Биылғы жылы қалада тың бастамалар қолға алынып, жарқын жобалар сәтті жүзеге асуда. Әлеуметтік салада серпілістер айқындалып, экономикалық бағытта өсімдер қалыптасуда. Осы және өзге де ілкімді істер туралы шаһар басшысы Асылбек Шаменов қалалық мәслихаттың кезектен тыс VI сессиясында айтты.
Жалпы, жыл басында қала бюджеті 52,3 млрд теңгемен бекітілген еді. Жүйелі жоспарлардың жемісі, бүгінде оның көлемі 83,8 млрд. теңгеге жетті.
«Өздеріңізге белгілі, өткен аптада облыстық мәслихаттың сессиясы өтіп, онда қала бюджетінің кірісіне қосымша 6,2 млрд теңге қаралды. Бұл қаражатқа қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыру, олардың қасбетіне күрделі жөндеу жүргізу, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ көпбалалы аналарға және әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарымызға пәтер сатып алу жұмыстары жүргізіледі» – деген шаһар басшысы қалада жүзеге асып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды.
Биыл облыс орталығының тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға бюджеттің барлық көздерінен 121,2 млрд теңге бөлініп, ауқымды жобалар ел игілігіне жарамақ.
Қалада жалпы құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын «Неке сарайы», 3,7 млрд теңге болатын 1000 орындық «Өнер орталығы», 2,8 млрд теңгені құрайтын «Облыстық қан орталығы», сондай-ақ, 1 млрд теңгені құрайтын Сырдария өзенінің сол жағалауынан автовокзал құрылыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, шаһар басшысы Асылбек Шаменов инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 25 млн АҚШ доллары болатын «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалы салынып жатқанын, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы сәтті аяқталуға жақын екенін тілге тиек етіп, жақын күндері «Анаға тағзым» орталығы мен «Неке сарайы» пайдалануға беріледі деді.
Кезектен тыс сессияда Қызылорда облысының 85 жылдық және қаламыздың 205 жылдық торқалы тойын кең көлемде атап өту туралы да сөз болды.
«Айтулы мерекеге орай, арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жерлестерімізге және қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады» деді қала әкімі Асылбек Шаменов.
Нақтырақ айтқанда, салтанатты шараның ашылуы орталық алаңнан бастау алып, «Жастар карнавалы», республикалық жайдарманшылар фестивалі және аудандардың қала аумағындағы жәрмеңкелерімен жалғасады. Мұнан өзге, тәрбиелік-танымдық бағыттағы түрлі іс-шаралар көпшілікке ұсынылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!