Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖЕЛТОҚСАН: Рух дауылы

25.01.2024, 10:00 237

Желтоқсан туралы Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясынан» бастап, газет-журнал беттеріндегі желтоқсан туралы жазылған мақалалар бейжай қалдырмайтын. Содан болар, 2022 жылы қолыма тиген Болат Шарахымбайдың  осы  кітабын  жыл  бойы  оқыдым.

Үш бөлімнен тұратын бұл кітап мені несімен қызықтырды? Мені қызықтырғаны: «ИМПЕРИЯНЫҢ КҮЙРЕУІ немесе мен қалай желтоқсаншы болдым?» тақырыбындағы бірінші бөлімде өзінің басынан өткен, көзімен көргенін баяндаған мақаласы мен үшінші бөлімдегі «БІЗ ҰЛТШЫЛДЫҚТАН ЕМЕС, ҰЛТСЫЗДЫҚТАН САҚТАНУЫМЫЗ КЕРЕК» атты Шермат Ералыға берген сұхбаты  еді.

…Ұзақ күттіріп барып Талғат та шықты-ау. Мен көргендей емес, жүзінде толқу ма, абыр­жу ма, бір көңілтолмастық байқалады. Ол келе: «Жігіттер, жоғарыда «ЧП» болып жатыр. Жаңа ғана радиодан хабарлады. ҚКП Орталық комитетінің кезектен тыс V пленумы өтіпті. Қонаевты  орнынан алып тастапы. Орны­на Ресей­дің Ульяновск облысынан Колбин деген біреуді тағайын­дапты» деді. Ойымызда ештеңе жоқ, жайбарақат тұрған бізге бұл хабар шынын­да төбемізден суық су құйып жібергендей әсер етті. Неге екенін, бәрінен бұрын Қонаевты алып тастағаны менің шымбайыма қатты батты. «Сұраушысы, іздеушісі жоқ адамдай мұншама қорлағаны қалай?» дедім ойымды ашық білдіріп. Мұнымен олар жалғыз Қонаевты қорлап отырған жоқ, бүкіл қазақты қорлап отыр. Мазақтап, келемежге айналдырып отыр. Әйтпесе оны орнынан алып тастаймын десе, басқа жолы құрып қалып па?!». Менен гөрі ересек, көргені, көкірекке түйгені көп екі досым басу айтып, әрең басалқаға келтірді. Байқаймын, маған басу айтып, барынша жайбарақат болып көрінгенімен, олардың да еңселері түсіп кеткен, іштей мүжіліп тұрған секілді. Кеуделерін керген ашу-ыза қарайып беттеріне шықты. Бірақ осының бәрін үнсіз ғана түсіністік. Ал, қазақ жастары ереуілге шығады, айтқанын екі етпей орындайтын империялық әлімжеттікке қыр көрсетеді деген ой әуел  баста  түсімізге  кірмеген…

Не керек, Горький атындағы Мәдениет және демалыс паркінен бір-ақ шықтық. Жұрт секілді біздің де мәдениетті дем алғымыз келген еді. Көзден тасалау, бір бұрыштағы мейрамханаға бас сұғып, жайлы жайғасып отыра бергеніміз сол еді, даяшы келіп «Кешіріңіздер, мейрамхана жұмыс  істемейді»  деп  мәлімдеді.

Сол  мезет бір топ даяшы қыз анадай жерде әлденелерді  күбірлесіп  тұрғаны  есімде. Біз жаққа бір түрлі жақтырмай, үркектеп қарайды. Көздерінде үрей бар. Үшеуміздің ойымызда ештеңе жоқ. Апыл-ғұпыл жиналдық та тысқа шығып, келесі мейрамханаға бас сұқтық. Ол жерде де жан баласы көзге түспеді. Сұрастырсақ, парктегі бірде-бір мейрамхана жұмыс істемейтін болып шықты. Барлығы бір мезгілде демалысқа кетіпті… Не істеу керек? Қалаға шығайық, бірдемесі болар дестік. Шыға берісте такси ұстап, Гоголь көшесімен зуылдап отырып Коммунистік проспектісі (қазіргі Абылайхан даңғылы – авт.) арқылы жоғары көтеріліп, Комсомол көшесіне (қазіргі Төле би – авт.) бұрыла бердік… Кенет жігіт ағасы жасындағы (ұлты ұйғыр шығар деп топшыладым) таксист: «Әңгімелеріңе қарап отырсам, бүгінгі оқиғадан мүлдем бейхабар сияқтысыңдар ғой…» деді қазақша тіл қатып. «Әңгіме Қонаевты алып тастағаны туралы болса, хабарымыз бар» деді Талғат неге екенін жақтырмай жауап қайырып. Қайт­сін намыстан өртеніп бара жатса… «Жоқ, ол жайлы әлдеқашан мәлім болды ғой. Әңгіме түк те ол жайлы емес. Орталықтың осы шешімімен келіспейтін адамдар Брежнев алаңына жиналып,  «Қонаевтың өзімен кездестіріңдер» деп талап қойып жатыр. Қазір елдің бәрі сонда жүр» деді таксит. Іздегенге сұраған, біздің де күткеніміз осы еді. «Ендеше тартыңыз алаңға!.. Біз де  халық­пен  бірге  болайық, өз  көзімізбен  көрейік»  дедік.

Алаңға келсек, 3000-4000-дай адам жина­лып, толқу басталып кетіпті. Көпшілігі – өрімдей жастар. Бір бойшаң жігіт Үкімет мүшелері тұратын трибунаға шығып алып: «Қазақстанды қазақ басқарсын», «Не болмаса қазақстандық орыс басқарсын», «Біз Орталықтың отаршылдық саясатына қарсымыз», «Біз Пленумның шешімімен келіспейміз!» деп ұрандатып жатты. Бұл ұрандар сол уақыт үшін өте қорқынышты және қаһарлы болатын. Мұндай тегеу­рін мен көзсіз ерлікті күтпеген мен ә дегенде аздап жүрексініп қалдым. Бірақ, ол бір сәттік қана босаңсу еді. Біраздасын ереуілшілердің қақ орта­сында айқай-сүрен салып, бұрқ-сарқ қайнап жүрдім. Әншейінде кездесе бермейтін таныстарымды да осы жерден жолықтырдым… Көкіректері толған рух, көздерінде от. Алған беттерінен қайтпауға бекінген сияқты. Бәрінің аузында жалғыз сөз: ертең бейбіт шеруге шығайық, пленум­ның шешімі әділетсіз екенін түсіндірейік, наразы екенімізді білдірейік. Бәлкім біздің пікірімізге құлақ асатын шығар… Айтып-­айтпай не керек, ертеңіне Брежнев алаңына жиналатын  болып  уағдаласып  тарас­тық.

…Біз Мир көшесі жақтан келіп қосылдық. Алаң айбар шақырған халықтан теңселіп тұрды. Бұрынғы Брежнев (қазіргі Республика – авт.) алаңы бұрын-соңды дәл бүйтіп аузы-мұрнына шығып халыққа толып көрмеген шығар. Шерушілер­дің ара-арасында таныс адамдар да көзге шалынып қалады. Бір кезде қасымнан өтіп бара жатқан бір бейтаныс жігіт: «Ой, ана қараң­дар, тамаша келіпті» деді таң қалғанын жасыра алмай. Жігіт көрсеткен жаққа жалт қарасақ, сізге өтірік, маған шын, субұрқаққа таяу биік мәрмәр тастың үстінде, қол созым жерде «Тамашаның» тарландары қаз қатар тізіліп тұр екен. Ең бірінші сорайып Тұңғышбай Жаманқұлов пен Уайыс Сұлтанғазин көзге түсті. Қастарында аты мәшһүр режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, әртістер Құдайберген Сұлтанбаев пен Тоқсын Құлыбеков тұр. Алаң сапырылы­сып жатты. Ақиқатына жүгінсек, шеру бейбіт жолмен өтетін шығар деп топшылағанбыз.  Қайдағы?!.

Естігенімді емес, көргенімді баяндайын деп жазған автор сөзінен көп жайтты аңғаруға бола­ды.

…Есімді жол үстінде жидым… Кенет түкпірден бір қыздың жылаған жалынышты дауысы есітіледі: «Ағатайлар, менің ешқандай жазығым жоқ. Мені көшеден ұстап алды ғой… Әке-шешеме не бетімді айтамын енді?! Ағатайлар, сіздерден  жалынып  сұраймын, мені қоя беріңіздерші!..». Бұрылып қарап едім шашы алба-жұлба бір қызды көрдім. Бет-аузы күп болып ісіп кетіпті. Қайран, қайсар жүрек қарындасым! Не болып кеткенсің!.. «Жарым түнде қайда бара­йын деп едің?..  Оны бағана алаңға келе жатқанда ойлан­уың  керек еді… Енді келіп жылай­сың. Біз не?.. Біз бұйрықты орындаушы ғанамыз…». Жігіт ағасы жасындағы милиционердің дауысы күмілжіп шықты. Кәдімгідей қабырғасы қайысып тұрғаны байқалады. Сосын аздаған үнсіздіктен соң: «Жарайды, қызым, жаныңа ана бір қыз­ды қосып берейік, осы арадан түсіп қал! Бірақ бұл туралы жан баласына тіс жарушы болмаңдар, жарай ма?» деді. Көлікті жол жиегіне  тоқтатып, сол арадан екі қыз­ды түсіріп кетті. Түн жарымда орта жолда қалған осынау қос қара­көздің де кейінгі тағдыры да  маған белгісіз. Қайда  екен?.. Не істеп жүр екен?.. Байқауымша милиционерлердің  үстін­дегі  формасы  болмаса бізге бүйрегі бұратын секілді. Иманжүзді көрінді. Неде болса жағдайымды айтып түсіндіріп көрейін деп шештім. Обалы не, әлгілер ағайын-туыс­тық, бауырмалдық қасиетінен айырылмапты. Іші-бауыры елжіреп тұрмаса да мені жақсы түсінді. Тек: «Мына «ДТ» басқан түріңмен қайда барасың? Он қадам жасамай ұсталасың ғой… Қалтаңда такси ұстауға тиын-тебенің де жоқ шығар, жағдайыңды түсінер кім бар қазір?» деп күрсінді. Мен: «Не болса да өзімнен көремін. Жіберсеңіздер болды» дедім өжеттеніп. Ойларына не түскенін қайдам, әлгілер сәл үнсіз отырды да, бір бұрылысқа келгенде автобусты жедел тоқтатып, мені түсіріп жіберді. Түсерде «Болған оқиғаны тісіңнен шығарушы болма!» деп ескертіп үлгерді. Мен үндегем жоқ. Өйткені біз үнсіз түсініскеннің ғұмыры ұзаққа созылатынын сол  сәтте  мойындаған  едік…

Бұл жолдар – кітаптың 4-9-шы, 15-17-беттерінен үзінді. «Желтоқсанның» ызғарлы күндері туралы әңгіме естісем кейбіреулердің оны «ұйымдастырған Қонаев, немесе «ұзын қара плащты»  жігіттер студент жатақханаларын аралап үгіттепті» деген қаңқу сөздердің құлақты шулатқаны, кейбіреулер «Кеңес Үкіметін құлатуға әрекет жасаған топтардың ұйым­дастыруымен болған әрекет» десе, Мәскеудің жапқан жаласынан Мұхтар Шахановтың  арашалауымен  құтылғанымыз  баршаға аян.

Мен сол кездің өзінде Желтоқсанды Горбачев­тың «жылымығына» сенген, бірақ кездейсоқтыққа жатпайтын жастардың бойын­дағы игерілмеген алапат дауылдағы ескексіз қайықтың  әрекеті  деп  ойлайтынмын.

Жоғарыдағы үзінділерді не үшін алып отыр­мын. Автор менің ойымды жаңғыртқан сияқты. Осы үзінділерді зер салып оқысаңыз, өзіңіз де көз жеткізесіз. 16 желтоқсан Горбачевтың «жылымығына» сенген жастардың бойындағы кездейсоқтыққа жатпайтын, игерілмеген алапат дауылдағы ескексіз қайықтың әрекетін көз  алдыңа  әкелмей  ме?!

«…Көкіректері толған рух, көздерінде от. Алған беттерінен қайтпауға бекінген сияқты. Бәрінің аузында жалғыз сөз: ертең бейбіт шеру­ге шығайық, пленумның шешімі әділетсіз екенін түсіндірейік, наразы екенімізді білдірейік. Бәлкім біздің пікірімізге құлақ асатын шығар… Айтып-­айтпай не керек, ертеңіне Брежнев алаңына жинала­тын  болып  уағдаласып  тарас­тық».

Одан кейінгі күндері автордың сурет­теуі бойынша жастар сенген биліктің әрекеті «ескексіз қайықтың» жанталасып қармануына мәжбүр еткеніне көзің жетеді. Қарусыз, бейбіт шеруге жасалған озбырлық әрекеттер жан түршіктірсе, бір-жар болса да туыстық, бауыр­малдық қасиетінен айырылмаған жандар бар екенін  де дәтке  қуат  етеді.

Ал әлгі «жылымықтың» әсерінен болар бас көтерген жастардың арасынан «Тамашаның» тарландарының да бой көрсетуі. Бұрынғы желтоқсан туралы жазбалардан олар туралы оқыған жоқ едім. Автордың ештеңені жасырмай, әсерлеп асырмай көргендерін, басынан өткізіп, жанымен сезгендерін ғана жазғанына сенесіз…

Оқи отырып «Алаң айбар шақырған халықтан теңселіп тұрды. Бұрынғы Брежнев (қазіргі Республика – авт.) алаңы бұрын-соңды дәл  бүйтіп аузы-мұрнынан шығып халыққа толып көрмеген шығар» деген сөзімен, қару­сыз сол жандардан соншама үркіп, қарулы жасақ­пен жасқамақ болған империялық биліктің әрекеті империяның шаңырағы шайқала, іргесі сөгіле бастағанының дәлелі екенін білдіре отырып, тынық күнгі тыныш айдынға бет алған ескексіз, жайбарақат қайықтағы жандардың ар-намысына ши жүгіртіп, алапат дауылға, рух дауылына өздері салғанын түсіне ме екен. Оған автордың мына сөзі куә. «Ал, қазақ жастары ереуілге шығады, айтқанын екі етпей орындайтын империялық әлімжеттікке қыр көрсетеді деген ой әуел баста түсімізге кірмеген…»!

Автор «Қазір кейбіреулер айтып жүргендей Алматы желтоқсаны жай толқу, қыр көрсету, қақтығысу, ығыстыру емес, басынан бақайшағына дейін қаруланған нағыз жазалау­шы жендеттер­ге айбар көрсетіп, қарсы тұрған қаһармандық күрес болды» дей отырып, «Иә, мен – империя күйреуінің куәгерімін. Империяның күйрегенін өз көзіммен көрдім, құрдымға кетер алдындағы соңғы жанталасын өз денемнен  өткіздім»  десе, үшінші бөлімде соны нақтылай  түседі.

«БІЗ  ҰЛТШЫЛДЫҚТАН  ЕМЕС, ҰЛТСЫЗДЫҚТАН   САҚТАНУЫМЫЗ КЕРЕК»

(Автордың Желтоқсан көтерілісіне 25 жыл толуына орай Шермат Ералыға берген сұх­батынан).

Тәуелсіздік сөз болғанда Желтоқсан көтерілісін тілге тиек етпеу мүмкін емес. Себебі, 1991 жылы қолымыз жеткен Тәуелсіздіктің бастауына 1986 жылғы Алматыда тұтанып, бүкіл елімізді шарпыған Желтоқсан ұлт-азат­тық көтерілісі тұр. Биыл сол ұлт-азаттық көтерілісі­не 25 жыл толып отыр. Осы ширек ғасыр ішінде Желтоқсан жайында не айтылып, не жазылмады. Қандай жала жабылмады дейсіз?! Бірақ, Желтоқсанның шындығы әлі түбегей­лі ашылған жоқ. Шамада жуық арада ашылмайтын да болу керек. Бұлай деуіміздің себеп-салдары көп. Ал, бүгінгі күнге дейін айтылған, жазылған әңгімелердің барлығы да болашақта шын бет-пердесі ашылатын шындықтың бір парасы ғана. Міне, желтоқсаншы деген атқа лайық қаһарман куәгердің біреуі – Болат ШАРАХЫМБАЙ. Өзі ер мінезді ақын, әдебиетші, елін сүйетін азаматпен сол бір қанды қақтығыс өткен Алаңда, тұп-тура Тәуелсіз­дік  монументінің  алдында  жолықтық

Жастар  алаңға  интернационалист  болып кіріп,  ұлтшыл  болып  шықты

– Болат аға, Сізді 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің бел ортасында жүрген қаһарман ретінде жақсы білеміз. Сонда алаңға не үшін шықтыңыз?  Белгілі  бір  мақсатыңыз болды  ма?

– Осы кездесуге келерде не айтсам екен деп көп ойландым. Біріншіден, Желтоқсан қасіретін еске түсіру – оны көзімен көрген кім-кімге де оңай емес, жүрекке ауыр салмақ. Екіншіден, желтоқсанның 16, 17, 18-і күндері алаңда, одан тыс жерде болған оқиғалар туралы айтылатын нәрсенің бәрі айтылып қойған сияқты. Оның үстіне сол бір қанды оқиғаға қатысса да, қатыспаса да, білсе де, білмесе де ерсініп, батырсынып сөйлейтін даңғойлар көбейіп кетті. Сондықтан да бүгінгі әңгіме менің Желтоқсанда алаңға не үшін шыққаным, қандай ерлік жасағаным жайында емес, оның шығу себептері мен кейінгі сабақтары туралы өрбісе жөн болар еді. Осыған  қалай  қарайсың?

– Дегеніңіз  болсын!

– Әйтсе де «айтылған сөз – атылған оқ» деп санайтын  қазақпыз  ғой,  қойған сұрағыңа жауап бермесем жалтарды дерсің. Осы күні «нағыз ұлтшыл мен едім», «қазақты отаршыларға қарсы көтермек болдым», «алаңға ұрандатып шыққандардың алдыңғы шебінде жүрдім», «Желтоқсанды ұйымдастырушылардың бірі болдым», «өйттім, бүйттім» дейтіндер көптеп төбе көрсетіп кетті ғой. Шынымды айтсам, осылардың бірде-біреуінің сөзіне көңілім құламады. Өзімді зорлап көндірмек болсам да, қу көңіл сенбейді. Егер бұлай жалғаса берсе, Желтоқсан ақиқатының ашылмауына мүдделі адамдар мен топтар оны өз пайдасына икемдеп, «Желтоқсан көте­рілісі болған емес, ол ойдан шығарылған аңыз» деп бұра тартпасына кім кепіл?! Меніңше, оқиға стихиялы түрде басталды. Алдымен жастар толқыды. Өзара тербеліске түсті. Пікірлерімен алмасты. Әралуан пікірлердің толқыны ақырында осы алаңда тоғысты. Оған биліктің де тоғышарлығы мен ескі стереотиптік көзқарасы себеп болды. Бұл өз кезегінде жастардың ашу-ыза­сын тудырды, ол бірте-бірте іште толып, арнасына сыймаған соң ақыр аяғында бомба  болып  жарылып тынды. Міне, «интернационализм» деген ойдан шығарылған тәрбиенің илеуіне әбден  шырмалған  жастардың  бойында  ұлтшылдық сезімі осы сәтте кенеттен оянды. Мәселен, өзімді алайын. Қазақстан ОК-ның V пленумында айналдырған 18 минуттың ішінде қадірлі Қо­наев ақсақалды қызметінен алып, орнына Колбин атты орыс мұжығын сайлапты деген хабарды таңертең досымның аузынан естідім. Іштегі ыза бұрқ ете түсті. Тіпті өзімді ұстай алмай, әлдекімдерді дауыстап сыбап та алдым. Бірақ алаңға шығып, Орталықтың орынсыз шешіміне қарсылық білдіремін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Енді ойлаңыз, оқиға орнына кездейсоқ тап болған «бейшара» студентте қандай көздеген мақсат болуы мүмкін?!.. Кейін де қаншама «қандыкөйлек» достарыммен, желтоқсандықтармен сөйлестім, бәрі де алаңға жай қызықтау үшін кездейсоқ тап болғанын айтты. Тек көпшілікпен бірге болғысы келген, бітті. Алаңға шыққан жастардың бірде-біреуі ұлтшылдық пиғылмен, орыстарға қарсы ұранмен келмегенін осыдан-ақ көруге болады. Алайда, билік бейбіт шеруді «ұлтшыл элементтер» деп көрсетіп, демонстранттардың  өңін айнал­дырып  жіберді…

– Сонда алаңға шыққан жастарда алғашқы сәттерде ешқандай ұлтшыл пиғыл болған жоқ еді  дейсіз  ғой …

– Иә, Бірақ алаңдағы жағдай жастарды шын мәнінде ұлтшыл етіп шығарды. Басқаша айтқанда, қазақ жастары алаңға қатардағы интернационалист болып кіріп, ұлтшыл болып шықты.

Оларды ұлтшылдыққа душар еткен сол кездегі системаның өзі. Әкімшіл, әміршіл жүйе. Мәскеу­дің менмендігі. Кремльдің кеудемсоқтығы. Олар бейбіт шерушілерді аямады, басына күрекпен ұрды, аяқпен тепті, қыздарды шашынан алып сүйреді, зорлады, итке талатты, шалажансар күйде айдалаға апарып тастады, адам екен деме­ді. «Қазақ деген халықты жер бетінен жою керек» деген сөзді де есіттік. Осындай жауыз­дықты өз көзімен көрген, өзі соның зардабын тартқан жастар қалай ұлтшыл болмайды, айтыңыз­шы?! Ол-ол ма, «ұлтшыл экстремис­тер», «бұзақылар», «маскүнемдер», «нашақорлар» деп жәдігөйлікпен жала жапты, қорлады, намысқа тиді. Естімеген сөз, жемеген таяқ қалмады. Осындай бұрын-соңды адам құлағы естімеген қорлық-зорлықтан кейін қазақтың ұлтшыл болмауға қақысы да жоқ еді. Қызыңды қыз демей, ұлыңды ұл демей аямай күрекпен ұрып, жала жауып, нақақтан қорлап, соттап жатса, қалайша жайбарақат қалуға болады?! Ол  мүмкін  емес  қой.

– Міне, сол алаң, қазақ жастарының ерлігі мен өрлігіне куә болған алаң. Айтыңызшы, дәл осы  сәтте  есіңізге  не  түсіп  отыр?

– Өзің көріп тұрсың, алаң ат шаптырым жерді алып жатыр. Ол кезде алаң Брежнев атында болатын. Тәуелсіздік монументі атымен жоқ еді. Алаң толған халық, теңіздей толқиды. Қазақты мұншама алапат күш деп кім ойлаған?!. – (кітаптың 334-337-беттерінен) дей келіп, мінбеге шығып сөйлеген З.Камаладинов, С.Нұрмағамбетов, Н.Назарбаевтардың сөйлеген сөзінің еш әсері болмағанын, жоғары шенді әскери адам шығып халықты қорқыта бастағанын, ол аузын жауып үлгіргенше қалқанмен, шоқпармен қаруланған, бастарына каска киген, беттері бүркеулі жазалаушылардың әрекетін суреттеуін оқысаң, жаның түршігеді.

З.Камаладинов, С.Нұрмағамбетов, Н.Назарбаевтар  және де басқа  сол сәтте Колбинге  жақын  жүрген азаматтар  жастарға  «жаны ашығансып» (солай демеске лажың жоқ) сөз сөйлегенше, сол жастардың бірінші тілегі Қонаев­ты  жиналған халықтың алдына шығаруға Колбинге сөздерін өткізіп, әрекет жасамады  ма  екен  деген ойға еріксіз келесің.

Қонаевтың естелігінен Колбиннің «алаңға шығасың» деп алдырып, кабинетінің алдына үш сағат отырғызып қойғанын сол кісілер көрмеді, білмеді дейсің бе?!. Кім біледі?!., Қонев халықтың алдына шыққанда мұндай қырғын болмас па еді…

Кітаптың әр бөлімін оқыған сайын осындай ойлар ой санаңда жаңғырығып жатады.

Бірінші «Үстемдік пен үрей» бөліміндегі «ҚАРАҢҒЫ БӨЛМЕДЕГІ ҚАРА МЫСЫҚ НЕМЕСЕ ӨЗ ХАЛҚЫНА ТАС АТУШЫЛАРДЫҢ САНЫ ҚАЛАЙ КӨБЕЙДІ?! Жаряланбаған мақаланың жайы», «Бесеудің соты, отыз жыл өткен соң», «Ерлікті бағалай білейік», «Желтоқсан құрбандарын толық ақтау – асыл парыз», «Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл: не өзгерді?».

Екінші «Қайсарлық пен қаһармандық» бөліміндегі «Желтоқсанның жан жарасы», «Жиырма бес жылға кешіккен жаңғырық», «Алтынай  апаның  аманаты»…

Үшінші «Ұлтшылдық пен Ұлтсыздық» бөліміндегі «Біз ұлтшылдықтан емес, ұлтсыз­дықтан сақтануымыз керек», «Ұлтшылдық жоқ жерде, ұлт та жоқ», «Жабық тақырып енді ашыла ма?», «Арылу, тазалану, кешірім сұрау уақыты келді», «Желтоқсан – билікке таласқан саясат серкелерінің интригасы» тақырыптарымен жарияланған мақалалар кітаптың мазмұндылығы мен маңыздылығын арттырып тұр.

Соңғы үш-төрт жылдықта Желтоқсан көтері­лісін жай оқиға есебінде көрсетіп, жеткілікті мән бергізбей, тіптен мектептерде өтетін тәрбие сағаттарынан алдырып тастау әрекеттері белең ала бастағанда «ЖЕЛТОҚСАН: Рух дауылы» дер кезінде оқырмандар қолы­на  тиген  дүние  дер  едім.

Мен  осы кезге дейін ойымда жүрген сұраққа жауап алдым деп есептеймін. Көңіл қойып оқыған әр оқырман ЖЕЛТОҚСАННЫҢ шынында РУХ ДАУЫЛЫ екеніне шүбә келтірмейді  деп  білемін.

Құдайберген  ЕСЕКЕЙ,

ҚР  Журналистер  одағының  мүшесі.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: