Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жер учаскелері цифрландыруға көшеді

17.08.2021, 10:30 309

HALYQLINE.KZ Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жер қатынастары саласында атқарылған жұмыстарды саралау үшін облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Медет Усаиннің есебін тыңдады.

Басқарма басшысы өз кезегінде жер учаскелерін цифрландыру, кәсіпкерлік мақсатта жерлерді айналымға алу, жайылымдық жерлерді көбейту бағытында орындалған жұмыстарды тілге тиек етті.

Қазірде Қызылорда облысының Өңірлік геоақпараттық жүйесін құру бағытында Қызылорда қаласы мен оған іргелес кент, ауылдық округтерінің жер учаскелерін жердің цифрлық картасымен сәйкестендіру аясында түгендеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда аймақтың бірыңғай картографиясы әзірленді. Яғни https://orda.geoportal.kz мекенжайы бойынша тұрғындар қолжетімді ақпаратты ала алады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы облыс бойынша 60 мың гектар жерлерді қосымша ауыл шаруашылығы айналымына алу жоспарланды. Бүгінге күні жалпы көлемі 17,5 мың гектар болатын 54 жер учаскесі айналымға алынды, жыл соңына дейін қалған 42,5 мың гектар жерлерді табыстау арқылы жоспар орындалады деп күтілуде.

Мұнан бөлек, облыс бойынша тұрғындардың мал жаюына қажетті жайылымдар мәселесін шешу мақсатында арнайы жұмыс топтары құрылып, жайылымдық алқаптарға толық талдау жұмыстары жүргізілді. Жайылым жермен қамту мәселесін шешу мақсатында орман қоры жерлеріндегі елді мекен жайылымына қажетті көлемдерді орман қоры жерлері санатынан шығару жөнінде және қала, кенттерде ұсталатын мал басын шектеу жөнінде нормативтік-құқықтық актілер қабылдау туралы ұсыныстар берілді.

Медет Усаин кәсіпкерлік мақсатта жерлерді айналымға алу бағытындағы негізгі жұмыстар барысына да тоқталды. Бұл ретте жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша 20 аукцион өткізіліп, көлемі 78,2 гектар 215 жер учаскесі сауда-саттықпен табысталған. Сонымен бірге биыл жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтарға 1249 жер учаскесі табыстау жоспарланған, бүгінде оның 663 табысталды, ал ІІ жарты жылдықта 586 жер учаскесі табысталмақ. Сондай-ақ, жаңадан «Бәйтерек-2» тұрғын ауданынан 1200 учаске табыстау көзделген. Аталған жерлер ҚР Жер заңнамасына сәйкес инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілгеннен кейін кезектілікке сәйкес табысталатын болады.

Жерлерді зерттеу-іздестіру бағытында да кешенді жұмыс бар. Облыста 2018-2020 жылдары 2,3 млн гектар жерге топырақ зерттеу, балл бонитетін анықтау және 1,0 млн га жерге геоботаникалық зерттеулер жүргізілді.

Негізгі басымдықтарды бағдарлаған облыс әкімі басқарма басшысына тиісті жұмыстарды әрі қарай уақытылы және сапалы жүргізуді тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: