Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жиенбаевтар жеңісі

31.07.2023, 9:30 394

HALYQLINE.KZ

Мен ағайынды Жиенбаевтарды 45 жылдан бері танимын, Қазбекпен қызметтес болған соң, бұл шаңырақтың ыстығы мен суығында араласып келемін. Қазбек, Асылбек, Әділбектің анасы Айман апай маған математикадан сабақ берген ҚР Ағарту ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз еді және шындықты бетке айтатын жүректілігі де бар, әлі күнге дейін «Айманның айтқаны» деп кезінде директор, завуч, т.б. айтқандары халықтың есінде. Жас кезінде «Итқырылған» елді мекенінде мектеп директоры болған кезде: «Айман, КПСС қатарына өтесің» дегенде», оқу бөлімінің басшысына: «Балаларым жас, менен қандай коммунист шығады» деп сылтау айтып өтпей қалыпты. Қазбек, Асылбек және Әділбек орыс мектебін бітірді. Қазбекпен пединститутта бірге оқыдым. Асылбек Ақтөбе қаласындағы медицина институтында Ленин атындағы стипендиямен оқып, қызыл дипломмен бітірді. Ол кездегі мұғалімнің бір ставкамен алатын жалақысы 90 сом болса, Асылбек ай сайын «күн көсем» атындағы 100 сом стипендия алатын, не деген кең заманды бастан өткердік! Әділбек Алматыдағы КазГУ-дің заң факультетін үздік бітірді. Үшеуі де мектепте оқып жүрген кезден бастап «көп білсем» деген қағиданы ұстанды, жетпісінші жылдардың басынан бастап шетел, совет, қазақ әндерінің үлкен коллекцияларын кіші пластинка мен диск, магнитофон лентасында, кассета түрінде жинады. Жас кезіміздегі піріміз болған В.Высоцкийдің әндерінің толық коллекциясын жинады, әлі күнге дейін туған және қайтыс болған күндері бас қосып тыңдап тұрамыз, жақсы әннің жаттығы жоқ, рухани азық болады, кей тұстарын тыңдағанда, «әттеген-ай, кезінде біз де дұрыс жасамаған екенбіз» деген ішкі ойлар мазалайды. Үш ағайындымен әдебиет, тарих, музыка, өнер, кино, ғаламдық мәселелер туралы таң атқанша айтысуға болады. ЖОО бітіріп келіп, қызметке тұрған ағайынды Жиенбаевтар аудан орталығында жастар үшін музыкалық-танымды кеш, дискотека өткізіп, үшеуі жастардың нағыз жалынды жетекшілеріне айналды. Сол кездің өзінде жақсы аппаратураға ие болып, үйлену тойларында да асаба болды. Қазалыдағы Жиенбаевтардың атағы ауданнан тыс жерлерге тарап, іргелес жатқан Байқоңыр (ол кезде Ленинск) қаласының телестудия операторлары келіп арнаулы хабар түсірген болатын. Демократияға бет бұрған кезде, Қазбек екеуміз 1988 жылы В.Высоцкийдің 50 жылығына байланысты танымдық кеш өткізгенде, көрермендер аз келгеніне қатты қынжылған болатынбыз. «Қазалыға қайта құру әлі келе қоймаған екен ғой» деп бір-бірімізді жұбаттық та қойдық.

Қазір Жиенбаевтардың алды Қазбек зейнет жасында, бірақ білім деңгейі сол күйінде, Асылбек аудандық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі, Әділбек Қызылорда қаласында жеке офисі бар заңгерлік қызмет атқарып, бос уақытында қаланың рухани өмірінде белсенді араласып, жастарға үлгі болуда. Әділбектің достары, ерлі-зайыпты Кеңес пен Гүлназ үш жылдан бері өткізіп келе жатқан «Мозгобойня», яғни «Ми шайқасы» шоуына өзінің «Старая школа» командасын құрып қатысуда. Аптаның әр бейсенбісінде өтетін интеллектуалдық ойынының бірі «Совет киносы» деген тақырыпта өтетін болғанда ағалары Қазбек пен Асылбекті өз командасына шақырды. «Сен тұр, мен атайын» дейтін мүйізі қарағайдай жеті командасы арасынан «Одуванчик» командасынан кейін Әділбектің «Старая школа» командасы екінші орынды жеңіп алды. Ағайынды Жиенбаевтардың орыстардың «век живи, век учись» деген қанатты сөзіне сай, өз білімдерін үнемі жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, нағыз бабында екендігіне іштей риза боламын. Үш тұлға туралы жеке-жеке жазуға да болады және реті келгенде жазамын да, әзірше ағайынды үш жігіттің тегіне тоқталып өтейін.

Атасы «сары Жиенбай» атанған, кезінде заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болған. Жиенбай аңшы, сал-сері болған, аудандық «Заготконтордың» агенті болып, елден аңдар мен сойылған малдың терісін қабылдап, орнына малшыларға қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған. Түз далада қақпан құрып, 16 калибрлі бір оқты «Жансон» аталған мылтықпен аң-құсты атқан мергендігі де болған, ел арасында «сары Жиенбай айтыпты» деген әңгімелері де бар. Әкесі Талғатбек Жиенбаев ұзақ жыл аудандық «Союзпечать» мекемесінің бастығы болған абзал азамат еді, дүниеден ерте өтті. Заманынан озық туған азамат еді, себебі, аудандық партия комитетінің хатшысы «өзің идеология саласында басшы қызметтесің, неге КПСС қатарына өтпейсің?» дегенде, түрлі сылтау айтып, ақыры партияға өтпей кетті. Кейде өзі айтып отырушы еді: «Партияға мансапқорлар өтеді, райкомның жас нұсқаушылары арнайы шақырғасын барсам, айтатын тапсырмасы түкке де тұрмайтын ақпарат, соны телефонмен де айта салуға болатын еді ғой. Жоқ, креслода отырып нұсқау бергенді жақсы көреді» деуші еді марқұм ағамыз. Соған қарап коммунистік қоғамның құрдымға кететінін білді ме деп, заманынан озық туған екен ғой деп өзімше топшылаймын.

Аман-сау, бар , Қазеке, Асеке, Әдеке, Қазалының үш бәйтерегі!

Cуретте: солдан оңға қарай Асылбек, Қазбек, Әділбек ойын және марапат кезінде.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

ҚР  Журналистер  Одағының  мүшесі

Қазалы  ауданы

Пікірлер:
  • Осы мақаланы жазған Бақытжан ағаға және осы газетке шығарған Нұржан Әбжанұлына үлкен алғыс білдіремін өзімнің және ағаларымның атынан!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: