысын салу, су қоймалары, су бөгегіш құрылымдар, магистралды каналдар, гидротораптар, бөгеттер және жалпы құрылыс жұмысын жүргізетін мамандар дайындаймыз. Сонымен қатар 2025-2026 оқу жылына «Гидротехникалық мелиорация» жаңа мамандығын ашуға тікелей ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Білім басқармасының тапсырмасы негізінде бірлескен жұмыстар атқарып жатырмыз. «Гидротехникалық мелиорация» мамандығы – ауыл шаруашылығы саласында қажетті өміршең мамандық. Ауыл шаруашылығы жерлерін қалпына келтіру және қорғау, ауыл шаруашылығы дақылдарына қажетті суды суғару мерзімінде әр дақылға қажетті судың мөлшерін нақты есептеп кедергісіз жеткізу. Жыл сайынғы болатын көктем мезгіліндегі тасқын селдің алдын алу. Суғарудың заманауи түрлерін кеңінен қолданысқа енгізіп, лиманды суғаруды жандандыруды қолға алу. Жайылымды жерлердің көлемін арттыру, егістікке берілетін гидротехникалық құрылымдардағы суды бөліп берудегі гидротехниктердің жетіспеуінің орнын осы «Гидротехникалық мелиорация» мамандығын тамамдаған түлектер арқылы орнын толтыру.

Еліміздің су саласындағы гидротехникалық құрылымдардың 60-70%-ына дейін тозуы, күрделі жөндеуді қажет етуі, тіптен кейбір гидротехникалық құрылымдарды қайта жобалау, құру кезінде гидротехникалық мамандар ауадай керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазір су шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген мамандардың 50%-ы басқа саланың мамандары екенін, тіпті кей маманның арнайы орта білімінің болмауын ескерсек, еліміздегі су шаруашылығы саласының жай-күйін айтпай-ақ түсініп, дағдарыста тұрғанын еріксіз мойындаймыз. Сол олқылықтардың орнын толтыруда Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінің ұстаздары өз үлесін қосып, кәсіби мамандарды дайындап шығаруға күшін салып жатыр. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген даналық сөзді назарға ала отырып, әр салада өз маманы еңбек етіп, қызмет атқарса, еңбек адамына деген сый да, құрмет те еселеп артары анық.

Жәнібек  СЪЕЗХАН,

Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінің арнайы пәндер оқытушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: